Қанат Ислам қарсыласы Хуан де Анхельді жеңді

Фотография - Қанат Ислам қарсыласы Хуан де Анхельді жеңді

Жекпе-жек 12 раундқа жетпей аяқталды.

317 0

Бүгін бірінші орта салмақта бақ сынайтын қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам шаршы алаңдағы кезекті жеңісіне қол жеткізді. АҚШ-тың Лейкленд қаласында өткен бокс кешінде ол колумбиялық Хуан Де Анхельмен кездесіп, 6-раундта қарсыласынан техникалық нокаутпен басым түсті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.

Жекпе-жектің алғашқы секундтарынан бастап алға ұмтылған отандасымыз бірінші раундтың өзінде бірнеше жойқын соққы жұмсап үлгерді. Дегенмен, қарсыласы Қанаттың шабуылына лайықты тойтарыс беріп, өзі де қарымта шабуылға шығуды ұмытқан жоқ. Екінші раундта да жерлесіміз бірінші нөмірмен жұдырықтасса, Хуан Де Анхель көбіне қорғануға мәжбүр болды.

Үшінші раундта Қанат қарқынын сәл бәсеңдеткенімен, жұмсаған соққылары діттеген жеріне дөп тиіп жатты. Келесі кезеңде жаттықтырушысының сөзіне құлақ асқан біздің боксшы тағы да екпінін баяулатты. Алайда, раунд соңында шабуылын күшейткен ол Де Анхельді соққының астына алды. Колумбиялықтың бағына орай дәл сол мезетте раунд аяқталып, ол нокдауннан аман қалды.

Келесі бесінші раунд та алдыңғыларындай қазақстандықтың басымдығымен өтті. Уақыт өткен сайын қарқынын күшейткен Қанаттың соққыларынан есеңгіреген колумбиялық үшін екі аяққа тұрудың өзі мұңға айналды. Әйтсе де, бұл жолы да оны раундтың аяқталғанын білдіретін гонг құтқарып қалды.

Ал алтыншы раундта Де Анхельдің күші сарқылып, нокдаунға түсті. Алайда, жекпе-жекті жалғастыруға мүмкіндік тапқанымен, есін толық жинап үлгермеген колумбиялықтың одан әріге шамасы жетпеді. Нәтижесінде төреші жекпе-жекті тоқтатып, Қанат Исламның жеңіске жеткенін хабарлады.

Осылайша, жерлесіміз кәсіпқой рингтегі 21-жеңісіне қол жеткізіп отыр. Бұған дейін 21 жекпе-жек өткізген Қанаттың соның 18-інде мерзімінен бұрын жеңіске жеткенін атап өткен жөн.

Тағы бір назар аударар жайт, Ислам мен Де Анхель кездесуі 10 раундқа жоспарланған болатын.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!