Сметов пен Галбадрах үздік бестікке енді

Фотография - Сметов пен Галбадрах үздік бестікке енді

Елдос Сметов 2003 ұпаймен — үшінші, Рустам Ибраев 1594 ұпаймен — жетінші сатыдан орын алыпты.

612 0

Халықаралық Дзюдо федерациясы 1 мамыр күні рейтингін жаңартты. Жаңа рейтинг бойынша қазақстандық дзюдошылар Елдос Сметов үшінші, Рустам Ибраев жетінші, Максим Раков он екінші орынға тұрақтаған.

Берікбол ТӨЛЕГЕН

Дзюдода спортшылар соңғы жарыстар біткеннен кейін ғана олимпиада жолдамасына иелік етеді. Қазақстандық дзюдошылар Олимпиадаға дейін 6-8 мамыр аралығында Бакуде өтетін Гранд Слам турнирі мен 13-15 мамырда Алматыда өтетін Гран-при турниріне қатысады. Осы екі жарыстан кейін Халықаралық дзюдо федерациясы Олимпиадаға қатысатын спортшылардың есімін ресми жариялайды.

  • 60 кг

Бұл еліміз үшін өте табысты салмақ. Рейтинг бойынша ондыққа енген екі балуанымыз да осы салмақта өнер көрсетеді. Елдос Сметов 2003 ұпаймен — үшінші, Рустам Ибраев 1594 ұпаймен — жетінші сатыдан орын алыпты. Екі отандасымыздың арасын 409 ұпай бөліп тұр. "Ибраевтің қуып жетуі мүмкін бе?" деген сұраққа жауап беретін болсақ, мамыр айында 500 және 300 ұпай сарапқа салынатын екі жарыс өтеді. Бірақ Бакудегі "Үлкен дулыға" жарысына  ұлттық құрама бапкерлері 60 келіде ешкімді қатыстырмайтындығын мәлімдеді. Егер шынында да бұл турнирге Ибраев қатыспаса, Олимпиададаға қатысу мүмкіншілігінен толықтай айырылады. Рустам Ибраев Алматыда топ жарғанымен Елдос Сметовпен арадағы ұпай алшақтығын қысқарта алмайды.

  • 66 кг

66 келіде белдесетін Жансай Смағұлов пен Елдос Жұмақановтың арасын 128 ұпай бөліп тұр. Смағұлов 22, Жұмақанов 30-орында. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқановтың мүмкіндігі өте аз. 53-орын. Бакуге бұл салмақта Елдос Жұмақанов пен Азамат Мұқанов барады. Бакуде жүлдеге іліккен балуанымыз Олимпиада жолдамасына жақындай түседі. Салыстырмалы түрде Жұмақановтың мүмкіншілігі жоғары.

  • 73 кг

Осы жылға дейін 73 келіде  ұлттық құрамада көшбасшы Дастан Ықыбаев болатын. Ташкентте өткен Азия чемпионатында күміс жүлде алған 19 жастағы Дидар Хамза өзінің рейтингтегі орнын Ықыбаевтан 5 сатыға жоғарылатты. Оның ересектерге қосылғанына көп болмағандығын ескерсек, рейтингте әлі жоғарылауы мүмкін. Ұлттық құрама Бакуге Дастан Ықыбаев пен Дидар Хамзаны қатар қойыпты. Соңғы рет Ташкенте өткен Азия чемпионатының жартылай финалында Хамза Ықыбаевты жеңіп, финалға шыққан.

  • 81 кг

81 келіде Әзиз Қалқаманұлы 568 ұпаймен 39-орында. Қалқаманұлының қарқынына көңіл толмайды. Ташкентте қола медаль алған балуанымыз 6-8 мамырда өтетін "Үлкен дулыға" турниріне қатысады. Қалқаманұлымен қатар Дәулетхан Жақыпов та Бакуде күреседі. Жақыповтың еншісінде 152 ұпай бар.

  • 90 кг

"Бұл салмақта Олимпиадаға ешкім бармайды" деп кесіп айтуға болмайды. Ислам Бозбаевті спорттан шеттеткеннен кейін, бапкерлер құрамы Есен Саматқа сенім артуда. Бакуде Есен Самат күреседі. 21 жастағы спортшымыздың еншісінде 244 ұпай бар. Алдағы екі турнирде 300 ұпайдың көлемінде жинайтын болса, Олимпиада жолдамасына иелік етуі мүмкін. Егер дәл қазіргі жағдай сақталар болса, Олимпиадаға 90 келі салмақта ешбір қазақстандық дзюдошы бара алмайды.

  • 100 кг

100 келіде олимпиадаға Максим Раков барады. "Жүлде әкеледі" деп үміттенетін спортшымыздың бірі — Раков! Ол әлемдік рейтингте 12-орында. "Бейжіңде күміс алған Асхат Жеткеевтің салмағы Рио олимпиадасында да құт әкелсе" деп үміттенеді жанкүйерлер қауымы.

100 + кг

100 келіден жоғары салмақта қазақстандық  Ержан Шынкеев 415 ұпаймен 42-орында тұр. Шынкеевті бапкерлер құрамы Бакуге де қойыпты. Демек, Олимпиада жолдамасына ілігуге жеткілікті ұпай жинауы үшін Ержан Шынкеевті екі турнирге де күрестіретін болады. Олимпиада жолдамасы үшін Шынкеевке Гранд Слам турнирінің жартылай финалында белдесуі жеткілікті болмақ.

 Әйелдер құрамасы

Әйелдер құрамасында 48 келіде белдесетін Галбадрах Отгонцэцэг рейтингте үшінші орында. Ол еліміздің дзюдо тарихындағы ең табысты әйел дзюдошы. Отгонцецег 2016 жылы 22 рет татамиге шығып, оның 20 белдесуінде жеңіске жеткен және 2016 жылы қатысқан 5 жарысында да жүлдеге іліккен. Тағы бір айта кетерлігі, рейтингте бірінші тұрған моңғол қызы Манхва  Уранцецегті үш рет жеңген. Демек Галбадрах Отгонцэцег Қазақстан құрамасына алтын алып келуі мүмкін бірден бір спортшы деп айтуымызға болады. Отгонцэцэг Олимпиададан жүлде алған тұңғыш қазақстандық дзюдошы қыз болуы ықтимал.

63 кг белдесетін Мариан Ордабаева да Риоға барады. Ордабаеваның еншісінде 709 ұпай бар. Жалпы есепте 22-орында. Мариан Ордабаева Ташкентте өткен Азия чемпионатында алтын алған болатын.

Әйелдер құрамасының басқа мүшелері жолдамадан алыс. Амангелдиева Альбина (78кг) мен Умиралиева Дилбар (70 кг) елуліктің төңірегінде. Бапкерлер құрамы Бакуде өтетін Гранд слам турниріне жалғыз Галбадрах Отгенцэцэгті ғана қойыпты.

Қазақстандық дзюдошыларымыздың ерлер құрамасы Олимпиада ойындарында Асхат Жеткеевтің күмісінен басқа жүлде алмаған.  2012 жылы Лондон олимпиадасына ерлер құрамасы толық құраммен (7 жолдама) барса, әйелдер құрамасы 2 жолдамаға иелік етті.

alaman.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!