Еуро-2016: Немістер Словактарды ойсырата жеңді

Фотография - Еуро-2016: Немістер Словактарды ойсырата жеңді

Есеп – 3:0.

333 0

1/8 финалда бір команданың екіншісінен анағұрлым басым болғанын осы матчта көрдік. Германия құрамасы Словакияны 3:0 есебімен еркін ұтты.

Матч Жером Боатенгтің тамаша голымен ашылды. 8-минутта қорғаушылардан серпілген допты Боатенг тоқтатпастан қатты тепті. Айып алаңының сыртынан, 25-26 метр жерден бағытталған бұл соққыға қос қорғаушының қайшыласқан аяғы да, қақпашы Козачиктің жандәрмен секірісі де тосқауыл болып жарытпады. Жығылған үстіне жұдырық - 13 минутта Словакия қақпасына пенальти белгіленді. Месут Өзилдің оң жақ бұрышқа тепкен добын Козачик мысықша секіріп алып шықты. Жалпы, словактардың сапында осы кезеңге лайық өнер көрсеткен бір футболшы кім десеңіз, осы Матуш! Ол шеберлік танытпаса, бүгін таблодағы есеп 1/8 финалға мүлде лайық болмас еді. Ал Германия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Еурода пенальти енгізе алмапты. Сөйтіп, бұл рекордқа Өзил нүкте қойды.

Дегенмен, "жолымыз болмады-ау" деп салы суға кеткен алмандарды көрмедік. Қарсыластың "мұрнынан қан кеткенін" сезінген "неміс машинасы" бар қуатын іске қосты. Бұған дейін оны тәртіптің, жүйенің машинасы десек, енді гол машинасы деуімізге тура келеді. І таймның соңында Юлиан Дракслер Юрай Куцканы бес жасар баладай алдап өтіп, Марио Гоместің аяғына доп салып берді – 2:0.


ІІ таймда немістер одан әрі күшейді. Дракслер 63 минутта өз еңбегінің өтеуін көрді, айналдыра соғып, жақын бұрышты солқ еткізді – 3:0. Содан кейін кенет тамырына қан жүгіріп, алға атойлап кеткен словактарды және көрмедік. Осы 3 голдың өзі оларға ең абыройлы жеңіліс сияқты, олар енді алға жүгірудi де қойды. Іші пысқан Мануель Нойер алаңның ортасына дейін келіп, соңғы қорғаушы сияқты доп қабылдап, алға асырып жатты. Козачик тордағы арыстандай бұлқынып, Өзилдің, Дракслердің, Подольскидің, Хөведестің шабуылдарын қайтарып шаршады.

Топтық турнирде бір ғана матчта солғын ойнаған немістер турнир фавориті деген атағының бекер емесін осы ойында еркін дәлелдеді. Енді Германия құрамасы ширек финалда Италия – Испания матчының жеңімпазымен кездеседі.

Германия – Словакия – 3:0 (Боатенг, 8, Гомес, 43, Дракслер, 63).

bnews.kz




Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!