Португалия 12 жылдан соң Еуропа чемпионатының финалына шығып отыр

Фотография - Португалия 12 жылдан соң Еуропа чемпионатының финалына шығып отыр

Уэльспен болған ойын 2:0 есебімен аяқталды.

520 0

Еуропа чемпионатының финалына бірінші болып Португалия құрамасы шықты. Жартылай финалда бұл құрама Уэльсті 2:0 есебімен ұтты.
Осы кезеңге дейін Фернанду Сантуш жаттықтыратын команда негізгі уақытта ешбір қарсыласын жеңе алмай жеткен еді. Тіпті топтық турнирде 3 кездесуді де тең аяқтап, соққан голдарының көптігінен ғана плей-офф есігінен сығалаған болатын. Сондықтан жартылай финалда жанкүйерлер "жер тістеген" Португалияға емес, топта Ресей мен Словакияның, плей-оффта Солтүстік Ирландия мен Бельгияның "төрт аяғын көктен келтірген" Уэльске көбірек бүйрек бұрған-ды. Дегенмен көңілдің түкпірінде бәрібір Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы негізгі фаворит екені мойындалып тұрды. Өйткені, бұл команда соңғы жылдары ірі халықаралық жарыстардың финалдық кезеңінен тыс қалып көрген жоқ. 2012 жылғы құрлық додасының жартылай финалына жетті. Ал Уэльс өз тарихында тұңғыш рет Еурода өнер көрсетіп, бірден ½ финалға жету арқылы сенсацияның "көкесін көрсеткен" болатын.
Бәрін ойын шешті. Алғашқы таймда қос құрама ұзақ уақыт аңдысты. Португалия сапында орталық қорғаушы Пепе ойынға қатыса алмады, дегенмен оның орнын Бруну Алвеш жоқтатқан жоқ. Португалияның қорғанысы өте жинақы қимылдады. Керісінше, негізгі плеймейкері Аарон Ремзидің жоқтығы Уэльс құрамасының ойынынан қатты байқалды. Екі құрама да барын артына сақтағандай, бірінші кезеңде картасын көп аша қоймады.
Есесіне, екінші таймның алғашқы он минутында Португалия алаңда дауыл тұрғызды. 50 минутта Криштиану Роналду бұрыштан көтерілген допты өте биік секіріп соғып, есеп ашты. Арада 3 минут өтер-өтпестен оның оң жақтан берген пасына Нани айып алаңының қақ ортасында аяғын дәл төсеп, есепті 2:0-ге жеткізді. Бұдан кейін Уэльс қанша тырысса да қарымта доп соға алмады. Қайта Роналду бірнеше мүмкіндікті уысынан шығарып алды. Сөйтіп, Португалия финалға өте сенімді ойынмен шықты. Енді жанкүйерлердің ешқайсысы бұл құраманы финалға лайық емес дей алмаса керек.
Португалияның финалдағы қарсыласы ертеңгі Германия – Франция матчында анықталады.
Португалия – Уэльс – 2:0 (Криштиану Роналду, 50, Нани, 53)




Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!