Жүзге жуық астаналық байдаркамен және каноэмен есу спортымен айналысады

Фотография - Жүзге жуық астаналық байдаркамен және каноэмен есу спортымен айналысады

Аталған спорт түрі елордада 2000 жылдан бері дамып келеді.

175 0

Астаналықтар байдаркамен және каноэмен есу спортына асқан қызығушылық танытуда. Бүгінде жүзге жуық жас спортшы №4 Балалар жасөспірімдер спорт мектебінде білім алып жүр. Ескек есушілер жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, құрама команда деңгейінде өнер көрсеткенде Астана қаласының мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебіне ауысады, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Аталған спорт түрі елордада 2000 жылдан бері дамып келеді. Топқа он жастан асқан балалар қабылданады. Бұл спортқа ұлдар да, қыздар да әуес. Қайықта отырып үйренудің өзіне 2-3 аптадай уақыт кетеді.

– Кішкентай балалар келіп оқиды. Қайықпен жүзіп үйрену қиын. Бұл жерде тепе-теңдікті сақтай білу керек. Каноэмен де, байдаркамен де. Осыны үйренген соң балалар алғашқы жарыстарға дайындалады, – деді №4 БЖСМ байдаркамен және каноэмен ескек есуден жаттықтырушы-оқытушы Евгений Бежнар.

Жазғы демалыс уақытында жаттығулар аптасына 8-10 рет өтеді. Ал балалар мектепке барғанда – 5–6 рет. Оның үстіне төзімді болу үшін көп еңбектену керек. Қыста спортшылар шаңғы тебеді, тренажер залдарында жаттығады, жүгіреді.

Он жеті жасар Александра Ким бұл спортқа келем деп ойламаған, бүгінде ол - спорт шебері. Үш жыл бойы байдаркамен жүзсе, енді каноэге ауысты.

– Бұл спортқа құрбыммен келдім. Денсаулығымды шынықтыру үшін ғана айналысам деп ойладым. Нәтижесінде, кәсіби айналыса бастадым. Жақында Словакиядағы халықаралық жарысқа барып келдік. Францияда өткен Women's canoe cup додасына да қатыстық. Қазір Брестте өтетін жиынға дайындалып жатырмыз, содан кейін жоспар бойынша Минскте 1998 жылы туған және одан кіші балалар арасындағы Әлем біріншілігі өтеді. Осы спорт түрімен айналысқаннан кейін өз-өзіңе деген сенімің, күшің артады. Бұл үшін көп еңбек ету керек. Әйелдер олимпиадада каноэмен 200 метр қашықтықты бағындырады, мен осы мақсатты көздеп жүрмін, арманым – Олимпиадаға қатысу, – дейді спортшы.

Спортшылар 23 жасқа дейін №4 БЖСМ базасында жаттығады. Үздік нәтижелер көрсеткен балалар мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде шеберлігін шыңдайды.

Мұнда спортшылармен психолог, диетолог, массажист, және басқа да мамандар жұмыс істейді. Мысалы, әр спортшының рационы бөлек, орташа салмағы 85-95 кг болуы керек.

Топ бес адамнан тұрады. Соның ішінде үшеуі Сергей Токарницкий, Зоя Ананченко, Инна Клинова Олимпиада ойындарына дайындық үстінде.

– Олар қазір Беларусьте, Брестте, жергілікті командамен бірге дайындалуда. Спортшылар 24 шілдеде Чехияға барады, онда екі апта болады, содан кейін Рио-де-Жанейроға ұшады, – деді Астана қаласының мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің аға бапкері Асхат Қалиақпаров.

Еске салайық, төрт жылдықтағы басты жарыстың ашылуына дейін бір айдан аз уақыт қалды. Олимпиада тамыздың 5-і мен 21-і аралығында Рио-де-Жанейрода өтеді.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!