1083

Головкин қарсыласын жеп тастауы керек – спорт комментаторларының болжамы

Елге танымал спорт комментаторлары Головкин мен Мартиросянның жекпе-жегінде нокауттың болатынына сенімді.
Фотография - Головкин қарсыласын жеп тастауы керек – спорт комментаторларының болжамы Сурет ашық дереккөзден алынды

Комментаторлар 3 күннен кейін өтетін Головкин мен Мартиросянның жекпе-жегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Today.kz.

Спорт комментаторлары осы кездесуде Головкиннің нокаут жасайтынына сенімді.

Спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен бокс кездесулерін көрмейді екен. Тіпті, Геннадий Головкиннің кездесуін ұйқысынан ерте оянып, тамашаламайды. Футболға машықтанғандықтан Генаның жекпе-жегін арнайы көрмеген екен. Десе де осы жолы Головкиннің жеңіске жететініне күмән келтірмейді.

Фото -

"Головкиннің Мартиросянды жеңетін қауқары бар. Бірақ Сауль Альвареске негізі шамасы жетпей ме деп ойлаймын. Головкин біраз жасқа келді. Жас деген спортта біраз нәрсені шешеді. Бұрынғыдай техника азая бастайды. 7-8 раундта Головкин бітіретін шығар деп ойлаймын. Оны көріп отыратын да ешқандай қызық жоқ деп ойлаймын", – деді Ермұхамед Мәулен.

Ал спорт журналисі Есей Жеңісұлы Головкин жақын арада бокстан кетеді дегенге мүлде сенбейді. Есей Жеңісұлының ойынша, Ванес Мартиросян Головкинге лайықты қарсылас емес.

Фото -

"Мартиросянды Головкин нокаутпен ұтуға тиіс. Өйткені, бұған дейінгі екі кездесуінде 12 раундты толықтай өткізіп шықты. Сол екі жекпе-жектің қорытындысы бойынша жанкүйерлердің көңіліне үрей де кірген сияқты. Өйткені, екі қарсыласын да Головкин бұрынғыдай құлата алған жоқ. Сондықтан, Мартиросянды сенімді ұтып, бабында екенін жұрт алдында дәлелдеуі тиіс. Менің ойымша, бұл кездесу 4-5 раундқа созылуы керек. Мартиросян да оңай қарсылас емес. Дәл қазіргі сәтте Головкиннің жолына тосқауыл қоятын боксшы болып көрінбейді. Геннадий Головкин Сауль Альвареске қарсы жекпе-жекті бастап кеткеннен кейін, кездесуді қалай да өткізу керек болды. Қазір Мартиросян Головкиннің жемі сияқты көрініп тұр. Қазақша айтқанда Головкин қарсыласын жеп тастауы керек деп ойлаймын. Головкин әлі бокстан кетпейді. Кем дегенде 2-3 жыл жүреді", – деді Есей Жеңісұлы.

Ал спорт комментаторы, тележүргізуші әрі шоумен Нұржан Еркінұлы осы кездесуде де Головкин шоу жасайды деп сенеді. Әйтпесе армениялық бокшыдан "ұят болады".

Фото -

"Шынына келгенде Головкиннің қарсыласы өте әлсіз. Оның жаттығу жасамағанына да 6 ай болыпты. Мартиросян бірінші раундта-ақ құлауы тиіс. Бірақ шоу жасау керек. Мартиросянды осы кездесуге өзіміз көндірдік. Сондықтан оны бірден құлатуға да болмайды, адамгершілікке жатпайды. 5-6 раунд жүруіне Головкин мүмкіндік береді. Головкин одан миллион есе күшті. Жәй ғана Головкинге лайықты қарсылас болмай қалды", – деді Нұржан Еркінұлы.

Халық дауысын бірден танитын танымал спорт комментаторы Амангелді Сейітхан Головкиннің спорттағы жолынан мүлде хабарсыз.

"Кездесудің қалай болатынын білмеймін. Головкиннің қарсыласы туралы да ештеңе білмеймін. Мен боксқа қызықпаймын. Головкиннің жекпе-жегін қарамаймын. Ол – шоу, ол жерде бокс жоқ", – деді Амангелді Сейітхан.

Фото -

Мамандардың пікірі мен болжамы осындай. Ал нағыз нәтижені 5 мамырда өтетін жекпе-жек көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің 5 мамыр күні реваншы өтуі керек болатын. Алайда допинг-тест кезінде Альварестің қанынан рұқсат етілмеген зат табылды.

5 мамырға жоспарланған Головкиннің жекпе-жегі ақыры өтетін болды. Онымен жекпе-жекке шыққысы келгендер де аз болмады. Соңында Геннадий Головкиннің қарсыласы Ванес Мартиросян боп ресми жарияланды. Олардың кездесуі Калифорниядағы StubHub Center аренасында өтеді.

Ал жақында Сауль Альварестің командасы Головкинді сотқа берді. Канело Геннадий Головкинді көпшілік алдында жалған айып тағып, алаяқ деп атады деп айып тағып отыр.