2022

Астанадағы шахматтан әлем чемпионатында Қазақстан алғаш үздік бестікке енді

10 күнге жалғасқан классикалық шахматтан әлемдік командалық чемпионат қызықты әрі тартысты өтті.
Фотография - Астанадағы шахматтан әлем чемпионатында Қазақстан алғаш үздік бестікке енді Cурет: Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі

Елордада ерлер мен әйелдер арасында өткен классикалық шахматтан әлемдік командалық чемпионат өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Today.kz

Дүниежүзінің 14 елінен 10 әйелдер және 10 ерлер құрамасы бақ сынаған додада Қазақстан құрамасының да бағы жанды. Атап айтқанда, әйелдер құрамасы әлемдік командалық чемпионатта алғаш рет үздік бес елдің қатарынан табылды. Ал ерлер құрамасы барлық тоғыз ойынның нәтижесі бойынша 8-ші орынға тұрақтады.

Айта кетерлігі, Астанада наурыздың 4-14 аралығында өткен шахмат додасында кілең мықты шахматшылар өнер көрсеткен еді. Мәселен Ресейдің ерлер құрамасы сапында әйгілі шахматшы, есімі Гиннес рекордтар кітабына енген Сергей Карякин бой көрсетсе, Қазақстанның әйелдер құрамасы қатарында небары 14 жасында гроссмейстер атанған Жансая Әбдімәлік бақ сынады. Сондай-ақ, ел құрамасы атынан Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нахбаева, Гүлмира Дәулетова, Ринат Жұмабаев, ӘнуарІсмағамбетов сынды дарынды шахматшылар қатысты.

10 күнге жалғасқан классикалық шахматтан әлемдік командалық чемпионат қызықты әрі тартысты өтті. Мәселен, жерлесіміз Ринат Жұмабаев апта басында күтпеген жерден Сергей Карякинді ұтса, Қытайдан әйелдер құрамасы қарсылас шақ келтірмей, чемпионаттың 5-ші турында-ақ бірінші орыннан көріне білді. Сол сияқты ерлер құрамалары арасындағы тартысты бәсекеде де ресейлік шахматшылар доданы мерзімінен бұрын аяқтап, жеңіс тұғырынан көрінді.

 Ал, ойынның соңғы күні әйелдер және ерлер құрамалары арасында екінші және үшінші орын иелері анықталды. Осылайша ерлер арасында Ресейден кейінгі орынға Ұлыбритания мен Қытай құрамалары жайғасса, әйелдер арасында үздік үштіктің қатарына Ресей және Грузия құрамалары енді.

Фото -

 "Мұндай ойындар арқылы біз әлемге Қазақстанның интеллектуалды ойындарды дамытып отырған бірден бір ел екендігін паш ете аламыз. Қазірдің өзінде ойынды тамашалаушылардың саны Қытай мен Интернет ресурстарды есептемегенде, 30 миллионнан астам адамға жетті деген дерек бар", - дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко.

Айта кетерлігі, шахматтан байрақты бәсеке "Астана" халықаралық қаржы орталығы  (АХҚО) аумағында өткізілген еді. Мереке күндері орталық өкілдері арасында да шахматтан арнайы тур өтті. Оның нәтижесі бойынша, Алмат Кесікбаев жеңімпаз деп танылған болатын.

Фото -

"Осында келген көптеген білікті шахматшылардың ойынын көріп, шахматқа деген қызығушылығымыз бұрынғыдан да арта түсті", - дейді турнирге қатысқан АХҚО өкілдері.

Жалпы шахмат додасына Қытай, Әзірбайжан, Иран, АҚШ, Египет, Ресей, Польша, Англия, Үндістан, Украина, Грузия, Венгрия, Армения және Қазақстан құрамалары қатысқан.