Қазақстан әлемдік нарықта алтын сатып алуды белсендіре түсуі тиіс

Фотография - Қазақстан әлемдік нарықта алтын сатып алуды белсендіре түсуі тиіс

Қазақстан әлемдік нарықта алтын сатып алуды белсендіре түсуі керек.

203 0

Қазақстан әлемдік нарықта алтын сатып алуды белсендіре түсуі керек. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі Төрағасының атына сауал жолдаған депутат Тұрсынбек Өмірзақов осылай мәлім етті.

Сауал барысында депутат Т. Өмірзақов ұлттық экономиканың тұрақты өсімі мен шоғырланған бюджеттің орнықты профициті Қазақстанға алтынвалюта резервін айтарлықтай ұлғайтуға септігін тигізгенін, сондай-ақ Ұлттық қорымызды жинақтауға барынша жәрдем болғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2012 жылдың соңына қарай Қазақстан Ұлттық банкінің жиынтық резерві Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда 86 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал жинақталған резервтердің айтарлықтай бөлігі шетелдік валютада, құнды қағаздар мен басқа да қаржы құралдарында сақтаулы.

«Әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайында, оның ішінде Еуроаймақ елдеріндегі, АҚШ пен Жапониядағы тұрақсыздыққа орай, Ұлттық қор мен алтынвалюта резервтерін сақтаудағы тәуекел күшейіп отыр. Бұл ретте Ұлттық қордың негізгі функцияларының бірі жинақтауларды келешек ұрпақ үшін төкпей-шашпай сақтау екенін еске салғым келеді», - дейді депутат Т. Өмірзақов.

Оның айтуынша, сыртқы экономикалық қатерлер нақты алтын қорының қолда болу қажеттігін арттыра түседі. «Долларды, еуро мен басқа да қосалқы валюталарды шектеусіз басып шығару, орын алуы мүмкін валюталық қақтығыстар, борыштық дағдарыс, сондай-ақ тұтастай мемлекеттердің дефолт қаупі дамушы елдерге нақты алтынмен жинақталатын қорды барынша арттыра түсуге мәжбүрлейтіндей. Ал резервтерді шетелдік валюталарда немесе құнды қағаздарда сақтау түптеп келгенде біздің барлық жинағымызды түкке жарамсыз қағазға айналдыруы мүмкін», - деп пайымдайды депутат. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, АҚШ, Германия, Италия, Франция елдерінің алтын қоры алтынвалюталық резервтердің 70 пайызынан асады. Ал Қазақстанның алтын қоры 6,3 млрд. долларды құрайды немесе барлық алтынвалюталық резервтің 20 пайызына жуық қана.

«Борыштық проблемалар аясында бірқатар дамыған елдер дағдарыспен күрес үшін әлемдік нарыққа алтындарын шығарып сата бастады. Мәселен, соңғы онжылдықта Швейцария шамамен 877 тонна, Франция - 589 тонна, Испания, Нидерланды және Португалия - 200 тонналатып алтын сатты. Ал бұл ретте, Ресей керісінше мұнай кірістері есебінен шамамен 570 тоннаға жуық алтынды сатып  алып жатыр. Бұның өзі Қазақстанның алтын қорынан бірнеше есе үлкен көрсеткіш. Төлем балансының оң сальдосын ескерсек, Қазақстан да әлемдік нарықта алтын сатып алудағы белсенділігін арттыруға толық мүмкіндік бар. Қазынаға түскен жинақты алтынмен ұстау оның сақталуын ғана емес, табысын да арттыратын еді. Өйткені, соңғы он жылда алтын бағасы 400% қымбаттаған», - дейді Т. Өмірзақов.


Тегтер:

Алтын

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!