2017-ші жылға қарай Астанада баспана бағасы 50 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін

Фотография - 2017-ші жылға қарай Астанада баспана бағасы 50 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін

Нарықтағы «қара риэлторлар» осылай деп, қазірден бөріктерін аспанға атып, қуанып отыр

187 0

 2017-ші жылға қарай Астанада баспана бағасы 50 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін. Нарықтағы «қара риэлторлар» осылай деп, қазірден бөріктерін аспанға атып, қуанып отыр. Ал, бұл шараға жауапты тұлғалар болса, шындыққа жанаспайтын ақпарат деп, алыпсатарлардың аптығын басуда. Десе де, бағаның шарықтауына әлемдік шарадан бөлек, басқа да бірнеше себептер бар болып шықты.

Соңғы бір жылда Астанада үй бағасы 15-20 пайызға шарықтап кетті және шарықтай бермек. «ЭКСПО-2017» көрмесін желеу еткен жұрттың арасында қазір осындай үрей басым. Мұны риэлторлар да ұтымды пайдаланып, «үйдің бағасы енді түспейді» деп отқа май құюда.

НАРИМАН ЕСЕНГЕЛДІ, РИЭЛТОР:

- Ең басты себеп «ЭКСПО-2017». Екінші себеп - Қазақстанның урбанизациялануы. Демек ауылдардан қалаға көшуі. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстандағы тағы бір астанамыз ол Алматы қаласы. Сол Алматы қаласының таулы аймақта орналасуына байланысты жер сілкіністер. Біздің пәтерлердің бағасы 2017 жылға дейін мүмкін 50 пайызға дейін өсуі мүмкін.

Өсімнің болатынын банк қызметкерлері де жоққа шығармайды. Санмен сөйлеп үйренген олар соңғы уақытта ипотека алушылардың артқанын алға тартып отыр.

СӘУЛЕ ЕЛЕУОВА, БАНК ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Расында да, ипотекалық несиелер жандана бастады. Соңғы бір жылда несиенің осындай түрін алушылар шамамен 10 пайызға дейін артты. Мәселен Астана қаласын алар болсақ, тұрғындар жаңадан салынған үйлерді алуға аса ынталы. Сондықтан, біздің банктің ипотекалық несиелері бас қалада жанданып жатыр. Бағаның өсіп жатқанына ешкім қарап жатқан жоқ.

Ал кезінде Парламент депутаты болған Аманжан Жамалов бұл қымбатшылықтың қолдан жасалып отырғанына сенімді. Және «қазіргі риэлторлардың бәрі қара риэлтор, олардың қызметін заңмен ешкім қадағалап отырған жоқ. Сондықтан, әркім ойына келгенді жасап жатқанын алға тартады. Бұдан бөлек, құрылыс компаниялары үлескерлік құрылысқа заңмен тыйым салынғандықтан, оны айналып өтіп қулыққа басып жатқандығы жайында сөз айтты.

АМАНЖАН ЖАМАЛОВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

- Сондай болмасын, халықтың ақшасын жинап алып, қайтадан ештеңесін салмай қашып кетпесін деп. Бірақ сол үлескерлік құрылыс деген қайтадан басталып жатыр. Астана да, Алматыда да. Тек оның атағы өзгерді. Заң бойынша үлескерлікке тыйым салынса, олар атағын өзгертіп инвестиция ретінде елдің ақшаларын жинап алып, сондай үй саламыз деп.

Ал, «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастырушы басты шенеуніктің бірі Талғат Ермегияев, Астанада баспана бағасының шарықтап жатқаны көрмемен байланысты болуы мүмкін екендігін айтады. Сондықтан, өздерінше олар да жаңа жоспарлар ойластырып қойыпты.

ТАЛҒАТ ЕРМЕГИЯЕВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Бұл сөздің де жаны бар, өйткені қаншама халық келеді. Осындай турист келеді. Жаңағы бағаға әсер етеді әрине. Біз бұл салада не істеп жатқанымызды айтайын. Сол жерге қарапайым халыққа қымбат емес үй салмақпыз. Менің ойымша, 550 мың шаршы метрдің үстінде болады.

«ЭКСПО-2017» көрмесіне орай салынатын 550 мың шаршы метр осы шараға арнайы бөлінген мына 174 гектар жерге салынады. Сонан соң, түрлі жолдармен халыққа таратылып берілмек. Бірақ, оған дейін әлі 4-5 жыл уақыт керек. Ал тұрғын үй нарығын жазылмаған заңмен реттеп үйренген «қара риэлторлар» қымбатшылықты алға тартып бағуда. Тек, мұндай болжамдардың кейіннен шындыққа айналып кететіні де ақиқат.


Тегтер:

астана

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!