Бербідек Сапарбаев: Базар бағасын күні бойы қатаң бақылаймыз

Фотография - Бербідек Сапарбаев: Базар бағасын күні бойы қатаң бақылаймыз

Ақтөбе облысының әкімі бүгін қала ішіндегі базарларды аралап, ондағы баға тұрақтылығын қарады.

326 0

Ақтөбе облысының әкімі бүгін қала ішіндегі базарларды аралап, ондағы баға тұрақтылығын қарады. Ірі қара малдың етін сатушылар қағаздың бір жағына 850 теңге, екінші жағына 900-1100 теңге деп жазған. Көзбояушылықты көрген өңір басшысы бағаны үздіксіз бақылауды тапсырды, деп хабарлайды Bnews.kz. Сенбідегі жұмыс "Табыс" коммуналдық базарынан басталды. Мұнда әр аптаның сенбі күні ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Бұл жолы Қарғалы, Ырғыз, Темір аудандары базарға көкөніс пен ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін, балықты қойды. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанованың айтуынша, жәрмеңкедегі баға базар құнынан 15-20 пайызға арзан. Мұнда жергілікті шаруалардың өнімдері мен ресейлік тауарлар сатуға шығарылды.

Базар ішін аралаған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев алдымен ет бағасының тұрақсыздығын сынға алды. Мәселен, ірі қара мал етінің бір келісі 850 теңге деп жазулы тұрғанымен, екінші бетіндегі баға 900 теңге болып шықты. "Бұл дұрыс емес. Баға әртүрлі. Адамдарды, тұтынушыларды алдауға болмайды. Мұны "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалы қатаң бақылауға алуы керек. Екі түрлі баға халықты алдау. Оған жол бермейміз", - дейді Б.Сапарбаев. Кейін базар ішіндегі жергілікті, отандық өнімдерді қарап, статистикалық мәліметтермен базар бағасын салыстырды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев "Табыс" базарының санитарлық нормаға сай келмейтінін, ет шабу бөлмесіндегі еттердің жерде жатқанын сынға алды. Базар әкімшісі, "АзияАгроХолдинг" ЖШС-нің директоры Сауранбек Рахиевке жағдайды ретке келтіруді тапсырды. "Сатушылар базардағы орын үшін әртүрлі ақы төлейді. 17-25 мың теңге аралығында болғанымен, нақты шаршы метріне қанша төлейтінін базар басшысы білмей отыр. Жұмыс дұрыс жүргізілмейді", - дейді өңір басшысы.

Түстен кейін Бердібек Сапарбаев қаланың ескі бөлігінде орналасқан Орталық базарға барды. Мұндағы көлік тығынын көрген өңір басшысы базарға жаяу баруды жөн көрді. «Мұнда санитарлық талап сақталмаған. Тамақ пен киім-кешек бір жерде сатылады. Өрт қауіпсіздігі де реттелмеген», - дейді Б.Сапарбаев.

Мұнда да 130-150 теңге болған сәбіз бағасы 100 теңге деп ауыстырылған. Ал 1100 теңге болған ет бағасы 850 теңге болып өзгертілді. Мұны да облыс әкімі әшкерелеп, сатушыларға ескерту жасады.

Айта кетейік, "Табыс" коммуналық базарында картоп 55, сәбіз 75, қарбыз 25-30 теңгеге сатылды. Ал ірі қара мал еті 850-1300 теңге аралығында болды.


 

 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!