Астанада бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды

Фотография - Астанада бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды

Соңғы 5 жылдың бедерінде Ақтөбе облысына 12,6 миллиард доллардың көлеміндегі инвестиция тартылды.

206 0

Бүгін елордада Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілдері мен шет мемлекеттердің дипломаттары бас қосты. Онда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайы жан-жақты талқыланды. 

Іскерлік жиынға келген кәсіпкерлер Ақтөбенің бизнес климатымен танысып, ілкімді істерін бастауға дайын екендіктерін жеткізді. Соңғы 5 жылдың бедерінде Ақтөбе облысына 12,6 миллиард доллардың көлеміндегі инвестиция тартылды. Өңір капиталына құйылған бұл қаржының 60%-ы қазақстандық, қалғаны шетелдік қалталы кәсіпкерлерге тиесілі. Енді аймақ басшылығы көрсеткішті одан ары арттыруды көздеп отыр. 

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі: 

- Өңірді көрсін, одан кейін біздің кәсіпкерлермен жұмыс жасап, ары қарай өздерінің қаржыларын салып, өздеріне тиімді, бізге де керек кәсіпорындарды ашсын деген ниетпен елшілерді, шетелдің кәсіпкерлерін біздің өңірге шақырамыз. Біздің өңірдің экономикасы негізінінен мұнай, газ, метал, ауыл шаруашылығынан құралады. Біздің енді 40-тан астам жобаларымыз бар. Сол жобалармен бүгіннен бастап жұмыс басталады. 

Іскерлік басқосуда Ақтөбе облысынан дипломатиялық корпус өкілдеріне ұзын-саны 11 жоба ұсынылды. Яғни тау-кен, химия және металлургия өнеркәсіптері мен қызмет көрсету салаларына игі мақсаттағы ілкімді істерге бастау болатын ауқымды инвестиция қажет. Жалпы Ақтөбеден қазірдің өзінде шет мемлекеттерге мол өнім экспортталып келеді. Өңірдің сыртқы сауда айналымы 3,7 миллиард доллардың шамасында. 

Азаматхан Әміртаев, "Инвесторлар альянсы" РҚБ төрағасы: 

- Еуропалық инвесторларды осы шараға әкелдік. Негізгі мақсатымыз – қаражатты дұрыс басқару, жаңадан инвестиция тарту. Сондай-ақ Астана қаржы орталығы деген жобаларды іске асырып, көмек берсек деген ойымыз бар. Олар – қаржы басқару саласы және өндіріс саласы. Айта кеткен жөн, бұл жиынға қазақстандық кәсіпкерлермен бірге шетелден бірқатар инвестициялық топ өкілі қатысып отыр. Солардың қатарында Голландиядан келген кәсіпкерлік құрылым жетекшілері де бар. Бүгінде олар еліміздің қаржы секторындағы облигацияларды сатып алуға ниетті. 

Дмитрий Евенко, Signet инвестициялық тобының серіктесі: 

- Қазақстанда ең алдымен облигациялар нарығына қызығушылық білдіріп отырмыз. Бұл ретте біз қазақ еліне еуропалық қаражатты басқару тәсілін енгізбекшіміз. Оны Астанада жақын болашақта құрылатын қаржы орталығында іске асырсақ, барлық капитал осы елде қалады деп сенімді түрде айта аламыз. 

Жалпы еліміздің Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық бизнес корпусын құрып, қазақстандық инвестициялық жобаларды шет мемлекеттерде кеңінен насихаттап келеді. Бұл бағыттағы тжұмыстың нәтижелі болуы үшін Ақтөбе облысы арнайы қызметкерлер тағайындауға да дайын. Осы ретте Бердібек Сапарбаев қызығушылық танытқан елдермен бірлескен бизнесті күшейту үшін ақтөбелік кәсіпкерлер қатарынан құрметті консулдар тағайындауды ұсынды.


24.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!