Шетелдік азаматтар талаптарды орындамаса, жерді тартып алуға құқығымыз бар - ҰЭМ

Фотография - Шетелдік азаматтар талаптарды орындамаса, жерді тартып алуға құқығымыз бар - ҰЭМ

Мархабат Жайымбетов

Today.kz тілшісінің елді алаңдатқан сұрақтарына Мархабат Жайымбетов егжей-тегжейлі жауап берді.

10178 2

Биылғы шілденің бірі күні Жер кодексіне енгізілген қандай өзгерістер күшіне енеді? Жер кімге және қалай сатылады? Мемлекет неліктен шетелдіктерге жерді 25  жылға жалға бермек? Today.kz тілшісінің елді алаңдатқан осы және өзге де сұрақтарына ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов егжей-тегжейлі жауап берді. 

- Сонымен, жер кімге және қалай сатылады?

- Жер Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана аукцион арқылы сатылады. Аукцион жердің бағасын көтеру тәсілі бойынша екі рет ұйымдастырылады. Егер екінші аукционда да сатып алушы табылмаса, онда жер бағасы 50 пайызға дейін арзандатылады. Жер мүлдем сатылмаған жағдайда, ол аукционнан алынып тасталады.

- Жердің бағасы қанша және құны қалай анықталады?

- Жер телімдерінің кадастрлық құны базалық мөлшерлеме негізінде анықталады. Сонымен қатар, оған жердің сапасына, тұрған жеріне, қаншалықты сумен қамтамасыз етілгеніне, аудан орталықтарынан қаншалықты шалғай орналасқанына қатысты коэффицент қосылады. Мысалы, жер тұрғылықты мекеннен алыс болса, оның бағасына қосылатын коэффицент те төмендетіледі. Сәйкесінше, әр жердің бағасы да әртүрлі болады. Соңғы бағаны аукцион анықтайды.

Фото -

- Одан түскен қаржы қайда кетеді?

- Ауыл шаруашылығына қатысты жер саудасынан түскен қаражат бюджетке емес, Ұлттық қорға салынады. Айта кететін жайт, мемлекет үшін басты мақсат пайда табу емес – жерді экономикалық айналымға шығару.

- Осы уақытқа дейін 49 жылға жалға берілген жер телімдерінің жағдайы не болмақ?

- Жер телімдерін 49 жылға жалға беру туралы өзгеріс Жер кодексіне 2003 жылы енгізілген болатын. 2016 жылдың 1 шілдесі күні жалға беру туралы келісім-шарттар заңды күшін жоймайды. Есесіне, жалға алушылардың жер телімдерін жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі пайда болады. Ол үшін тек әкімдікке өтініш жазса болғаны, сол жерде тікелей аукционсыз сату туралы келісім-шарт жасалады. Жер иесі атану үшін жалға алушы адам жердің кадастрлық бағасының 50 пайызын ғана төлесе болғаны. Қожалық иесіне жердің құнын бірден немесе 10 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.

- Шетелдіктерге жер телімдері қалай беріледі?

- Жер кодексінің 24 бабына сәйкес, шетелдік азаматтарға жер сатылмайды, тек жалға беріледі. 2001 жылдан бастап шетелдік азаматтар Қазақстан жерлерін он жылға жалға алып келді. Ал, 2011 жылдан бері шетелдік азаматтармен бірге, құрамында шетелдік азаматтың елу пайыздан жоғары жарғылық үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаға да он жылға жалға алу мүмкіндігі берілді. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалға беру мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды. Бұған себеп - жерді игеру шаруашылығы бірден пайда әкелмейді. Жердің "жемісін" көру үшін кемінде он бес жыл және аса көп қаражат жұмсау қажет. 

Айта кетейік, жер шетелдіктерге тек конкурс арқылы жалға беріледі. Оның өзінде жалға алушы жерді пайдалану жоспарын көрсетуі тиіс. Егер шетелдік азаматтар біздің талаптарды (жерді оңтайлы және тиімді пайдалану ережесін) орындамайтын болса, жерді тартып алу құқығымыз бар.

Үкімет 2003 жылы бір қолға берілетін жердің көлемін бекіткен болатын. Мәселен, Ақмола облысының Целиноград ауданы бойынша шетелдік азаматқа 1 500 гектар, ал қазақстандық азаматқа 7 500 гектар жер беріледі. 

Фото -

- Қоғамда қазақстандық заңды тұлғаның үлесін сатып алу арқылы шетелдіктер жер телімдерін иеленіп алады деген қауіп бар. Бұған не айтасыз?

- Компания құрамындағы шетелдік азаматтың жарғылық үлесі 50 пайыздан жоғары болып кеткен жағдайда, үш айдың ішінде қазақстандық заңды тұлғадан жер телімдері тартылып алынуы немесе оның жекеменшік құқығы жойылып, жалға алу құқығы рәсімделуі тиіс. Талап орындалмаған жағдайда, жергілікті әкімдік жерді мемлекет иелігіне қайтару туралы сотқа арыз түсіреді.

Қалай болғанда да, жер телімдерінің қожайыны ретінде Қазақстанда тіркеліп, осы елдің заңы бойынша жұмыс істеп, салық төлейтін Қазақстан резиденті ғана мойындалады. Шетелдік азамат кеткісі келсе, үлесінің құнын ақшалай ғана алуына рұқсат беріледі. Компанияның иелері ерлі-зайыпты әрі бірі шетелдік азамат болған жағдайда да осы талап қойылады. 

- Қазақстан азаматтары жекеменшігіндегі жерін шетелдік азаматқа сата ала ма?

- Қазақстан азаматы жерін шетелдік азаматқа сатып пайда таба алмайды. Өйткені, заңда нотариустардың мұндай келісім-шарт жасауына тыйым салынған.

- Осы уақытта шетелдік инвесторлар қанша жерді жалға алып отыр?

- Жалпы жалға берілген 99,5 миллион гектар жердің 65 мың гектар жері ғана шетелдіктерде. Бұл шамамен 0,06 пайыз. Қалғанын қазақстандық азаматтар мен отандық компаниялар жалдап отыр.

Фото -

- Жерді игеру кезінде зиянды химиялық заттардың қолданылуы әбден мүмкін. Мұны кім және қалай бақылайды?

- 2015 жылдың 27 наурызында ҚР Ұлттық экононика министрінің бұйрығы бойынша ауыл шаруашылығына қатысты жерлерді оңтайлы пайдалану ережесі қабылданды. Онда осы санаттағы жерлерді пайдаланудың нақты өлшемдері белгіленген. Бұл арқылы жердің табиғи құнарлылығының төмендеуі, жерді өңдеу, тиімді пайдалану сияқты жайттар бақылауға алынады. Ережеде жер пайдалану кезінде топырақтың құнарлылығын сақтап қана қоймай, оны арттырудың кешенді шаралары қарастырылған. Жерді тиімсіз пайдаланған жайттар анықталған уақытта жергілікті әкімдік алдымен ескерту жасайды. Заң бұзушылық фактілері жойылмаса, жауапты тұлға әкімшілік жазаға тартылады. Жергілікті әкімдік жерді тартып алу туралы сотқа арыз түсіруі тиіс.  

Фото -

- Шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғаннан кейін, елдегі біздің жұмыс орындарымызды шетелдік жұмыс күші "жаулап" алмайтынына қандай кепілдік бар?

- Бұл орайда айтатын бір жайт, соңғы бесжылдықтың әр жылғы көрсеткіштері бойынша, шетелден келген жұмыскерлер саны аса өзгермеді. Өйткені, квота арқылы, яғни, Үкіметтің рұқсатымен келетін шетелдік жұмыскерлер саны қадағаланып отырады. Квота Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың 0,07 пайызынан аспайды. Мәселен, 2015 жылы Қазақстанға 63 мың шетелдік азаматтың келіп жұмыс істеуіне квота бөлініп, оның небары 32 мыңы пайдаланылды. Биыл бөлініп отырған квота көлемі өскен жоқ. Оның үстіне квота тек білікті мамандардың келуіне ғана жол береді.

- Аукцион мен конкурстың ашық және жариялы түрде өтетініне кім кепіл?

- Заңда аукцион қазақстандықтар үшін, ал конкурс шетелдіктер үшін өткізіледі деп анық жазылған. Мұндай жүйе сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. Аукционның өзі азаматтар арасында ашық бәсекелестікті күшейтеді.

- Әңгімеңізге рахмет.



Загрузка...

Пікір (2)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!


Батыр 1 мам. 2016

Жер қазаққа да шетелге де сатылмау керек. Сатылады деген ауызға да ілінбеу керек. Бұл жер бізге Аллатағаланың берген жері өссін өңсін деген. Ал жалға беру мәселесіне келсек тек қана қазақтарға берілсін ата-бабамыз осы жерге мал жайып, көбейтіп егін еккен. Бізге берсе қанымызда бар өңдіреміз. Кезінде ҚазақССРі аграрлық республика болған. Қаншама зоомамандары, ветеринар мамандар жұмыссыз жүр…..Жер сатылмасын, азаматтарға тегін берілсін, біріккен шаруашылықтар ашайық, басымыз біріксін, шашырамайық….Осы жоғары жақтағыларға өтініш құлаққағыс ….

Жауап беру


Нурлыбек 2 мам. 2016

Курама штат казакстан болады екенбыз

Жауап беру