1373

Ұлттық қордағы 22 миллиард АҚШ долларының бұғаттан шығуы деген не

Бүгін Әділет министрлігі Ұлттық қордың активтеріне шектеу қою туралы шешімнің күшін жойғанын хабарлады.
Фотография - Ұлттық қордағы 22 миллиард АҚШ долларының бұғаттан шығуы деген не Сурет: today.kz

Голландиялық сот 22 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі Ұлттық қордың активетеріне шектеу қою туралы шешім  күшін жойды, деп хабарлайды Today.kz Әділет министрлігінің сайтына сілтеме жасай отырып. 

Көпшілік "Ұлттық қор деген не? Ұлттық қорға неге шет елдік сот үкім шығарады немесе шет елдік сот неге Ұлттық қордың активтеріне шектеу қояды?" деп бас қатыруы мүмкін. Today.kz экономист Мақсат Халықовтан осы жайлы сұрады. 

Фото -

Сарапшы маман жағдайды былай түсіндірді: 

"Ұлттық қор негізінде Норвегияның ішінде құрылған, бірақ ол тек Норвегияда емес, бүкіл мұнай өндіретін елдерінде бар. Мысалы, Біріккен Араб әмірліктерінде, тіпті өзіміздің көрші Ресей елінде осындай қорлар бар. Мұнай өндіретін елдердің көбі  осындай қадамға барды. Соған қарап  біз де Ұлттық қор құру тұралы  шешімге келдік. Әуелі "Ұлттық қор" не екенін айтайын. Ұлттық қор - болашаққа арналған және қаржылық дағдарыс кездерінде, қиын жағдайларда қаржыны сол жақтан пайдалану мақсатында құрылған қор. Енді "Неге біз ол қаражатты өзіміздің мемлекетте емес, шет елде сақтаймыз?" деген сауал туындайды. Оның себебі мынада: біз мұнай өндіріп, эскпорттаймыз және мұнайдан түсетін табыс доллар күйінде келеді. Бірінші себебі, табыс шет елдік валютада келгендіктен. Екіншіден, долларды теңгеге ауыстырғанда экономика қатты қызып кетеді. 

Экономиканың қызуы дегеніміз - мемлекетте қаражаттың тым көбейіп кетуі. Мұнай сататын мемлекеттер үшін елдегі экономика қызып кетпеу үшін артық қаражатты шет елде ұстаған тиімді. Осы мақсатта 2000 жылы Швецарияның банктеріндегі  өзіміздің ұлттық қорға 1 миллиард  ақша тастадық. Одан кейін мақсатты түрде мұнайдан түскен барлық табысты 2003 жылдан бастап ұлттық қорға аудардық. Ол жылдарда мұнай бағасы өте жоғары болды және де өте көп қаражат бізге түсе бастады. Шын мәнінде бізге шет елдік валюта  көп керек емес. Біз ішкі нарықта теңгені пайдаланамыз. Егер де доллардың  бәрін теңгеге аударатын болсақ онда теңгенің массасы артып кетеді. Бұл жағдай тиісінше инфляцияға, тауарлар бағасының қымбаттап кетуіне алып келеді. Кәсіпкерлер жұртта ақша бар екенін біледі де, тауарды қымбат бағада сата бастайды.  Айналымдағы тауар  көлеміне сәйкес ақша көлемі де тең болуы керек. Одан асып кетпеуі керек. Сондықтан біз шет елдік валютаға қатты көп мұқтаж емеспіз. Керісінше шет елдік банктерде оны арттыру тиімді. 

2006 жылы бізде жақсы экономикалық өсім болды. Бірақ 2007 жылы әлемде дағдарыс басталды. 2007-2009 жылдары әлемдік дағдарыс кезінде ұлттық қордан 10 миллиард доллар қаражат алдық. Сол кезде "5 нақты қадам деген" бағдарлама болды. Сол 5 салаға қаржыны бөліп, жұмсадық. 4 миллиард доллар банктерді сауықтыру үшін, 2 миллиард долларды шағын және орта кәсіпті қаржыландыру үшін, 2 миллиард долларды үлескерлердің мәселесін шешу үшін, 1 миллиард долларды ауыл шаруашылығындағы жобаларды жүзеге асыру үшін және 1 миллиард долларды индустрияландыруды әрі қарай жүзеге асыруға бөлдік. Қаржы мақсатты түрде жұмсалды деп айтуға болады. Аталған дағдарыстан шығуға арналған бағдарлама өз септігін тигізіп, Қазақстан 2010 жылы қайтадан экономикалық өсімге бет бұра бастады. Ал мұндай қоры жоқ Грекия сияқты елдер әлі күнге дейін сол дағдарыстан шыға алмай келе жатқанын айтып өткен жөн. Бірақ бұл жағдай көпке созылған жоқ. 2013 жылы керемет экономикалық өсім болды. Бірақ 2014 жылдан бастап қайтадан бізде экономикалық дағдарыс бастылды. 2014, 2015, 2016 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 1 пайызды ғана құрады. Оны экономиканың тұрақтап қалуы дейміз. Егер де әлемдік экономиканың дамуынан  мемлекеттің экономикасы төмен болатын болса, онда ол елдің экономикасы тұрақтап қалған дейміз. Сондай жағдайларға тап болдық. Ал  2017 жылы  қайтадан экономикалық өсімге жете бастадық.

Енді голландиялық сот біздің ұлттық қордың активтеріне не үшін шектеу қойғанын түсіндірейін. Кезінде Анатол Стати деген инвестор еліміздің батыс бөлігіндегі мұнай орындарына инвестиция құйған. Ол мақсатты түрде өзінің жобаларын жүзеге асыра алмағанға ұқсайды. Оны толық зерттеу керек шығар.  Соңында инвестор Қазақстанмен соттасып кетеді. Ол  2010 жылдары болған оқиға. (Толығырақ оқуға болады). Молдавия үкіметінің өтініші бойынша  азаматтың құқығын қорғау үшін халықаралық сот біздің ұлттық қорға шектеу қояды. Былайша айтқанда ұлттық қорды бұғаттаған. Ұлттық қор бұғатталса, мемлекет ақшаны ала алмай қалады және ол қаражатқа өсім де жүрмейді. 22 миллиард деген өте үлкен қаражат. Ол ақшаны жай банкке салғанның өзінде бір жылда қаншама пайда көресіз. Ал ол бұғатталып тұрғаннан кейін ешқандай пайыз да ала алмайсыз, жәй тұрады. Не табыс әкелмейді бізге, қатып қалды деген сөз.   

Ал "голландиялық сот 22 миллиард АҚШ доллары көлемінде Ұлттық қордың активтеріне шектеу қою туралы шешімнің күшін жойды" деген қазақстандықтар үшін қуанышты жағдай. Себебі Қазақстан сотта жеңіп шықты деген сөз. Мәселенің ақ-қарасы анықталып, Қазақстанның ұлттық қоры қайтадан жұмыс жасауын жалғастырады дегенді білдіреді", - деді экономист.