1444

IT мамандары Қазақстанда алғаш болып кофе бетіне сурет салатын кәсіпті бастады

Жас жігіттер кәсіптерін бір ай бұрын бастаса да, қызығушылық пен сұраныс жоғары.
Фотография - IT мамандары Қазақстанда алғаш болып кофе бетіне сурет салатын кәсіпті бастады Сурет: today.kz

Кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында биыл шағын бизнеске бөлінетін қаржыны 20 миллиардқа дейін көбейтуге тапсырма берді. Иә, елдегі шағын кәсіптің даму қарқыны көңіл қуантады. Қазіргі таңда шағын бизнесін бастап, ісін дөңгелетіп отырған жастар жетерлік. Қазақстанда тұңғыш кофенің бетіне сурет салатын кофехана ашқан жас кәсіпкерлермен Today.kz тілдесіп қайтты.

Фото -

Жанболат Ошақбаев пен Тілеуберді Кәден осыдан бір ай бұрын ортақ кәсіп бастады. Қазір таңда да, түсте де, кеште де көпшіліктің қолынан түспейтін кофенің бетіне қалаған суретіңізді салып береді.

"Өзім Орымбек Жәутіков атындағы физика-математика мектебін бітірген соң, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне түстім. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң IT саласына жақын осындай бизнесті бастадық. Бұл біздің еліміздегі бірінші кофехана. Жаңашылдық деп айтсақ болады", – дейді Жанболат Ошақбаев.

Өзіңіздің суретіңіз бен селфиіңізді кофенің бетіне санаулы минутта салып беретін ерекше кәсіпті аяққа тұрғызуға кейіпкерлеріміз 3 ай еңбектеніпті. Үш айдың ішінде қажетті техниканы, қызметкерлер мен команданы жинап, кафе ғимаратын дайындаған.

"Кофенің бетіне сурет салатын техника Қазақстанда жоқ. Біз Қытайдан тапсырыспен алдырдық. Алдымен ол машинаны өзім үйрендім. Үйренуге бір айдай уақыт кетті. Сосын қызметкерлерге үйреттім. Қазір кафеде 6 қызметкер жұмыс істейді", – дейді кафе қожайыны.

Фото -

Кафені жастардың, әсіресе IT мамандарының ашқанын бірден аңғаруға болады. Әр үстелдегі жеке телефон қуаттағыш, түрлі ойындар, әрі жастардың жарты күнін алатын Instagram үшін әдемі кофе – қазіргінің азаматтары мен азаматшалары үшін ұтымды дүние.

"Кофені ұнатпайтын адамдардың өзі әдемі сурет үшін келеді. Кофені іше алмайтын келушілердің суретін сүт бетіне салып бере аламыз. Тапсырыс бар-жоғы 2 минутта дайын болады. Жаз айларында салқын сусын мен балмұздақтың бетіне сурет салып, ұсынсақ дейміз. Кәсібімізді кеңейткіміз келеді. Мұндай кафенің Алматының өзінде жалғыз болуы аз. Сондықтан Алматы қаласындағы сауда орталықтарынан осындай кафе ашқымыз келеді. Астанадан ашу жоспарда бар. Қазақстанның өзге қалаларында ашсақ та жаман болмас еді", – дейді Жанболат Рахметілдаұлы.

Фото -

Фото -

Жетістіктің жолы ешқашан түзу болған емес. Табысқа жетер жолда талай кәсіпкер қателіктен өтіп, сүріну арқылы ғана шыңға шықты емес пе? Бүгінгі кейіпкерлеріміз бизнес бастар кезде мына нәрселерді ескеру керектігін айтады.

"Мемлекеттен қаржы күтпеңіз. Оған көп уақытыңыз кетеді. Одан да жақындарыңыздан қарыз алып, бастап кетіңіз. Одан кейін кәсіпке келерде тек қана бір жоспармен келмеңіз. Қосымша тағы бір жоспар құрыңыз. Кәсібіңізді бастағаннан кейін басы-қасында өзіңіз жүріңіз", – дейді Жанболат Ошақбаев.

Жас кәсіпкерлер осы жобаға 6 миллион теңге салған екен. Шығын күн өткен сайын ақталып келеді. Себебі мұнда өз бейнесін кофе бетінен көргісі келетіндер көп жиналады. Today.kz те сергітетін кофенің көркін келтіріп жіберді.

Фото -

Фото -

Фото -

Загрузка...