1382

"7-20-25" бағдарламасының тиімділігі және оны қалай жақсартуға болады – сарапшы

Экономист Мақсат Халықов қазақстандықтардың неге ипотекаға бейім екенін түсіндірді.
Фотография - "7-20-25" бағдарламасының тиімділігі және оны қалай жақсартуға болады – сарапшы Көрнекі сурет

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы әлі де елде үйсіз отбасылардың көп екенін тілге тиек етіп, өзінің 5 әлеуметтік бастамасында халыққа тиімді болатын "7-20-25" ипотекалық бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама арқылы халық 7 пайыздық мөлшермен 25 жылға пәтерді ипотекаға алады. Пәтер құнының 20 пайызын алғашқы жарна ретінде төлейді. Сарапшы, экономист Мақсат Халықов Today.kz сайтына аталған бағдарламаның тиімді тұстарын жіліктеп және бұл бағдарламаны бұдан да қолайлырақ қылудың жолдарын ұсынды. 

Фото -

Мақсат Халықовтың пікірінше, бағдарламаның ең алғашқы артықшылығы – ипотеканың 7 пайыздық мөлшермен берілуі. Себебі еліміздегі ешбір банк мұндай пайызбен несие бере алмайды. Тіпті, оған қауқары да жетпейді. 

"7-20-25" бағдарламасы тиімді. Неге тиімді десек, оның 7 пайыздық мөлшерлемемен берілуі. Өйткені, 7 пайыздық ипотекалық несиені банктер беріп отырған жоқ. Олардың пайыздары әлдеқайда жоғары. Банктер дәл қазіргі күні 7 пайызбен несие беруге дайын емес. Олардың өзі Ұлттық банктен теңгені 9,25 пайыздық мөлшерлемемен алады. Одан кейін олар қалай несиені 7 пайызбен бере алады?" – дейді сарапшы. 

Келесі артықшылығы ретінде экономист ипотека уақытының 25 жылға дейін ұзартылуын атады. Несие берерде банктер тұтынушының төлем қабілетіне қарайды. Кейбір азаматтардың жалақасы жоғары болмай, несиенің айлық сомасын төлей алмауы мүмкін. Ал несие 25 жылға ұзартылса айлық төлем де азаяды. Бұл жалақысы орташа азаматтарға жақсы мүмкіндік. 

"Халық арасында "Жылы созылған сайын көп қаржы төлейміз, оның пайдасы қандай?" деген де орынды сауал бар. Бірақ несиені 25 жылға алу деген оны 25 жылға дейін созу деген сөз емес қой. Оны 10-15 жылдың ішінде алдын ала төлеп, жауып тастауға да болады. Сол кезде несиенің үстіне қосылатын қаржы да азайып, ақшаңызды үнемдейсіз", – дейді Мақсат Халықов. 

Бағдарламаның тағы бір тиімділігі – алғашқы жарнаның 20 пайыз болуы. Екінші деңгейлі банктердің алғашқы жарнасы қазір 30-50 пайызды құрайды. 

"Біздің халықта қаражатты жинау деген қиын нәрсе. Ақшаны жинай алмайды. Осы күнге дейін қарап отырсақ халық несиемен өмір сүріп келе жатқанын байқаймыз. Тауар алғанда да ақшаны жинап қолма-қол алғаннан гөрі, несиеге алғанды жөн көреді. Менің ойымша, ипотеканың алғашқы 20 пайыздық жарнасын бірден жинап бере салу халық үшін оңай емес. Баспанасы жоқ, бірақ үй алғысы келетін, 20 пайыздық жарнасын төлеуге де мүмкіндігі болмайтын азаматтарға бірыңғай зейнетақы қорына жинаған қаражаттан керекті сомма берілсе бұдан да тиімді болады. Осындай ұсынысым бар", – дейді сарапшы. 

Десе де, мүмкіндік болса үйді қолма-қол ақшаға алған жөн. 

"Ипотекаға алғаннан кейін пайызы бар, ол жыл сайын өседі. Белгілі дәрежеде артық төлем жасайсыз. Бұл негізінде тиімсіз. Әрине, мен кез келген азаматқа несие алмауға кеңес беремін. Несиеге төлеген артық төлемді әрқашан бала-шағаңызға, жақындарыңызға жұмсаған дұрыс қой. Мұндай бағдарламаға амал таусылғанда ғана барасыз. Мұның психологиялық жүктемесі болады. Мысалы, 20-25 жыл соны төлеп, психологиялық қысымда боласыз. Қолма-қол алған әрқашан тиімді. Кез келген уақытта оның бағасын түсіріп алуға болады", – дейді экономист маман. 

Айта кетейік, ҚР Ұлттық банкінің басшысы Данияр Ақышев "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша қалай баспана алуға болатынын қадам-қадамымен айтып берді.