655

Қазақстанда тұңғыш бюджеттік FlyArystan лоукостері құрылды

Air Astana FlyArystan деп аталатын бюджеттік бөлімшенің құрылғанын хабарлады.
Фотография - Қазақстанда тұңғыш бюджеттік FlyArystan лоукостері құрылды Сурет: today.kz

Қазақстандық әуе тасымалдаушы Air Astana FlyArystan деп аталатын бюджеттік бөлімшенің құрылғанын хабарлады, деп жазады Today.kz. Алматыда өткен баспасөз мәслихатында компанияның жоспарлары жарияланды. 

Бюджеттік әуе тасымалдаушының ұшақтар паркі Airbus A320 маркілі төрт борттан тұрады, онда эконом-классындағы 180 орын бар. 2022 жылы 15 ұшаққа дейін көбейту жоспарлануда. Алғашқы төрт лайнер Air Astana-ға жеткізіледі. Ол 2013 жылы алынған, авиация саласының өлшемі бойынша жаңа болып есептеледі. Алдағы уақытта флотты лизинг есебінен кеңейту жоспарлануда. 

FlyArystan маршрутының нақты кестесі жасалып жатыр, алғаш рет аспанға 2019 жылдың көктемінде ұшатын болады. 

Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер лоукостердің көмегімен азаматтарды ұшуға ынталандырмақ. 

"2020 жылға қарай FlyArystan-ның көмегімен Air Astana-ның жолаушылар легін қазіргі екі миллионнан жылына бес миллионға дейін көбейтпекпіз", – деді ол. 

Фостер FlyArystan Air Astana компаниясының қолдауымен құрылғанын, басқа көмекті қажет етпегенін айтты. 

"Нақты санды айта алмаймын, бұл – коммерциялық құпия. Көп қаражат кеткен жоқ. Қаржының көбі ұшаққа құрал-жабдық алуға жұмсалды", – деді ол. 

FlyArystan ұжымының басшысы болып лоукостермен жұмыс саласында 15 жылдық тәжірибесі бар Тим Джордан тағайындалды. Ол компания маршруттың үш түрі бойынша қызмет көрсететінін айтты. 

"Біріншіден, бұл ешкім ұшып көрмеген жаңа маршрут болмақ. Екіншіден, біз тек бір компания жұмыс істейтін маршруттарға шыққымыз келеді. Үшіншіден, бұл дамыған әрі танымал бағыттар. Орта есеппен 50-ге жуық маршрут жоспарлануда", – деді Тим Джордан. 

Оның сөзінше, жаңа компания аймақтық әуежайларды қолданатын болады. Өкілдерімен келіссөз жүріп жатыр. 

Естеріңізге салайық, 2018 жылдың 2 қарашасында ҚР инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбекпен, "Самұрық Қазына" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Эванспен және Air Astana әуекомпаниясының президенті Питер Фостермен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оларға Air Astana базасында бюджеттік әуекомпания құруды тапсырған болатын. 

Кейін Жеңіс Қасымбек жаңа әуе компаниясының билеті басқа тасымалдаушыларға қарағанда екі есе арзан болатынын мәлімдеді. 

Загрузка...