864

Данияр Ақышев теңгенің 2018 жылы не үшін 12 пайызға әлсірегенін түсіндірді

Қазақстанның ұлттық валютасы теңге 2018 жылдың басынан бері 11,8 пайызға – долларына 371,56 теңгеге дейін әлсіреді.
Фотография - Данияр Ақышев теңгенің 2018 жылы не үшін 12 пайызға әлсірегенін түсіндірді Сурет: today.kz

Қазақстанның ұлттық валютасы теңге 2018 жылдың басынан бері 11,8 пайызға – долларына 371,56 теңгеге дейін әлсіреді. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев бүгін ҚР Үкіметінің "Әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің орындалуының 2018 жылғы 11 айдағы қорытындылары туралы" отырысында айтып берді, деп хабарлайды Today.kz Ұлттық Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ол жыл қорытындысы бойынша инфляция 5-7% нысаналы дәліздің төмен шегіне жақын болады деп күтілетінін атап өтті.

"Қазақстан Ұлттық Банкі өзгермелі айырбастау бағамы режимін қамтамасыз етеді. Бұл бағамның Ұлттық Банктің қатысуынсыз валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс әсерімен ғана қалыптасатынын білдіреді. 2018 жылы теңгенің әлсіреуі соңғы айларда мұнайдың әлемдік бағасының серпініне, АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюына, АҚШ ФРЖ мөлшерлемесінің өсуіне, Ресей рублінің әлсіреуіне байланысты болды", – деп түсіндірді Ақышев.

Ақышев айтқандай, Қазақстан Ұлттық Банкі нысаналы мәндерді белгілемейді және айырбастау бағамы үшін қандай да бір индикаторды пайдаланбайды. 

"Қазіргі өзгермелі айырбастау бағамы саясатының бұрынғы саясаттан негізгі айырмашылығы  – бұрын мемлекет Қазақстан Ұлттық Банкі арқылы теңге бағамын өзгерту уақыты мен мөлшерін өз қалауымен айқындады. Қазір бағамды экономика мен қоғам дербес айқындайды. Ол саяси шешімдер мен оқиғаларға тәуелді емес", – деп түсініктеме берді Ақышев.

Оның айтуынша, соның салдарынан, теңге бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың балансы негізінде өзгермелі жағдайға автоматты түрде түзетіледі және тепе-тең деңгейге ұмтылады.

Данияр Ақышев Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынвалюта резервтері туралы да айтып берді.Ол қарашаның соңында алдын ала деректер бойынша олар 30,2 миллиард АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 57,6 миллиард АҚШ доллары болғанын атап өтті. Жалпы халықаралық резервтер 87,8  миллиард АҚШ долларын құрады.

Загрузка...