887

"Qazaq Banki" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енді

Банк салымшыларының өз ақшаларын қалай алатыны айтылды.
Фотография - "Qazaq Banki" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енді Көрнекі сурет

Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 24 қазандағы "Qazaq Banki" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды  Today.kz ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жеке және дара кәсіпкерлердің "Qazaq Banki" АҚ-тағы салымдарда орналастырылған, ағымдағы шоттардағы және төлем карточкаларындағы ақшаны өтетіп алу құқығы бар. 

"Өтемақы жинақталған сыйақы ескеріле отырып, депозит бойынша қалдық сомасы шегінде, бірақ төмендегі ең көп кепілдік берілген сомадан аспайтын мөлшерде "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ-тың қаражатынан төленетін болады: 10 миллион теңге – ұлттық валютадағы депозиттер бойынша, 5 миллион теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша. Бір салымшының "Qazaq Banki" АҚ-та теңгемен де, шетел валютасымен де орналастырылған депозиттері бойынша жиынтығы 15 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде өтемақы төленеді, бұл ретте шетел валютасындағы депозит бойынша – баламасы 5 миллион теңгеден аспайды", – делінген хабарламада. 

Шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен төленеді: агентбанкте ақшаны нақты алу күніне қарамастан өтемақы сомасын есептеу үшін 2018 жылғы 12 желтоқсандағы айырбастау бағамы қолданылатын болады

Салымдар бойынша сыйақыны есептеу және капиталдандыру 2018 жылғы 12 желтоқсанда тоқтатылды. "Qazaq Banki" АҚ-тың салымшыларына "Банк ВТБ (Қазақстан)"АҚ ЕҰ агентбанк арқылы төлеу 2018 жылғы 24 желтоқсанда басталады. 2018 жылғы 24 желтоқсанға дейін "Банк ВТБ (Қазақстан)" АҚ ЕҰ салымшылардың өтініштерін қабылдауға және кепілді өтемақы төлеуге құқылы емес. "Банк ВТБ (Қазақстан)" АҚ ЕҰ агент-банкі өтемақыны алты ай ішінде төлейтін болады – 2018 жылғы 24 желтоқсаннан бастап 2019 жылғы 24 маусымға дейін. 

Ол үшін жеке тұлғалар және дара кәсіпкерлер - "Qazaq Banki" АҚ-тың клиенттері агент-банктің Қазақстан аумағындағы кез келген филиалына немесе бөлімшесіне жүгінуге құқылы. ҚДКҚ арнайы резерв қаражаты есебінен "Банк ВТБ (Қазақстан)" АҚ ЕҰ агентбанкін "Qazaq Banki" АҚ-тың салымшыларына өтемақы төлеу үшін толық көлемде ақша қаражатымен қамтамасыз етеді.

24 желтоқсаннан бастап салымшылардың өтініш беруі және өтемақы алуы үшін Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Талдықорған, Тараз, Орал және Өскемен қалаларындағы агент-банк филиалының және бөлімшесінің кез келген операциялық залына өтініш беруі қажет. 

Өзінде жеке басын куәландыратын құжаты болуы қажет, ал салымшыны сәйкестендіру жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бойынша жүзеге асырылады. Қолданыстағы төлем қағидаларына сәйкес талап ету құқықтарын растау үшін банктік салым шарты немесе кіріс кассалық ордерлер талап етілмейді. "Qazaq Banki" АҚ салымшысының өкіліне нотариат куәландырған сенімхат бойынша өтініш беруге және өтемақы төлеуге рұқсат етіледі. "Qazaq Banki" АҚ салымшыларының қолма-қол ақшаны агент-банктің кассасынан немесе қолданыстағы банктік шоттан қолма-қол ақшасыз аударым арқылы алуына болады. "Qazaq Banki" АҚ салымшылары агент-банктің қолданыстағы депозиттік бағдарламалары бойынша өтемақы сомасына агент-банкте депозит немесе шот аша алады. 

"Qazaq Banki" АҚ-тың 18 246 салымшысының ішінен 17 369 салымшының кепілдік берілген сома шегінде депозиттері бар және өтемақыны толық көлемде алады. 877 салымшының кепілдіктің ең жоғары сомасынан жоғары талаптары бар – бұл жағдайда агент-банктен өтемақы алумен қатар, олар (салымшылар) "Qazaq Banki" АҚ-тың тарату комиссиясына кепілдікпен өтелмейтін сомада өз талаптарын ұсынуға құқылы.