811

ҚР Ұлттық Банкі "ҚазАгроға" 450 миллиард теңге инвестициялады

"ҚазАгро" ҰБХ" АҚ агроөнеркәсіптік кешенді индустриалдық дамытуды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі институт.
Фотография - ҚР Ұлттық Банкі "ҚазАгроға" 450 миллиард теңге инвестициялады Сурет: nb.kz

БЖЗҚ-ның 450 миллиард теңге сомасындағы зейнетақы активтері "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың айналыс мерзімі 15 жылдық облигацияларына нарықтық талаптармен және жылдық 10%-дық сыйақы мөлшерлемесімен инвестицияланды, деп хабарлайды Today.kz ҚР Ұлттық банкінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

"Осылайша, бір жағынан, жоғарыда көрсетілген инвестициялар БЖЗҚ салымшыларына жыл сайын біршама инвестициялық кіріс әкелетін болады, екінші жағынан – саланы қаржылай қалыпқа келтіру есебінен агроөнеркәсіптік секторды одан әрі дамытуға және жетілдіруге, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының борыштық жүктемесін төмендетуге, бағамның нарықтық ауытқуларына байланысты валюталық тәуекелдердің азаюына, сондай-ақ кредиттеу көлемінің ұлғаюына айтарлықтай қолдау көрсетеді", – делінген хабарламада. 

"ҚазАгро" ҰБХ" АҚ агроөнеркәсіптік кешенді индустриалдық дамытуды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі институт болып табылады. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы мемлекет "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың жалғыз акционері болып табылады. Халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары кредиттік бағасына ие болған холдинг бағалы қағаздар нарығындағы сенімді қарыз алушылар қатарына жатады. Мәселен, "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Fitch Ratings агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша оң болжаммен "ВВВ-" деңгейінде тұр. Холдингтің меншікті капиталы 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 244,9 млрд. теңгені құрайды.