985

АХҚО елордаға инвестицияны қалай тартады

Бүгін Нұр-Сұлтанда Астана экономикалық форумының екінші күні өтуде.
Фотография - АХҚО елордаға инвестицияны қалай тартады Сурет: АХҚО баспасөз қызметі

Бүгін Нұр-Сұлтанда Астана экономикалық форумының екінші күні өтуде. “Ынталандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономика” тақырыбында өтіп жатқан биылғы форумда түрлі өзекті тақырыптар бойынша көптеген панельдік сессиялар өтіп жатыр. Солардың бірі - “Жаһандық Жібек жолы – қаламгрлерінің форумы”. Бүгінгі қалалар мен олардың даму болашағын талқыланған сессияға елорда әкімі Бақыт Сұлтанов, Таллин қаласының мэрі (Эстония) Михаил Кылварт, Мәскеу қаласының сыртқы экономика және халықаралық қатынастар департаментінің жетекшісі, Үкімет министрі Сергей Черемин, “Астана” халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Соты аппараты және Халықаралық арбитраждық орталығы жетекшісі мен тіркеушісі Кристофер Кэмпбелл-Холт және т.б. білікті сарапшылар қатысты.

Панельдік сессияда алғашқылардың бірі болып бас шаһар әкімі Бақыт Сұлтанов сөз алды. Ол форум қонақтарына алғыс білдіріп, елорданың бүгінге дейін жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.

"Құрметті меймандар, алдымен осы сессияға келген барлық қонақтарға алғыс айтамын. Осымен екінші реет өткізіліп отырған аталмыш сессия биыл Астана экономикалық форумы аясында өткізіліп отыр. Сіздермен бірге тек осы өңірдің ғана емес, жалпы жаһандық маңызы бар тақырыптарды талқылайтын боламыз. Өздеріңіз білесіздер, елорданың құрылғанына аз ғана уақыт өтсе де, қала бүгінде орасан зор жетістіктерге жетіп үлгерді. ЖІӨ 6 есеге өсіп, шаһар кәсіпкерлікті дамытуға ден қойды. Осылайша үш астаналықтың біреуі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын деңгейге жетті. Сол сияқты қала республика бойынша баспанамен қамтамасыз ету және оның сапасы жөнінен алдыңғы орында тұр. Елорда бүгіннің өзінде әлемнің 32 елінің 42 ірі компанияларыме н жұмыс жасап отыр. Нұр-Сұлтан – елімізді әлемге танытқан шаһар ғана емес, сондай-ақ,  Орталық Азияның қаржы-экономикалық орталығына айналды”, - деді шаһар әкімі.

Сессияда сөз алған спикерлердің қатарында АХҚО Соты және Халықаралық арбитражды орталығының жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт та болды. Ол АХҚО елордаға қалай инвестиция тартатынын атап өтті.

"Маған Лорд Вульфпен – әлемге танылған заңгер және судьямен жұмыс жасау мүмкіндігі туды. Мен осы қалаға келіп, қызмет еткеніме қуаныштымын. Себебі қаланың әлеуеті расымен зор. Жалпы Нұр-Сұлтан халқы қонақжай және мұнда таланты жастар өте көп. Қала бизнес хаб сияқты қарқынды дамуда. Онымен бірге тұңғыш Презденттің бастамасымен құрылған АХҚО-да дамып келеді. Өңірлік қаржылық хаб бүгінде Қазақстанға инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. АХҚО-да алғашқы IPO өткізіліп, орталыққа 160 қатысушы тіркеліп үлгерді. Сол сияқты өңірлік қаржылық хабта халықаралық сот жұмыс істейді. Оның ерекшелігі – ол тәуелсіз орган болып табылады. Қазір бізде 14 айда алғаш іс қаралып жатыр. Ол біздің осы айлар бойғы еңбегіміздің жемісі деп білемін. Бізде алғаш істі қарау үшін кеңсе, цифрлық технологиялар сынды барлық жағдайлар жасалған. Тараптар қалаға келмей-ақ тыңдалымға қатыса алады. Алдағы уақытта біз осы қалаға бұдан да көп инвестиция тартамыз деген сенімдеміз”,-деді АХҚО Соты және Халықаралық арбитражды орталығының жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт.

Еске сала кетейік, Астана экономикалық форумы осымен XII реет өткізіліп отырған ауқымды шара. Форумның алғашқы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысқан еді.