Балқаш көлі Арал теңізінің кебін киюі мүмкін. Бұл пікірін Еуропарламент депутаты Струан Стивенсон Ауғанстан, Тәжікстан және Қазақстанға жасаған іссапарының қорытындысы бойынша бүгін Алматыда берген баспасөз мәслихатында айтты.
«Cу мәселесімен 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасының Орталық Азиядағы экология және қоршаған орта мәселері бойынша өкілі болып тағайындалғаннан бері айналысып келе жатырмын. Таза ауыз суға қол жетімділік адам құқының бөлінбес бөлшегі. Өкінішке орай Сырдарияның төменгі ағысындағы көптеген елдер көп жағдайда таза ауыз суға қол жетімділіктен айрылған. Жалпы, Орталық Азиядағы су ресурстары мәселесі біз жорамалдағаннан да ауқымды», - дейді С.Стивенсон.
Оның айтуынша, Арал мәселесі бүкіл Орталық Азияға ортақ. Ол сондай-ақ, Орталық Азияның бір бөлігінде жатқан Ауғанстан аумағының да 40 пайызын қамтиды. Арал теңізі апаты енді Балқашта қайталануы мүмкін. Сондықтан су мәселесін шекаралас елдер келіссөздер мен өзара ынтымақтастық арқылы шешуі керек. С.Стивенсон Орталық Азиядағы экологиялық ахуалға Еуропалық одақтың назарын аудартуда әртүрлі шараларды қолға алуда. Таза ауыз суға қол жетімділікті шешуде еуропалық көздер арқылы техникалық көмек көрсетілмек.
сурет ucoz.com сайтынан