Иран өз жүзушісінің рекордын тіркемеді

Фотография - Иран өз жүзушісінің рекордын тіркемеді

Каспий теңізінің жағалауын жүзіп өтіп, рекорд жасаған ирандық әйел осы жетістігін тіркеуден бас тартқан ел үкіметіне әлеуметтік желілер арқылы наразылығын білдірді.

232 0

Каспий теңізінің жағалауын жүзіп өтіп, рекорд жасаған ирандық әйел осы жетістігін тіркеуден бас тартқан ел үкіметіне әлеуметтік желілер арқылы наразылығын білдірді.

Суға малшынған көйлек, оның сыртынан ұзын жамылғы киіп, басыңызға суда жүзуге арналған бас киім, оның үстінен шаш пен мойынды түгел жасырып тұратын орамал тағып жүзіп шықсаңыз, ал басшылық сізді «тым ашық киінген» деп жазғырса, қандай күй кешер едіңіз?

Маусымның 11-і күні 8 сағат ішінде Каспий теңізінің Иран жақ жағалауының 20 шақырымын жүзіп өтіп, Иран әйелдері арасындағы рекордты жаңартқан Елхам Асгари дәл осындай киім киіп шыққан. Оның рекорд жаңарту сәтін бірнеше әйел қайықтардан бақылап тұрған. 32 жастағы спортшы Ноушахрдағы әйелдерге арналған жағалауды бойлай жүзіп өткен. Мұнда ерлердің келуіне тыйым салынғандықтан, оның жетістігін бірде-бір ер кісі көре алмады.

Алайда Асгаридің айтуынша, ресми орындар "киімі ислам талаптарына сай келмейді" деп, оның рекордын есепке алудан бас тартқан. Асгари ел ішіндегі ахуалға байланысты Азаттық радиосына сұхбат беруден бас тартты, бірақ Иран ақпарат құралдарына пікір білдіріп, сөйлеген сөздерінің бейнетаспасын YouTube сайтына орналастырды.

«Ол күні киімім денемді түгел жауып тұрды. Менің жеті куәгерім бар және әйелдерге арналған жағалауда жүздім. Онда бірде-бір ер адам болған жоқ. Енді олар менің киімімді исламға қайшы дейді. Өздері 20 метр де жүзе алмайтындар менің 20 шақырым жүзіп өткен рекордымды тартып алды» дейді спортшы.

Асгари 27 маусымда «Баһар» басылымына берген сұхбатында «ресми орындардың бұл рекордты есепке алмау себебі - Иран Ислам Республикасында әйелдердің ашық суда жүзуіне арналған киім үлгісі әлі бекітілмеген» деген мәлімет келтірген.

Асгари бұл шешіммен келіспейді және барлық спорттық мекемелерге хабарласып, әлеуметтік желі арқылы әділдік жолындағы күресін бастап кетті.

«Қысымнан тосылып қалмаймын» дейді ол YouTube сайтындағы сұхбатында. Оның айтуынша, жүзу тек ерлерге тән спорт түрі емес. Асгаридің бұл бейнежазбасы әлеуметтік желі арқылы кең тарап кетті.

 


Тегтер:

Иран

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!