Меркель: Заңсыз мигранттар мәселесі Грекиядағы дағдарыстан да маңызды

Фотография - Меркель: Заңсыз мигранттар мәселесі Грекиядағы дағдарыстан да маңызды

Бас сауғалаған босқындар күллі Еуропаны тығырыққа тіреуде

225 0

Соңғы бір айдан бері Жерорта теңізінен Еуропаға 100 мыңнан астам адам бас сауғалаған.

 Шекара аспақшы болған жүздеген адамды құтқарушылар күн сайын теңізден шығаруда. Германия канцлері Ангела Меркель заңсыз мигранттар мәселесі қазір Грекиядағы дағдарыстан да маңызды болып тұрғанын жеткізді.

 Сүңгуірлер судан шығарған бұл жеткіншектің талқаны таусылған екен. Жақындары да теңізге батып, жан тапсырған. Жыл басынан бері соғыс пен кедейшіліктен қашып, еркіндікке талпынған 2 300 адамның жансыз денесі теңізден табылды. Ал 15 тамызда адамдарды заңсыз тасымалдайтын қайықта ауа жетпей, 49 жан көз жұмған.

Микеланджело Патане, Катания қаласының прокуроры:

- Бұл қайықта тірі қалғандар капитан мен оның көмекшісін кінәлап отыр. Олар сыртқа шығуға талпынғандарды кері итерген. Қозғалтқыштан бөлінген газ да тар жерде отырған адамдарды улаған.

 Қасақана қастандық жасады деген күдікпен жастары 18-ден енді асқан 8 адам ұсталды. Қазір бұл оқиғаның жай-жапсары жіті тексерілуде. Бірақ заңды белшесінен басқандар айылын жимай тұр. Адамдарды заңсыз тасуды кәсіпке айналдырғандардың қатары көбейді. Италия мен Грекия жағалауына маусымда 70 мың адам жеткізілсе, шілдеде бұл көрсеткіш 107 мыңға жетіп жығылған.

Джоэль Мильман, Халықаралық мигранттар ұйымының өкілі: - Күніне Италия мен Грекияға теңізшілер құтқарған мыңдаған адам жеткізіледі. Жылдың бітуіне 135 күн қалғанын ескерсек, Еуропаға жыл соңына дейін 300 мың келімсек келеді.

Осылайша бостандық іздеген босқындар саны былтырғыдан да екі есеге артуы мүмкін. Келімсектердің дені – Сирия, Ирак, Ауғанстаннан ауып келгендер. Көпшілігі Германиядан пана іздейді.

Томас Де Мезьер, Германияның Ішкі істер министрі: - Ішкі істер министрлігі осы жылға өз болжамын дайындауда. Ол жақын күндері жарияланады. Неміс жұртшылығын ескерткім келеді, келімсектер біз күткеннен де көп болады.

Бас сауғалаған босқындар күллі Еуропаны тығырыққа тіреуде. Келімсектерді құшақ жая қабылдап жатқан ешкім жоқ. Керісінше соңғы кездері мигранттар шоғырланған шатырларға шабуылдар көбейген.

24.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!