Меккеде жұма намазы + 45 градус (ФОТОБАЯН)

Фотография - Меккеде жұма намазы + 45 градус (ФОТОБАЯН)

Жұма – ұлық күн. Мекке – пайғамбарлар ізі қалған, күллі мұсылманның намазда бет түзейтін Қағбасы бар қасиетті қала. Қасиетті жұма күніндегі жұма намазын осы қасиетті қала – Меккеде өтеуді Алла нәсіп етті.

218 0

Жұма – ұлық күн. Мекке – пайғамбарлар ізі қалған, күллі мұсылманның намазда бет түзейтін Қағбасы бар қасиетті қала. Қасиетті жұма күніндегі жұма намазын осы қасиетті қала – Меккеде өтеуді Алла нәсіп етті.

"Күн шуағы шашылған күндердің ең қайырлысы – жұма", – депті әз пайғамбар Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын). Жұма – басқосу деген мағынаны білдіреді.

18 қыркүйекте (жұма күні) күллі әлемнен қажылыққа жиналған мұсылман үмбеті жұма намазда басқосты. Мұндай бақыт бізге де бұйырғанына тәубе дейміз. Асылында Исламдағы көпшілікпен атқарылатын құлшылықтар (қажылық, айт, жұма, тарауық, күнделікті бес уақыт намаз, т.б.) бауырмалдыққа бастайды, бірлікке жетелейді. Хақ Елшісі жұмысты тастап, жұмаға баруды бұйыруында қайыр көп.

Меккені жайлаған жамағат жұма намазына таң намазынан бастап дайындалады. Тіпті, таңғы құлшылықты өтеген жұрт сонда қалып, жұманы күтеді. Өйтпеске де болмайды. Себебі, әл-Харам мешітінің (Қағба тұрған орын) ауласы үлкен. Табаныңыздан тозып, кіріп-шығуға бір сағат уақытыңызды шығындайсыз. Намаздан шығып, қонақүйге жаяулатып жетем дегенше, келесі парыз намаз алдыңыздан "күтіп алады".

Мекке Қағбасымен құнды. Мекке – тек құлшылықтың қаласы. Қу нәпсіні түрткілейтін тіршіліктің қызықтарынан ада. Ыстық ауа, тақыр тау, адым сайын Алланың үйі. Азан шақырылғанда тіршілік тоқтайды. Бәрі мешітке қарай ағылады. Жұма күні тіпті адам нөпірі көп.

Біз де жамағатпен бірге әл-Харамға қарай бет алдық. Өзіне күннің қатты қызуын жинаған тас жолдан бетке ұрған ыстық леп кеңсірікті кептіріп жіберердей. Бұл да – Алланың мейірімі ғой. Ыстық климат қажылық орындауға, дер кезінде бойдәрет алып, намаз өтеуге ыңғайлы. Құдайдың қарасқаны дерсің. Әйтпесе, суық ауада қажылық рәсімдерін (Мина жазығында жату, Мұздалифада түнеу, т.б.) орындап көріңіз...

Тақырыптан тыс толғам

"Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің" дегеннің мәніне бұрын бойламайтынбыз. Балалық болар. Енді "өз еліңнің қадірін өзге жерге барғанда білесің» дегенді айтқымыз келіп отыр. Біздің Алматыдағы "Нұр Мүбәрак" университетіне келген араб ұстаздар: "Сендер жер бетіндегі жәннат мекенде тұрасыңдар. Қыста қардың қызығын көресіңдер, көктем, жазда жаңбырдың рахатына бөленесіңдер, жерлеріңде жемістің бәрі өседі. Алланың төрт мезгілін көресіңдер", – деп таңданады екен. Осы сөз жолай ойға оралған соң тақырып арасына "тықпылап" жатқанымыз ғой.

Ойға шомып жатқанда мешітке де аңдап қалыппыз. Қажылық маусымында қызметке тартылған тәртіп сақшылары, жол полициясы келген мұсылмандарды тек "қажы" деп ишарат жасайды. Құрмет білдіргені деп білеміз. Намаз уақытына бір жарым сағат бұрын барсақ та іште орын жоқ екен. Мешіт ауласында оқуға тура келді. Күн тас төбеде. Хадисте айтылғандай, әл-Харам мешітінде оқылған намаздың сауабы өзге мешітте оқылған намаздан 100 мың есе артық. Сауаптын құр қалсын ба? Күннің ыстығы, басқасы, қолайсыз жағдайлар мұндайда еленбейді. Намаз қабыл болса құп. Қалғанына шыдауға болады. Шыдаймын деп денсаулығы сыр беріп қалғандар да кездеседі.

"Сабыр" деген сөзді көп жағдайда ашуланған кезде айтамыз. Сабырдың да сан түрі бар екен. Соның бірі – құлшылықта сабыр ету. Жаратушыға жақындау үшін құлшылықтағы қиындыққа сабыр етуге тура келеді. Жан мен тәннің қиналғаны – сауаптың жиналғаны. Сауап жинауда шек жоқ. Бір қызығы, әлгі тәртіп сақшыларының айналасындағы адамдардың басына арнайы құрылғымен су бүркіп жүр. Сәл де болса салқындасын деген ниеті ғой. Сол ниеті үшін де ішің жылып қалады екен. Әйтпесе, бір-екі тамшы су 45 градус ыстықта не рөл ойнайды дерсіз. Жоқ. Ниет амалдан қайырлы. Бәрі ізгі ниеттен бастау алмақ.             

45 градус ыстықта намаз өтеп, су тер болған жамағаттың құлшылығы қабыл болғай деп тілейміз.

muftyat.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!