ДДСҰ зерттеулеріне сенбеген Еурокомиссия мамандары ет құрамын зерттемек

Фотография - ДДСҰ зерттеулеріне сенбеген Еурокомиссия мамандары ет құрамын зерттемек

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жақында жариялаған мәліметтері халықты таң-тамаша етті

142 0

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жақында жариялаған мәліметтері халықты таң-тамаша етті.

Беделді мекеме өңделген таза ет канцерогенге толы деген қорытындыға келді. Еуропалық комиссия сарапшылары бұл зерттеулердің нәтижелерін енді өздері тексеріп көрмек. Себебі бельгиялықтар да етсіз күнін елестете алмайтын сияқты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызыл етті адамзат үшін аса қауіпті азық-түліктің қатарына қосты. Оның ішінде сиыр, бұзау, қой, жылқы, ешкі еті мен шұжық түрлері және өңделген ет өнімдері бар. Алаңдаушылық білдірген Еурокомиссия мамандары ұйым зерттеулерінің қорытындыларын өздері тексермекші.

Энрико Бривио, Еурокомиссияның ресми өкілі:

- Бұл біздің әдеттегі тәжірибеміз. Сарапшыларымыз осы зерттеулерді мұқият қарап шығады. Кейін азық-түлік қауіпсіздігін қадағалайтын еуропалық мекеме ұйымның жариялаған мәліметтеріне түсініктеме береді.

Сарапшы өз сөзінде еуропалық заңнама мен басқару жүйесі қызыл ет және басқа да өнімдердің сапасына кепіл беретінін екендігін ескертті.

Хендрик Дирендонк, ет мейрамханасының қожайыны:

 - Қазір қызыл етке қатысты түрлі жағымсыз жарнамалар шығып жатыр. Оларда бұл өнімнің холестерині көп деп айтылған. Салдарынан қызыл етке қызығатын адамдар саны азайды. Халық тек сапалы ет сатып алуға тырысады. Брюссель мейрамханаларының аспаздары тек денсаулыққа қауіпсіз өнім алады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулері дәрігерлердің күнделікті айтып жатқан ұсыныстарымен сәйкес келеді. Ақ халаттылар азырақ тамақтанып, қызыл етке аса құмартпағанды жөн көреді.

Микаэль Сэлс, онколог-диетолог:

- Жүргізілген зерттеулер еттің қатерлі ісік дертіне әкеп соқтыратынын дәлелдеген жоқ. Еттен бөлек басқа да зиян өнімдер бар. Ластанған ауа да кері әсерін тигізуі мүмкін. Ал ет құрамында ақуыз, дәрумендер, темір, мырыш сынды пайдалы заттар бар. Бірақ оны тек белгіленген көлемде жеу керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жариялаған ақпараты ет өндірушілердің наразылығын тудыруда. Кәсіпкерлердің пікірінше, адам ағзасына еттің өзінен бұрын оған қосатын тұз, майлар мен дәмдеуіштер зиян.

Тьерри Смагге, Бельгияның Ауыл шаруашылығы федерациясының төрағасы:

- Адамдар өмір бойы ет пен шұжық жеуге дағдыланған. Ол дұрыс. Бірақ біздің елде ет өнімдеріне салынатын тұз бен майлардың көлемі азайтылуда.

Айта кетсек, үстінен тұздық құйылған қуырылған стейк – бельгиялықтардың сүйікті тағамы. Сондықтан Денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары халықтың етке деген ықыласына қандай да бір әсер ете қоюы екіталай.

24.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!