Қытайда қазақтың ұлттық билері мектеп бағдарламасына енгізілді

Фотография - Қытайда қазақтың ұлттық билері мектеп бағдарламасына енгізілді

Қытайдағы қазақ мектептері "Қара жорға" мен "Қамажайды" ресми түрде оқу бағдарламасына қосты

666 0

Қытайдағы қазақ мектептері "Қара жорға" мен "Қамажайды" ресми түрде оқу бағдарламасына қосты.

Яғни оқушылар күнделікті орындауға міндетті жаттығу орнына, енді ұлттық би қимылдарын жасайды. Бұл бастамаға жергілікті билік тарапынан да ешқандай қарсылық болмаған. Қайта, оны бірден қолдап, міндетті оқу жүйесіне бекітіп берді.

Бұл – кезекті флешмоб емес, Қытайдағы қазақ мектептерінде жасалатын күнделікті жаттығу. Бірақ бұны той томалақта билейтін "Қара жорға" немесе "Қамажаймен" шатастыруға болмайды. Сөзі, әні, тіпті қимылына дейін оқушыларға бейімделіп жасалған. Оны мектеп ұжымы осылай күніне 25 минуттық үлкен үзілісте орындайды.

"Қаражорға" биі Қытайдағы қазақ мектептері бағдарламасындағы ерекшеліктердің бірі ғана. Оқу ордасымен жақын таныса келе тағы бірнеше қызықты жайтқа жолықтық. Мәселен, қыздар жатақханасы. Оның қабырғасында «Қызға 40 тыйым» деген нақыл сөздер жиынтығы бар. Бұл – тек нақыл сөздер емес, ереже мен талап. Яғни оны сақтамағандар қатаң ескерту алады, тіпті оқудан шығарылады.

Жанар Иманәліқызы, №1 қазақ орта мектебінің директоры:
- Қыздар – болашақ аналар. Сондықтан осындай жан-жақты, сымбаттылық, адамгершілік, мінез-құлық жағында мін болмауы тиіс. Балаларды осы талапқа түсті ме, түспеді ме деп ай соңында, маусым соңында бағалап отырамыз.

Бір ерекшелігі Қытайдағы қазақ мектептерінде күніне 8 сабақ болады. 8-сабақ – ұлттық өнерге баулу пәні. Яғни оқушылар қолөнер, кесте тігу, аспап жасаудың қыр-сырын үйренеді. Бұл – кейінгі кезде оқу бағдарламасына енгізілген жаңалықтардың тағы бірі.

Нұркамал Тілеуқабылұлы, 10-сынып оқушысы:
- Барлық оқушылардың өз өнерлерін жетілдіруге, қызығатын істерін істеуге жағдай жасап берді. Оқушылар бұл мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Мәселен, мен қолөнерге қызығатынмын. Қазір соны үйреніп жатырмын.

Алнегізгі сабақтар қазақ және қытай тілінде жүреді. Бұған қоса ағылшын пәні қоса оқытылады. Біз бас сұққан Құлжа қаласындағы қазақ мектебінің сексен жылдық тарихы бар. Дегенмен оқу ордасының Қазақстандағы білім ошақтарымен әлі күнге дейін еш байланыс орнатпаған. Бірақ еліміздің білім-ғылым жүйесімен танысып, екіжақты тәжірибе алмасуға ниетті екендігін жеткізді.

24.kz


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!