Британияда 50 мыңдай медқызметкер ереуілге шықты

Фотография - Британияда 50 мыңдай медқызметкер ереуілге шықты

Бұл – ақ халаттылардың соңғы 40 жылда ұйымдастырған алғашқы наразылық шарасы.

230 0

Олар үкіметтің уақыттан тыс жұмыс үшін төленетін ақыны қысқарту жоспарына қарсы бас көтерген.

Бұл – концерт емес, британдық дәрігерлердің жанайқайы. Олар "Денсаулық сақтау жүйесін құтқарыңдар, себебі біз сіздердің өмірлеріңіз үшін күресіп жүрміз", деп ұрандатуда. Ақ халаттылар соңғы 40 жылда алғаш рет шеруге шықты. Себебі үкімет түнгі ауысым мен уақыттан тыс атқарылатын жұмыс үшін төленетін ақыны алып тастағалы жатыр.

Сара Тайлер, жансақтау бөлімінің дәрігері:
- Бәріміз – 25 жастағы түлекпіз. Мұндағылардың көбі – 30-да. Олардың балалары, несиелері бар. Сондықтан жалақының 30 пайызын жоғалту – үрейлі жағдай.

"Дәрігерлердің Британдық қауымдастығының" өкілдері: "Жаңа жүйе бойынша жұмыс сағатының шегі белгіленбейді, ал бұл науқастар үшін өте қауіпті болып табылады", - дейді.

Херманшоо Такар, балалар хирургиясы бөлімінің дәрігері:
- Мен онсыз да тоқтаусыз 24 сағат жұмыс істеймін. Күні-түні еш тыным жоқ. Енді еңбекті қорғау қағидаттарын алып тастаса, онда әкімшілік қанша сағат керек болса, сонша уақыт жұмысқа жегіп қоятын болады. Қатты қалжыраймыз. Мұның кесірі науқастарға тиеді.

Елдің үкімет басшысы Дэвид Кэмерон дәрігерлерді шеруге шықпауға шақырған болатын. Бірақ медицина қызметкерлері оған құлақ асар емес. Осының салдарынан мыңдаған операция уақытылы жасалмай, кейінге шегерілді. Дәрігерлер қаңтар айында тағы 2 күнге ереуілге шығамыз деп мәлімдеді. Ал 10 ақпанда жансақтау бөлімінің қызметкерлері 9 сағатқа жұмыстарын тоқтатуды жоспарлап отыр.

24.kz


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!