Түркияның туризмнен келетін табысы 2,8 млрд долларға азайды

Фотография - Түркияның туризмнен келетін табысы 2,8 млрд долларға азайды

Түрік билігі осы олқылықтың орнын толтыру үшін сәуір айында Анталья қаласында өтетін EXPO көрмесіне үлкен үміт артатынын айтып отыр.

171 0

Елдің статистика агенттігі таратқан мәлімет бойынша, туризм саласындағы түсім, әсіресе Анкара мен Мәскеу арасындағы ұшақ кикілжіңінен кейін күрт кеміген. Оның үстіне Таяу Шығыстағы дүрбелең, жантүршігерлік лаңкестік әрекеттер Түркияның туристік әлеуетін әлсіретіп тастады. Салдарынан биыл саяхаттап барғандар саны 2 миллионға азайған. Енді түрік билігі осы олқылықтың орнын толтыру үшін сәуір айында Анталья қаласында өтетін EXPO көрмесіне үлкен үміт артатынын айтып отыр.
Түркияның туризм саласы былтыр 31,5 млрд долларға жуық пайда тапқанымен, жалпы кіріс мөлшері соңғы 10 жылда алғаш рет кеміп кетті. Өйткені бұл елге саяхаттап келушілердің қарасы анағұрлым азайып отыр. Елдегі статистика агенттігі жариялаған деректер бойынша 2015 жылы туристердің саны Италиядан 27%, Жапониядан 39%, ал Ресей мен Франциядан 18%-ға азайған.

Махир Юнал, Түркияның Мәдениет және туризм министрі: - Түркия бұл дағдарысты еңсеруге қауқарлы. Өйткені жаһанды жайлаған түйткіл бізді ширатып, ілгері ұмтылу үшін тың серпін береді. Соңғы екі жылда туризм саласын әртараптандыру тұрғысында бірқатар маңызды жоба қабылданды. Осы 10 күн ішінде Германия, Нидерланд мен Испанияда болып, алдағы маусымда ресейлік туристердің орнын толтыру үшін бірқатар келісімжасастық. Оның үстіне Антальяда жуырда ғана «Үлкен жиырмалық» саммиті өтті. Ал сәуірде EXPO-2016 халықаралық көрмесі елге есігін айқара ашады. Бұл көрме – ауқымы жағынан Олимпиада ойындарынан да үлкен әлемдік шара. Сондықтан EXPO-ның арқасында отандық туризмнің екінші тынысы ашылары анық. Ыстамбұлда 20-мәрте өтіп жатқан Emitt-2016 халықаралық көрмесіне биыл әлемнің 70 елінен 4,5 мыңнан аса туристік агенттіктері қатысуда. Жиында әр елден келген сала мамандары жаңа саяхат бағыттарын ұсынып, өзара тиімді іскерлік байланыстар орнатуға мүдделі. Turista агенттігінің төрағасы Хакан Доған көп жылдан бері Ыстамбұл мен Түркияның танымал Каппадокия туристік орталығына шетелдік қонақтарды саяхат жасатып жүр. Алайда бүгінде жерасты тарихи шаһарлары мен күн сайын көкке көтерілетін әуе шарлары арқылы әлем жиһанкездерінің қызығушылығын оятқан бұл өлкеге де дағдарыстың салқыны тиіп, кері әсер етіп отыр.

Фото - Хакан Доған,Turista туристік агенттігінің төрағасы: - Терроризм жаһандық сипат алды. Оны тек бір елдің еншісіне телу қателік болар еді. Себебі лаңкестік Еуропаның кіндік төрі – Парижде, Мәскеуде, Анкара мен Ыстамбұлда да ылаң салды. Осыдан соң қауіп-қатерде шекара болмайтынын бәріміз ұғуға тиіспіз. Соның кесірінен туризм саласы қазір тұтас әлемде тұралап тұр. Бірақ қол қусырып, қарап отырғанымыз жоқ. Көпжылдық тәжірибеміз көрсеткендей, жағымсыз оқиғалар 2 ай ішінде ұмытылады. Ол келеңсіз кезең қыс мезгілімен тұспа-тұс келді. Енді алдағы жаңа маусымда ісіміз жанданып, ілгері басады деп сенеміз. Түркияға саяхатпен келгендердің көбісі көненің көзі Ыстамбұлдай тарихи қаланы тамсана аралап, көрікті орындарын көруге асық. Былтыр алып мегополис 12,5 миллион турист қабылдапты. 12 қаңтар күні Ыстамбұлдың алтын төрі атанған – Сұлтанахмет мешітінің маңында болған лаңкестік әрекет әлемге әйгілі шаһардың абыройына нұқсан келтіріп, туристік әлеуетіне әжептәуір кесірін тигізді. Көптің көңіліндегі көлеңке мен сезік сейілмей, қанды оқиғадан аза бойы қаза болғандар алаңға апталап аттап басқан жоқ. Ал қазір барыс-келіс бабын тауып, келім-кетімнің қарасы қалыңдай бастаған сыңайлы. Алайда лаңкестік оқиға болған орында жарылыстан қаза тапқандарды еске алу үрдісі әлі де үзілген жоқ. Мұнда жолы түскен әр адам терроризмнің залалы мен зардабын өз көзімен көріп, іштей қайғы бөлісіп қайтуда. Сол бір қанды оқиғадан соң туристік орталықта күзет күшейтілді. Содан болар, әзірге қыдырып жүрген халықтан, аңдып жүрген сақшы көп.


24 kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!