Англияда жанкүйер ермек үшін 20 фунт тігіп, 29 мың ұтып алды

Фотография - Англияда жанкүйер ермек үшін 20 фунт тігіп, 29 мың ұтып алды

Ол маусымның ортасында "Лестердің" чемпиондығына тағы 10 фунт стерлинг тіккенін айтты. Бірақ, ол кездегі коэффициент 400 болған екен.

428 0

Футболдан Ағылшын премьер-лигасында ойнайтын "Лестер" командасының жанкүйері сүйікті клубына 20 фунт стерлинг бәс тігіп, 29 мың фунт стерлинг (40890 АҚШ доллары) ұтып алды. Бұл туралы eurosport.ru порталына сілтеме жасаған egemen.kz хабарлайды.

Джон Прайк есімді жанкүйер маусым басында "Лестердің" чемпиондығына 20 фунт стерлинг бәс тіккен екен. Бүгінде 29 турдан кейін турнир кестесінде 1-орында келе жатқан бұл команданы ол кезде ешкім мұндай жоғары нәтиже көрсетеді деп ойлаған жоқ. Сол себепті де, оның чемпиондығына букмекерлік кеңселер 5001 коэффициент берген. Соған орай, Джон Прайктың негізгі ұтысы 100 мың фунт стерлинг болуы тиіс-тін. Алайда, ол үшін маусым соңына дейін күтуі керек. Оған шыдамы жетпеген жанкүйер букмекерлік кеңсемен келісімге келді.

Goal.com порталына берген сұхбатында Джон Прайк: "Маусым басында ермек үшін ғана бәс тігіп едім. Бірақ әр тур сайын команданы емес, ұтыс жайында жиі ойлай бастадым. Оған "Лестердің" ойыны әсер еткенін сөзсіз. Ал 28-турдың алдында шыдамым таусылып, букмекерлік кеңсе қызметкерлерінен ақшаны қазір алсам, қолыма қанша сома тиетінін сұрадым. Олар 16 мың фунт стерлинг екенін айтқанда, азсынып, бас тарттым. Ал сол турда сүйікті командамның чемпиондыққа таластағы басты қарсыластары "Тоттенхэм" мен "Арсеналдың" жеңілген еді. Осыдан кейін менің ұтысым бірден 29 мыңға көтерілді. Оның үстіне, букмекерлер маусым аяқталғанша менің бәсімнен бұдан жоғары ұтыс болмайтынын айтты. Сондықтан еш ойланбастан ақшаны алуды ұйғардым. 20 фунт тігіп, осынша ақша ұту жаман емес деп ойлаймын. Егер соңына дейін күтіп, нәтиже мен ойлағандай болмай шықса, дымсыз қалар едім. Тіпті ол кездегі жағдайымның қалай боларын елестете алмаймын. Ал қазір қолыма ақшаны алғаннан кейін көңіл-күйімде бұрынғыдай алаңдаушылық жоқ. Енді сүйікті командама еш алаңсыз жанкүйер болып, футболдан рахат аламын", – деді.

Сонымен қатар, ол маусымның ортасында "Лестердің" чемпиондығына тағы 10 фунт стерлинг тіккенін айтты. Бірақ, ол кездегі коэффициент 400 болған екен. Егер Клаудио Раньеридің шәкірттері чемпион атанса, Джон Прайк тағы 4 мың фунт стерлинг ақша ұтады.

Айта кетейік, бүгінге дейін Ағылшын премьер-лигасының 29 туры өтті. Соның нәтижесі бойынша "Лестер" 60 ұпаймен көш бастап тұр. Ал екінші орындағы "Тоттенхэмде" 55 ұпай болса, әзірге үшінші сатыда келе жатқан "Арсеналда" 52 ұпай бар.

Тағы бір назар аударатын жайт, егер "Лестер" чемпион болса, бірқатар букмекерлік кеңселер айтарлықтай шығынға бататын түрі бар. Мәселен, бір ғана Sky Bet кеңсесі 5,5 млн. фунт стерлингті "Лестерге" сенім артқан жанкүйерлерге таратып береді.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!