Қырғызстанда Ұлыстың ұлы күні тойланып жатыр

Фотография - Қырғызстанда  Ұлыстың ұлы күні тойланып жатыр

Наурыз – жаңару мен жандану мезгілі.

389 0

Бүгін Қырғызстан Наурызды тойлап жатыр. Серуенге шығып, көшеде қыдырып жүрген халықта есеп жоқ. Жаппай қайырымдылық шаралары мен концерттер өтуде. Ақ жаулықты ана бәле-жаладан аластап жатыр. Бар бақытсыздық ескі жылмен кетіп, жаңа жыл жақсылыққа толы болуы керек. Наурыз – жаңару мен жандану мезгілі. Бұл кезде табиғат қана түрленіп қоймай, ұлттық құндылықтар да бар бояуын көрсетіп, салт-дәстүр ерекше сипатқа ие болатын шақ. 

Мекен Жумашева: - Ескі жыл кетті, жаңа жыл келді. Әр ауызда ән болсын, әр ұлыста нан болсын. Таудай болған байлығыңды бер еліме, Ыстық көлдей болған ырысыңды бер еліме. Елім аман болсын, жұртым аман болсын! Құдай бұйыртса, келесі жылғы Наурызға аман-есен жетейік. Ынтымақ болсын елде. Бір жақтан бас шығарайық, бір жеңнен қол шығарайық! Наурыз ұлттық тағамсыз өтсін бе?! Бішкектіктер мен қала қонақтары көктемгі көтеріңкі көңіл-күйді терең сезіну үшін ескі алаңда кәдесыйлар мен ұлттық тағамдар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Мұнда әлемдегі 25 елдің ас мәзірінен дәм татуға болады. Солардың арасында қазақ елшілігі жайған дастарқан да бар. 


Айымдос Бозжігітов, Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі: - Бұл – көк шығып, ағаштар бүршік жаратын жасампаздық мерекесі. Осыған сай адамның да жан-дүниесі тазарып, жаңарады. Үйлерін тазартып, бір-бірін құттықтап, түрлі тәтті дәмдерін ұсынатын ерекше мейрам. 

Мереке күні әсем ән шырқалып, әдемі би биленді. Алаңға жиналған жұртшылық кәсіби өнерпаздардың өнеріне тәнті. 

Қырғыз елінде күн суытып, кеше қар жауған болатын. Бірақ бүгін табиғат ана ерекше мейірленіп, көктемгі мерекенің қуанышын еселей түсті.
24.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!