Мұхаммед Әлидің өлімінің себебі белгілі болды

Фотография - Мұхаммед Әлидің өлімінің себебі белгілі болды

Әйгілі боксшы жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанымен, келесі түні бақилыққа аттанды.

314 0

Аты аңызға айналған боксшы Мұхамед Әли ауруханада сепсистік шоктан көз жұмды. Алайда дәрігерлер қабынуға не себеп болғанын әзірге біле алмай отыр. Бұл туралы журналистерге атақты спортшы  отбасының өкілі айтып берді деп жазады Комсомольская правда.

74 жастағы Әлиді қайтыс боларынан бір күн бұрын үйінен ес-түссіз жатқан күйінде тауып алған. Спортшы  дереу ауруханаға жеткізіледі. Дәрігерлер сол кезде бәрі жақсы болады деген. Алайда бір күн өткен соң боксшының өлім аузында жатқаны мәлім болды. Оның өкпесі қабынған болып шықты.

Мұхамед Әли жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанымен, келесі түні бақилыққа аттанды.

Боксшының кенже қызы Хана әкесінің соңғы бейнесін еске алуда. Мұхамед Әли қайтыс боларының алдында ылғи да туған-туыстарының ортасында болған. Оларды кезек-кезек құшақтап, қолдарынан қысып, дұғасын оқып жатқан.

"Қазасы ауыр тисе де, әкемнің жаны жай тапқанына сабырлық қыламыз. Біз берік болуға тырысып, оған: "Бізді уайымдама. Бәрі де жақсы болады. Сені жақсы көреміз, саған ризамыз" деп айтып жүрдік", – деп жазды Хана Әли өзінің Инстаграмдағы парақшасына.

Оның айтуынша, әкесі ауыр дертпен соңғы күші қалғанша арпалысыпты:

"Барлық органдары істемей қалды, тек жүрегі тоқтамай соғып жатты. 30 минут бойы соқты. Мұндайды ешкім көрмеген болар. Бұл оның рухының мықтылығын танытса керек", –  деп жазды Мұхамед Әлидің қызы.

Естеріңізге сала кетейік,  әлемге танымал боксшы Мұхамед Әли 4 маусымда  75 жасында, Паркинсон ауруы салдарынан өкпе қабынып, көз жұмған болатын.  Өзінің шаршы алаңдағы ғұмырында  61 рет жекпе-жек өткізіп, 56-сында жеңіске жеткен ол, соның 37-сін нокаутпен жеңсе, 5 рет жеңіліс те тапқан. 1960 жылғы Олимпиада чемпионы,  ауыр салмақтағы теңдессіз әлем чемпионы (1964-1966, 1974-1978), WBC, WBA (1967, 1974-1978, 1978) тұжырымдары бойынша ауыр салмақтағы әлем чемпионы атанды.

Шаршы алаңдағы жетістіктері бір бөлек, Әли азаматтық ұстанымы мықты және дініне берік болды. Спортшы 1964 жылы исламды қабылдап, өзінің Кассиус Клей есімін Мұхамед Әли деп өзгертті.  1967 жылы Вьетнамдағы соғыста АҚШ әскері қатарында қызмет өтуден бас тартып, сол үшін барлық атақтарынан уақытша  айырылған да болатын.

Бүгінде бокстан орта салмақта әлем чемпионы атанып, бірде-бір жеңілісті көрмеген қызы Лейла әкесінің жолын қуып жүр.

Әлидің жерлеу рәсімі 10 маусымда, өзі туған Луисвилл (Кентукки штаты) қаласында  өтеді.  Онымен қоштасқысы келетіндердің барлығына жаназаға қатысуға рұқсат етіліп отыр.





Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!