638

АҚШ-та күдікті құжатын иемдену үшін өзіне ұқсайтын әйелді өлтірген

Тәртіп сақшылары Риес Памеланы өзіне ұқсайтын болғаны үшін және құжатын иемдену мақсатында өлтіргенін айтады.
Фотография - АҚШ-та күдікті құжатын иемдену үшін өзіне ұқсайтын әйелді өлтірген Сурет: Dodge County Sheriff's Office / AP

АҚШ-та алдымен өз күйеуін, кейін өзіне ұқсайтын танысын өлтірген 56 жастағы әйел іздестіріліп жатыр. Бұл туралы BBC News сайтына сілтеме жасап Lenta.ru хабарлайды. 

Полицияның сөзінше, Миннесота тұрғыны Энн Риес (Ann Riess) күйеуін үйінде өлтірген. New York Post басылымының хабарлауынша, ер адамның оққа ұшқан денесі 23 наурызда табылған. 

Марқұмның әйелі табылмаған. Анықталғандай, күйеуін өлтірген соң әйел күйеуінің шотынан 11 мың долларды шешіп алып, Айова штатындағы казиноға бет алған. Полиция келем дегенше әйел ғимараттан шығып кеткен. 

9 сәуірде 59 жастағы Памела Хатчинсон (Pamela Hutchinson) есімді әйелдің өлі денесі табылған. Ол Риеске қатты ұқсайтын болған. Бейнебақылау камерасы көрсеткендей, екеуі басында көшеде сөйлесіп тұрған, кейін Риес көлігін сол үйде қалдырып, әйелді өлтірген соң қашып кеткен. 

Тәртіп сақшылары Риес Памеланы өзіне ұқсайтын болғаны үшін және құжатын иемдену мақсатында өлтіргенін айтады. Ол Памеланың көлігі мен құжаттарын алып, ізін суытқан. 

Риес өзіне сыртқы келбеті ұқсайтын адамдармен дос болып, кейін сол адам ретінде өмір сүргісі келеді. 

"Ол жымиып, біреудің анасы немесе әжесі сияқты түр жасайды. Бірақ ішкі есебі мықты, алға ұмтылғыш әрі өте суыққанды қылмыскер", – дейді полиция. 

Сондай-ақ қылмыскердің құмар ойындарға деген ерекше қызығушылығы да айтылды. 

Қазіргі таңда ірі көлемде ақша ұрлап, біреудің көлігін айдап кеткені үшін және өзгенің құжатын заңсыз пайдаланғаны үшін іздестіріліп жатыр. Үш ересек баласы және немересі бар.