1849

ҚМДБ Жаңа Зеландияда болған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазаға ұшыраған жандардың отбасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады.
Фотография - ҚМДБ Жаңа Зеландияда болған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады Сурет: Seldon.News

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жаңа Зеландияның Кристчерч қаласында болған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Today.kz muftyat.kz сайтына сілтеме жасап.

"Қасиетті жұма күні Жаңа Зеландияның Кристчерч қаласында қандықол қылмыскерлер екі мешітте оқ жаудырып, 50-ге жуық мұсылманның өмірін жалмады. Күллі мұсылман үмбеті қаралы хабардан қара жамылып отыр", – делінген мәлімдемеде.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазаға ұшыраған жандардың отбасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады.

"Оларға көркем сабыр тілейміз. Түрлі деңгейде жарақат алған азаматтардың тез арада сауығып кетуін Алладан сұраймыз. Мешіттерімізде қайғы жамылған адамдардың отбасына дұға жасалуда. Жаратушы Иеміз марқұмдардың жанын жəннаттық еткей. Қасиетті Құранның "Мəида" сүресінің 32-аятында: "...кім жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, барлық адамды өлтіргенмен тең..." делінген. 50-ге жуық мұсылманның қанын төккен лаңкестер бұл әрекеті үшін екі дүниеде де жазаға тартылады.​ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын сабырға шақырады. Алла Тағала жер бетін түрлі бүліктер мен қайғылы оқиғалардан сақтағай", – деді ҚМДБ.

Естеріңізге салайық, қайғылы оқиға 15 наурызда болды. Бірнеше адам Крайстчерч қаласындағы мешітке басып кіріп, ішіндегі адамдарға оқ атқан. Шабуылдаушылардың бірі Брентон Таррант қайғылы оқиғадан онлайн көрсетілім жүргізген. 

Зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңа Зеландияның Генерал-губернаторы Пэтси Реддиге көңіл айту жеделхатын жолдап, "жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін қатаң айыптайтынын" айтты.