2345

Мен үшін Жаңа жыл деген не?

Жаңа жылға санаулы күн қалды. Сағат сырт-сырт соққан сайын мен әлдебір таңғажайыпты күтем...
Фотография - Мен үшін Жаңа жыл деген не? Көрнекі сурет

Жаңа жылға санаулы күн қалды. Сағат сырт-сырт соққан сайын мен әлдебір таңғажайыпты күтем... 

Ол - Жаңа жыл түнімен бірге келетін ғажап өмір. Мен аңсаған бақытты өмір... 

Баласы бар бала болып кеттім бе? Жаңа жылдық жылтырақ өшіп, қайта жанғанда екі жастағы қызыммен бірге мен де шексіз қуанышқа бөленем. Сол түнді күтем. Өйткені ол түн - менің балалығымнан қалған санаулы белгінің бірі. 

Бала кезімде анам Жаңа жылды бүкіл отбасымызбен төрт көзіміз түгел қарсы алуды дәстүрге айналдырды. Түнгі он екіге дейін күні бойы үй жинаймыз, киімдерімізді жуып, кептіреміз, түрлі тамақ пісіреміз. Соның бәрі ерекше көңіл-күймен қарбалас өтіп жататын. Анам өзгеше қуанышпен күтетін үш мереке бар, бірі - Жаңа жыл, екіншісі - Қадыр түні, үшіншісі - Көрісу мерекесі. Көрісу мерекесі жайлы бәрі білмейтінін мен Алматыға келіп бір-ақ түсіндім... Бір адам үшін қадірлі күн жайлы екінші адамның мүлде естімегені әділетсіздік қой... 

Фото -

Сағат тілі түнгі он екіні соққанға дейін біз, үйдегі қыздар дастарханды жайнатып қоямыз. Біз жақта үстелге отырып ас ішу дәстүрі ол заманда жоқ еді, бала кезімізде жерге дастархан жайып, қонақ күтетінбіз. Бұл жолы біз ешкімді күтпейміз, күтетініміз екі нәрсе, бірі - Жаңа жыл, екіншісі - Назарбаевтың құттықтауы. Назарбаев құттықтап болған соң, отшашу атып, мәре-сәре боламыз... 

Кей жаңа жыл түнінде түнгі он екіде әрқайсымыз әр бөлмеде ғажайыпты күтіп, қиялға шомып жатып, ұйықтап кететінбіз. Түнгі он екіге таман анамыз бәрімізді оятып, дастарханға шақыратын. Он екіден бір минут асып кеткенде оянған кездері жолынан қалып қойған адамша қапаланатынбыз... Сол әсердің өзін бірнеше жылдан соң сары сағынышпен еске алып отыратынымызды ол кезде білдік пе?

Мен үшін Жаңа жыл - балалығымның аңқыған иісі. Әсіресе, таңдарда түсіме ауылдағы үй ене береді. Кейде ауылдағы үйдің иісін жұтып жатып, оянып кетем... 

Фото -

Бұл күні Жаңа жылды анаммен бірге қарсы алмаймын. Өйткені анам ауылда бауырларыма ерекше мереке сыйлау қамына кірісіп кеткен. Тұрмысқа шыққан кез келген әйел заты ретінде Жаңа жылды күйеуім мен қызыммен бірге қарсы алуым керек. Мен де анам секілді өз балама ерекше әсер сыйлауға тиіспін. Жылдар өте тәтті естелік болып қалуы үшін... 

"Жаңа жылды неге қарсы аласыңдар?" деп жазғыратындарды түсінбеймін. Жаңа жыл - әр адамның өзіндік құпиясы. Бұл түннің сиқыры сонда, ақжарма тілектер мен аяулы армандар көзге көрінбейтін әлемге жарыса ұшады. 

Бәрінің тілегі де осындай ғажайып өмірге тап болу емес пе?..