2250

Асқазан ауруы арықтауға да, семіруге де себеп

Today.kz сайты асқазан ауруының денсаулыққа келтіретін зиянын тізбектеп көрді.
Фотография - Асқазан ауруы арықтауға да, семіруге де себеп Көрнекі сурет

Асқазан – адам үшін ішкі құрылыстағы ең қажетті дүние. Оның дұрыс жұмыс жасауы адамның дұрыс өмір сүруіне ықпал етеді. "Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде" деген жаттанды ақылдан, нақты әрекетке көшетін уақыт жетті. Ол үшін бар болғаны дұрыс тамақтанып, бір уақыт дене жаттығуларын жасап тұрсаңыз болғаны. Today.kz сайты асқазан ауруының денсаулыққа келтіретін зиянын тізбектеп көрді. 

Асқазан ауруы арықтауға себеп

Адамның асқазаны ауырса көбіне салмақ тастайды. Себебі, сіңбеген тамақты кері қайтару, тәбет болмау, үнемі ауырсынып жүру жанға батады. Салдарынан дұрыс тамақтану режимі бұзылып, адам салмақ жоғалта бастайды. Бұл басында қуантқанымен, салдары өкіндіреді. Себебі адамның өз салмағы бойына сәйкеспесе ол проблеманың үлкені дейді мамандар.

"Күнделікті және майлы тағамдар адамның асқазанын бұзады. Ал оның бұзылуы тыныштықтың бұзылуы деп біліңіз. Себебі тамақтана алмасаңыз, қалағаныңызды жей алмасаңыз, ол сіздің көңіл-күйіңізге әсер етуі әбден мүмін. Күнделікті 5 уақыт дұрыс тамақтану режимін сақтай алмасаңыз, онда қарапайым ғана тәсіл, майлы тағамдар мен ұннан жасалған астан бас тартыңыз. Сонда сіздің асқазаныңызға салмақ түсе қоймайды. Асқазанның тесілуіне дейін жететін аурулар негізінен арықтағысы келетін адамдардың әрекетінен болады. Өзін ашықтырып, зорықтыратындардың 70%-ы артынан дәрігердің көмегіне жүгінеді. Сіздің бойыңыз қанша болса, сол деңгейде салмағыңыз болуы шарт. Артық не кем болуы денсаулықтың дұрыс еместігін көрсетеді", - дейді дәрігер Майра Алпысқызы.

Салмақ жинағысы келетін адамдарды жиі кездестіретін жаттықтырушы Айбек Жақсыбайұлы да өз тәжірибесімен бөлісті.

"Бізге көбіне салмақ жинағысы келетін жігіттер де келіп жатады. Бірақ көбісінің асқазанында кінәрат болып шығады. Кәсіби тренерлер жақсы біледі, біз жаттығумен қатар, белгілі бір диета да қосамыз кестемізге. Алайда асқазанында ақауы бар адамға диетаны қосу қауіптірек. Сондықтан кейде шарасыз қаламыз. Дұрыс тамақтану режимін сақтай алмаған адамның жаттығуға да үздіксіз келетіні күмәнді. Бас, мойын, бел жаттығулары асқазанға пайдалы екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Маман ретінде күнде таңертең басты оңға-солға 10 реттен, осыны жоғары және төмен жақтан қайталауға, мойынды қолмен сипалап уқалауға, белді айналдыра жаттығу жасауға кеңес беремін. Бұл таңертеңгі асқазанның дұрыс "оянуына" көмектеседі", - дейді жаттықтырушы Айбек Жақсыбайұлы.

Асқазан ауруы семіруге себеп

Иә, асқазан ауруы адамды арықтатып қана қоймай семіртуі де әбден мүмкін. Жүйелі әрі дұрыс жұмыс жасамайтын асқазан жеген асты сіңдіре де алмайды. Сіңбеген ас ішке жинала берсе, іштің майы, еттің жиналуы осыдан пайда бола бастайды. Әдетте адамдар тамақтан соң ас сіңдіру үшін газды сусын ішіп жатады. Ал бұл сіздің семіруіңізге ықпал етеді екен. Мамандар семіздікпен күрестің де жолын айтып отыр. Тек қажыр мен қайратыңыз жетсе, күресуіңізге болады.

"Асқазаны ауыратынын білмей, бірақ бірден семіздікке ұшырадым деп шағымданатын науқастар болады. Семіздіктің де диагнозы асқазан екенін ескеру керек. Себебі, асқазаны дұрыс жұмыс істемейтін, асқа қанағаттанғанын сезбейтін адам артық салмақ пен майларды жинап алады. Тамақтың дәмдісі, судың газдысы жақсы, алайда денсаулыққа зиян. Адамның асқазаны ашылып-жабылып тұрады. Тәбеттің бірде бар, бірде жоғы содан. Ал семіздікке ұшыраған адамдардың асқазаны үнемі ашық тұрады. Өйткені ол ашық қалған. Адамның бойында майларға қарағанда ақуыздар көп болуы керек. Сондықтан да біз көбіне құрамында ақуызы бар тағамды тұтынуға кеңес береміз. Мәселен, айран, сүт, сүзбе сияқты. Құстың кеудесі де сіңімді ас болмақ. Күніне екі алма жеу – бұл іштегі тағамдардың сіңіуіне ықпал етеді. Адам ағзасындағы ақуыздар майларды ыдыратып, салмақ тастауға жәрдемдеседі", - дейді Майра Алпысқызы.

Ал әбден семіздікке ұшыраған адам үшін дәрігерлер жаттықтырушы мамандардан көмек сұрауға мәжбүр екенін жасырмайды. Себебі дұрыс тамақтануға спортты да қосу қажеттілігі туындайды.

"Арықтау үшін калориялы диета ұсынамыз. Саны бойынша орташа салмақты жаттығулар, қозғалысқа арналған элпс велосипедін қосамыз. Басында 20 минуттан басталса, кейін 1 сағатқа дейін жеткізу керек. Барлық жаттығуды жәймен бастап, күн сайын қосып отыру керек. Әйтпесе ағзасы ғана емес, денесі де майға толған адамдардың семіздігімен күрес ұзақ процесті талап етеді. Ал мұндай жағдайға жеткізбеу үшін ақуызды тағамдарды көбірек қолданса, алдын алуға болады. Қатты семіздікпен келген адамдарды әуелі дәрігерге көрініп, солардың рұқсатын алып келуін сұраймыз. Себебі денсаулық маңызды біз үшін", - дейді Айбек Жақсыбайұлы.

P.S. Адам бойындағы комплекстер таусылмайды. Бірі салмақ қоса алмай жүрсе, енді бірі арықтауға барын салады. Алайда қандай әрекетке бармас бұрын дәрігерлер мен мамандардың кеңесіне құлақ түріп алған жөн. Дәмді тамақтан дәм тату үшін асқазаныңызды күтіңіз.

Автор: Ақбота Мұсабекқызы