12917

Тұңғышбай Жаманқұлов, Гүлзира Айдарбекова... Сот алдына барған танымал тұлғалар

Бүгін Мұхтар Əуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Ерлан Біләл пара алмақ болған жерінен ұсталды деген ақпар тарады.
Фотография - Тұңғышбай Жаманқұлов, Гүлзира Айдарбекова... Сот алдына барған танымал тұлғалар Сурет ашық дереккөзден алынды

Өнер адамдарының арасында істі болып, сотталып, соттасып жатқандар бар. Мәселен, бүгін Мұхтар Əуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Ерлан Біләл пара алмақ болған жерінен ұсталды деген ақпар тарады.

"Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Алматыда Жаңа жыл кезінде балаларға қойылым қою мақсатында театрдан орын беру үшін заңды тұлғадан 1,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Кінәсін толық мойындауына байланысты ол қамауға алынған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр", - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин.

Today.kz сот алдында жауап берген өнер адамдарын еске түсіріп көрді. 

Сотты болған өнер адамдарының көшін бастап тұрған, ел арасында қызу талқыға түскен Жаманқұлов ісі болды. 2017 жылы актер Тұңғышбай Жаманқұлов жетекшілік еткен топтың "Феникс" фильміне бөлінген бюджет қаражатын иемденгені белгілі болған еді

Судья Тәкен Шакиров "Тұңғышбай Жаманқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылсын, 5 жыл мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салынады. Рақымшылыққа байланысты, жаза 3 жыл 6 айға қысқарып, шартты түрге ауыстырылсын", - деген үкім шығарған болатын.

2016 жылы қазақстандық сериалдардың актері Нұржан Тойлыбаев адам өлтіру ісі бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды. 38 жастағы актер бұрындары зорлау ісі бойынша және бұзақылық жасағаны үшін сотталған. Нұржан Тойлыбаев "Мәңгі ел", "Зәуре" жобаларына қатысқан, сонымен қатар "Айман-Шолпан" және "Өгей жүрек" сериалдарына түскен.

Осыдан біршама жыл бұрын талантты әнші Қайрат Түнтеков те істі болды. Мас күйінде рөлге отырып, жол апатын жасағаны үшін Қайрат Түнтеков абақтыға 40 күнге қамалды. Материалдық шығынды 7 миллионға бағалаған жәбірленуші тарап соманың бірден төленуін талап еткен болатын.

Істі болған әншілердің бірі - балқаштық әнші Станислав Ким. Ол 2016 жылы 14 жастағы қызды өлтірді деген айыппен 14 жылға сотталды.

Айта кетейік, әнші Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова да сот алдында жауап берген. 2014 жылы жазда жол апатын тудырған продюсер кінәлі деп танылған. Сот Айдарбекованы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 468-1 бабы, 468-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп тауып, оған осы баптар бойынша 210 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындаған.

Қазақстандық сәнгер Құралай Нұрқаділова да сот алдында талай барған. Ол бірнеше банкпен соттасып, жеңіліс те тапқан еді. Нұрқаділова 2006 жылы банктен несие алғанын, ал банктің 44 мың долларды заңсыз қосып қойғанын хабарлаған. Алайда сот банктер тарапына оң шешім шығарып, Заманбек Нұрқаділовтың қызы Құралайдың үйін тәркіледі.

Өнер адамдарының арасында өзара соттасқандары да бар. Мәселен, белгілі дизайнер Жадо әнші мен Меруерт Түсіпбаеваның дауы сотқа жетіп, қоғамдық қызу пікірталас тудырған еді. Бұл мәселеде Меруерт Түсіпбаева Жадоның кәсіби білімі барына күмәнданып, әлеуметтік желі арқылы оны сынға алған еді.

"Біз әрбір айтқан сөзімізге жауап беруіміз керек. Жадо мен Меруерт Түсіпбаева арасында сот отырысы болады. Меруерт Түсіпбаева Жадоны оқымаған деп сынаған еді, біз сотта оның білімі барын дәлелдейміз" деген дизайнердің продюсерлік орталығы сотқа дейін барған болатын. 

Автор: Ақбота Мұсабекқызы

Загрузка...