1106

Назарбаев айтқан электромобиль туралы бірер сөз

Today.kz электромобильдің артықшылығы мен кемшілігіне тоқталып көрді.
Фотография - Назарбаев айтқан электромобиль туралы бірер сөз Көрнекі сурет

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Келешекте біз Алматы мен Астанада тек электромобильмен жүретін жағдайға жетуіміз керек” деген сөзінен кейін қоғамда электромобильдерге деген қызығушылық арта түсті.

Today.kz электромобильдің артықшылығы мен кемшілігіне тоқталып көрді. 

Биыл әлемдегі тұңғыш электромобильдің пайда болғанына 177 жыл толды. Десе де әлі күнге дейін аталған көлік жұрт арасында көп қолданыста емес. АҚШ электромобильдермен жүріп-тұруға ең ыңғайлы ел болып саналады екен. Ал Норвегиядағы әрбір бесінші темір тұлпар - электромобильдер. Халық арасында электр қуатымен жүретін тұлпарларды кеңінен қолданысқа келтіру үшін Норвегия билігі біраз еңбек еткенін естен шығармау керек.

Ал Ресейде 2014 жылдан бері электрокарға деген қызығушылық артты. Мысалы, “Mail.ru GROUP” компаниясының директоры Дмитрий Гришин мен “Сбербанк” басшысы Герман Греф түтін шығаратын көліктерден бас тартты. Осы тұста алғашқы электромобильді ойлап тапқан орыс инженері Ипполит Романов екенін айта кетейік.

Украина да трендтен қалыс қалған жоқ. 2014 жылы Украинада электромобильдерді қуаттайтын 35 бекет ашылған. Айтпақшы, осыдан кейін елдегі электромобильдердің бағасы 40%-ға қымбаттаған.

Ал Қазақстандағы танымал тұлғалар арасынан журналист Бейбіт Әлібеков алғашқылардың бірі болып электромобильді тізгіндеді. Жалпы электромобильдерді мінуге мүмкіндігіміз бар ма, әлде 5 ай бұрын аяқталған “Болашақтың энергиясын” желеу етіп жүрміз бе?

Алдымен электр қуатымен жүретін машиналардың артықшылықтарын тізбектеп көрейік:

- Электромобильдің ең үлкен артықшылығы - экологияға зиянсыздығы. Көк түтіннен көз ашпайтын алматылықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін түтінсіз темір тұлпарлар бүгінгі таңда бағалы болып тұр.

- Электромобильдерге көшу арқылы қаладағы шу азаюы мүмкін.

Бірақ:

- Электромобильдердің бағасы қымбат. Мысалы, Алматыда сатылымда тұрған ең арзан электрокардың бағасы 28 000 000 теңгені құрайды.

- Электромобильдердің көбі 2 жолаушыға ғана арналған. Демографиялық өсімді жоғарылатуды басты назарда ұстайтын Қазақстан үшін 2 орынды көлік тиімсіз.

- Электромобильмен ұзақ жолға шыға алмайсыз.

- Көліктің қуатын толтыруға кем дегенде 1-1 жарым сағатыңыз кетеді.

Айта кетейік биыл наурыз айында Қазақстанда құрастырылған электромобильдер сатылымға шығады. Көліктің бағасы 6 000 000 теңгеден басталады.

Автор: Тойгүл Нұржанқызы