1704

Ажалдан қалай аман қалғаным туралы

Жұмыстан кейін күн сайын бассейнге барып жүрген кезім.
Фотография - Ажалдан қалай аман қалғаным туралы Көрнекі сурет

Жұмыстан кейін күн сайын бассейнге барып жүрген кезім. Бассейнде рахат, буын-буының босап, бір жасап қаласың. Айтпақшы Жайықтың жағасында өссем де, жүзу білмеймін. Суға батырмайтын кеудеше киіп алып, бассейнде жүзген болып аяқ-қолымды ербеңдетем келіп. Сосын басыммен сүңгимін. Шалқамнан жатам. 

Он әлде он бес күн өтті ме, өзімнің жүзе алатыныма сене бастадым. Суға батырмайтын кеудешені шешіп, тілімді кәлимаға келтіріп, хлор араласқан мөлдір суға күмп еттім. Бассейн жағасын бір қолыммен ұстап жүрмесем, батып кететінімді біліп-ақ тұрмын. Жүзе білетіндер қандай бақытты жандар десеңші? Жүзуді қашан үйренер екем? Жоқ, жүзуді үйренген сияқтымын. Алақай! Судың ішінде денемнің тепе-теңдігін сақтауды шынымен үйрендім бе? Ендеше екі қолымды да босатып жүзіп көрейінші... 

Сол қолымды бассейн жиегінен босатып, суды екі қолыммен шапылдата бастадым. Аяғым мен қолымды кезек-кезек сермеуге тырысам. Мен өте бақытты едім. Расымен жүзіп үйреніппін. Басыма осы ой келгені сол-ақ екен, мені әлдебір күш төменге тұқырта бастады. Жоқ! Жо-о-оқ! Мен батып бара жаттым. Шыбын жаным үшін жанталасып қолым мен аяғымды дәрменсіз сермей бердім. Кинодан көргенімді істеп, қолымды шығарып, көмек сұрауға талпындым. Айналамда жүзіп жүрген адамдар бейқам. Ажалмен бетпе-бет келген қызды ешкім байқамайды. Адамдар, неткен қатыгезсіңдер! Неге бейқамсыңдар! Менің тынысым тарылып бара жатты. Көз алдыма шешем мен қызым келді. "Айша, Айша!". Қызымды кімге қалдыратыным мен қалай жерленетінім туралы ой көз алдымнан бірінен соң бірі жылт етіп өте береді. Шешем байғұс қалай шыдар екен? 

Аһ! Қолыма қатты зат тигенде есімді жинадым. Жанталасып бассейн жағалауына жетіп жығылыппын. Судан басымды шығарып, көрер жарығым таусылмағанын түсіндім. Ал айналадағы бейтаныс адамдар баяғыша бейқам. Құтқарушы да теріс қарап мүлгіп отыр. Мен өмірімді жалмауға шақ қалған мына бір қарғыс атқыр судан шыққанша асықтым. Судан шықтым да, дел-сал күйде ұзақ отырдым. Өкпем ауа жетпей қысылып қалған ба, әйтеуір кеуде тұсым өзгеше ауырлықты сезіп қиналыңқырап тұр. Мені мүжігені ол емес. Жаңа ғана ажалмен арпалысып, оны жеңіп шықтым ғой! Мені судан шығарып алған қандай құдірет? Алла Тағала ма? Кім?

Сүйретіліп орнымнан тұрып, бассейннің сыртқы есігін тарс етіп жаптым. Терең реніш құшағында тұрып киіндім. Кімге ренжідім? Неге ренжідім? Өзім де ұғып тұрған жоқ едім...