2065

Ескі әндерді қайта орындау трендке айналып бара ма

2000 жылдардың басында хит болған әнді бүгінде Мейрамбек Бесбаев пен Сандуғаш Стамғазиева орындамайды.
Фотография - Ескі әндерді қайта орындау трендке айналып бара ма Сурет: Instagram.com

"Сен болмасаң бұл жалған

Күнде уайым, күнде арман

Айналайын, гүлім бол

Жүрегімде бүр жарған" деп басталатын 2000 жылдардың басында хит болған әнді бүгінде Мейрамбек Бесбаев пен Сандуғаш Стамғазиева орындамайды. Сөзін белгілі ақын, драматург Исраил Сапарбай жазған бұл туындыны бүгінде Төреғали Төреәлі мен Мөлдір Әуелбекова айтып жүр. Дуэт жақында бұл әнге бейнебаян түсірді. 5 күн бұрын жарыққа шыққан бейнебаянды 550 мыңға жуық адам көрген. Осы әнмен сахнаға аппақ көйлекпен шығып, тыңдармандардың ықыласын бөленіп, артынша өнер әлемінен жоқ болып кеткен Сандуғаш Стамғазиеваға Today.kz ұжымы қоңырау шалды.



"Төреғали мен Мөлдірдің орындағаны әдемі шыққан. Мен жаман деп айта алмаймын. Екеуінің де өнеріне тәнтімін. Ол ән дүниеге келгеннен кейін өлтірмей, әрі қарай жалғасын тауып жатса мен қуанамын, ренжімеймін. Негізі ол әнді менің жолдасым Алтынбек Қоразбаев тыңдатып "сөзін жаздырып жатырмын" деген еді. Исраил Сапарбаев сөзін жазып болған соң ол әнді Мейрамбек екеумізге берді. Біз оны "Ай-хай 25" концертінде орындадық. Иә, халыққа ұнады. Одан кейін сахнадан көрінбей кеткенім де белгілі. Әлі де іздеушілерім бар. Мен тұрмыс құрып, 2005 жылы сәбилі болғаннан соң бала күтімімен айналыстым. Себебі, мен үшін отбасы бірінші орында. Өнерді үнемі екінші орынға қойдым. Бірақ, өнерім өлген жоқ, әндер жаздырып жатырмын. Шақырылған жерден қалмаймын. Өзге әртістер секілді "мені мына концертіңе шақыршы" деген қасиет қанымда жоқ", - дейді Сандуғаш Стамғазиева.

Тағы бір қайта жаңа орындаушысын тапқан әндердің бірі – Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева орындаған "Өзің ғана" әні. Бұл әнді енді қазақ эстрадасында Гүлнұр Оразымбетова мен Жігер Ауыпбаев орындайды. Бұл әнге де қос әнші бейнебаян түсіріп үлгерген. Бір қызығы бұл бейнебаян да 5 күн бұрын жарияланып, 550 мыңға жуық қаралым жинаған әрі бұл әннің де сөзін Исраил Сапарбаев жазған.


"Әнді негізі Жігердің өзі іздеп тапты. Содан кейін Майра Ілиясова Жігер екеумізді дуэт қылып қосып, "Сағындырған әндер-ай" кешіне дайындалдық. Негізі бұл концертте айтылатын әндердің орындаушылары авторларынан рұқсат сұрамай-ақ орындай береді. Бірақ бізге Майра апай "бұл әннің толық құқығы Тоқтар мен Бейбітте" деген соң олардың рұқсаттарын алдық. Олар да жақсы қабылдады. Концертте орындап шыққаннан кейін бейнебаян түсірейік дедік. Тоқтар мен Бейбіттен бейнебаян түсіру үшін тағы да рұқсат сұрадық. Негізі бейнебаянға олар да түсуі керек еді. Бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты түсе алмай қалды. Жалпы, бұл әнді орындайтын ән таппай қалғаннан немесе ән жаздыра алмағандықтан орындаған жоқпыз. Осындай әндер ұмыт қалмаса екен деген ниет қана", - дейді Гүлнұр Оразымбетова.

Сахнаны тастап, депутаттыққа кеткен Нұрлан Өнербаев пен оның қоңыр даусын, 

"Өмір сүріп күнменен

 Айды сүйдім түнде мен.

Ай да, күн де жақсы ғой,

Бірін-бірі білмеген", - деген өлең жолдарын ешкім ұмыта қоймаған шығар. "Жұрт ұмытып қалады-ау" деп қауіптенген Қуандық Рахым бұл әнді өз ән қоржынына салып алды.

Фото -

"Әнді орындауға Нұрлан ағаның өзінің келісімін алдық. Былтыр жаз мезгілінде Қуандықтың репертуарын жаңалаған кезде бұл әнді сол кездегі музыкалық продюсеріміз Марат Балмырза ұсынды. Сондықтан осы әнді жазуды жөн көрдік. Жалпы, ұмытылып бара жатқан әндердің қайта орындалғаны жақсы ғой. Мен құптаймын", - деді Қуандық Рахымның продюсері Жанна Әбу.

Иә, әскі әндердің өзге орындаушысын тауып, сахнаға қайта оралып жататыны заңдылық. Ал сіз кезінде хит болып, қазір ұмытыла бастаған қай әнді қайтадан тыңдағыңыз келеді?