1179

Дәурен Абаев аймақтағы журналистерге арнап сөз сөйледі

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Astana Media Weeк аясында Өңірлік БАҚ форумын ашты.
Фотография - Дәурен Абаев аймақтағы журналистерге арнап сөз сөйледі Сурет: today.kz

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Astana Media Weeк аясында Өңірлік БАҚ форумын ашты, деп хабарлайды Today.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

"Биыл үшінші жыл өңірлік масс-медиа өкілдерінің басын қосып отырған форум Astana Media Weeк аясында өтіп жатқаны баршаңызға белгілі. Журналистер үшін, баспасөз қызметі мен ақпарат саласының басқа да мамандары үшін көптеген семинар-тренингтер өтті. Мемлекеттік мүддені халыққа жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың маңызы зор. Осы орайда қазіргі күні өңірлік ақпарат құралдарының алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Ол – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық және рухани жаңғыру жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру", – деп атап өтті министр. 

Осы ретте ол маңызды шара дәстүрлі аймақтық БАҚ форумында жалғасын тауып отырғанын баса айтты. 

"Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда бір туысың болсын" деген әдемі сөз бар. Форумдағы негізгі мақсаттардың бірі – сіздер бір-бірлеріңізді танып, біліп, пікір алмассын деген ниет. Осылайша еліміздің медиа саласын әртараптан емес, ортақ мүдде аясында дамытса дейміз", – деді Дәурен Абаев. 

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы алғашқы форумда аймақтық ақпарат құралдары тарапынан бірқатар мәселелер көтерілген. Сол уақыттан бері Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұсыныстарды зерделеп, аймақтық медиа сапасын арттыру бойынша бірқатар шараларды іске қосты. 

"Атап айтқанда, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қазіргі эфирлық-цифрлық ақпарат, телерадиохабарларды таратуды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аймақтық форумның көздеген тағы бір мақсаты – ел тұрғындарының медиа сауаттылығын арттыру, медиа мәдениетін қалыптастыру. Жалпы, аймақтық журналистер тарапынан осындай мәселелер көтеріліп, оның белгілі бір деңгейде шешімін табуы форумның пайдалы тұсын аңғартады. Алдағы уақытта аймақтық форум өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналады деп сенемін. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өңірлік масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әзір",– деді Дәурен Абаев.