3199

Келіннің тәрбиесіне ата-ана да, ата-ене де жауапты – Айдана Ыбырай

Неге "келін" тақырыбы өзекті? Келін дегенде, елең етпейтін құлақ қалмағандай. Жалпы қазақ үшін "келін" деген кім?
Фотография - Келіннің тәрбиесіне ата-ана да, ата-ене де жауапты – Айдана Ыбырай Суретте: Айдана Ыбырай (сурет жеке мұрағаттан алынды)

 "Келін", "Келінжан", "Келинка тоже человек", "Сәбина келін"... Бұл тізім осымен таусылмайды. Өздеріңіз сезіп отырғандай, бұл – қалың қазаққа жол тартқан фильмдердің бір парасы. Келін туралы фильмдер неге жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптап кетті? Әлеуметтік желіде қазақ беті жылтыраған жақсы өмірді емес, ауылдың қарапайым күйбең тірлігін бүкпесіз көрсететін парақшаларға жиі жазылатын болды. Басына орамалын салып, от жағып, сиыр сауатын жеңге мен келін қазаққа таңсық емес. Тіпті әр отбасында осындай келіншек бар десек, қателеспейміз. Бірақ біз бүгін желіде осындай қарапайым келіндерді іздеп оқитын болдық.

Неге "келін" тақырыбы өзекті? Келін дегенде, елең етпейтін құлақ қалмағандай. Жалпы қазақ үшін "келін" деген кім?

Today.kz бүгін осы жайлы айтады. 

Фото -

Көрнекі сурет

"Бәріміз келіннің "аяғымен" дүниеге ендік. Сонда келін деген кім? 

Келін деген келген кісі. Қа­зақ солай бола тұра келінді қонақ де­мей­ді. Керісінше, қыз баланы қонақ деу дәстүрі қалып­­тасқан. Келін қонақ емес, ол отбасы­ңыз­ға енген бақ, береке 

Келін дүниеге ұрпақ әкелуші, демек, ол отбасының ырысы мен өрісі. Бұл деген керемет мағына. "Қыз өссе, елдің көркі" деген мәтел  осындай мәнге орай ай­тылса керек. Келін тастай батып, судай сіңу ниетінде бөгде үйдің есігін аш­қалы отыр, онысы ерлік...". Бұл – философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есімнің "Егемен Қазақстан" газетіне шыққан мақаласынан үзінді.

Келін мен ата

Көп отбасында жаңа түскен келінге басқа емес, атасы қарайласып жүреді. Бұның ең жарқын үлгісі ретінде атақты батыр Бауыржан Момышұлы мен оның келіні Зейнеп Ахметованың арасындағы биік қарым-қатынасты алуға болады.

"Қалай болғанмен сана-сезімі бар, оңы мен солын ажырата алатын адам болған соң атаның ноқта-жүген тимеген құр асаудай аумалы-төкпелі мінезінің кейбір қырларына көзқарақты бола бастағам, әрі оған орай өзімше қолданатын бақай қулығым да бар. Ол – ата ашуланғанда сөз қайтармау, үндемеу. Кейде өңменіңнен өтіп кететін өткір сөз естіп, жарылуға шақ қалсам да, дымым ішіме түсіп жағымды ашпай қоямын. Қиын. Бірақ Құдай қуат беріп, соған үйрендім. Өйткені үндемеу мен үшін өте тиімді жол болды. Атаның алдында үндемегеннен өкінген жерім жоқ. Жалпы, үлкеннің алдында үндемегеннен ұтылған емеспін"... Осылай сыр шертеді Бауыржан Момышұлы "балам" деп жүрегінің ішіне кіргізіп, батасын берген Зейнеп Ахметова. 

Келін мен ене

Қатпарлы қалың тарихқа үңілсек, о заманда қазақ қоғамында келін мен ене мәселесі болмаған. Ақын Абай Құнанбаев әжесі Зере мен анасы Ұлжанның мейірімін тең көріп өскен. Тарих пен әдебиетті тең ақтарсақ, ене мен келіннің "шәй" дескен тұсын кездестіру қиын.

Бірақ заман ағымына сай, ене мен келін арасындағы қарым-қатынасқа жік түсіп, бүгінде отбасының шырағы болар осынау екі нәзік жандыны бір-біріне қарама-қайшы қою сәнге айналғандай. Қадірсіз ене мен келсап келін көбейді. Ақ босаға аттамай тұрып "бөлек тұрамыз" деп талап қоятын қалыңдық пен "басыма шығармаймын, өз орнын білсін" деп ашынған ене бүтін бір отбасының берекесін қашырып отыр.

"Негізі енелер мен келіндер мектебін ашу керек. Бұл – уақыт талабы. Қыздарын қазіргі аналар жат жұртқа барасың деп, келін болуға дайындамайтын да болды. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, күні ұзақ, кешке дейін қызметтен қолы босамайтын қызметбасты аналар қызын үй шаруасына баулуға уақыт таппай жатады. Десе де, бұрынғы ерке қыздың, бұла бойжеткеннің, ендігі келіннің әлеуметтік мәртебесінің (статусы) өзгеруіне байланысты оның іс-қимылына, мінез-құлықтарына шектеулер салынып, ырым-тыйымдарға бой ұсынуына тура келеді". Бұл – тағы да қазақ келінінің символына айналған Зейнеп Ахметованың сөзі.

Дегенмен қазіргі таңда көптің көзайымына айналған келіндер де жоқ емес. Солардың жарқын өкілі – Instagram желісінде танымал Айдана Ыбырай.

Фото -

Айдана – ауылға тұрмысқа шыққан қаланың қызы. Ол ата-енесімен бірге тұрады, қандай тірлік болса да ынты-шынтысымен кірісіп, бүгінде бір үйдің шаруасын дөңгелететін бесаспап келіншекке айналған. Әңгіме жазады, өз өмірінің қызықты сәттерін баяндайды. Айдананың Instagram желісіндегі парақшасын бүгінде 110 мыңға жуық адам оқиды.

Ендеше қазақ келіні Айдананың өмірге деген түрлі көзқарасын бірге білейік. 

Келіннің басты міндеті – өмірге сәби әкелу

Оқырмандарыма ауылдағы өмірім, позитивті көзқарасым, әңгімелерім, қыздарға үлгі-өнеге көрсетіп жүргенім ұнайды деп ойлаймын. Дәл қазіргі жасандылыққа толы қоғамда шынайы өмірдің бет-бейнесін көрсету әрбір адамның қолынан келе бермейді. Көптеген жас қыз-келіншектер менен шабыт алады. Шынайы өмірде де, әлеуметтік желіде де келін боп түскен күннен бастап ақжарқын мінезіммен ата-енемнің көңілін тауып жүрмін. Келіннің сіңісіп кетуі барған жеріне байланысты деген сөзбен толық келісемін. 

Енеммен қарым-қатынасым өте жақсы

Алғашында қаталдау болып көрінген, бірақ қазір сырт бейне алдамшы екеніне көзім жетті. Келіннің басты міндеті – өмірге ұрпақ әкеліп, сол үйге сіңісу, отбасының берекесін арттыру. Қонақ келгенде шайын беріп, қабағыңды ашып отыруың керек. Үлкен үй болғандықтан, үйден қонақ үзілмейді, келген қонақтың бабын табу да менің міндетім болып табылады. Келін енеге ешқашан қызындай болмайды, келін өз міндетін, өз орнын біліп, өз қызметін атқара білуі керек, сонда ғана енесіне сыйлы болады. Енесінің сөзін сөйлеп, айтқанын екі етпей, барынша бабын табуға тырысса, өз балалары да болашақта анасының төбесін көкке жеткізетін болады. "Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді" деген сөз бекер айтылмаған.

Осы заманның келіні ауылда болсын, қалада болсын салт-дәстүрді ұстанып, саналы ұрпақ тәрбиешісі атануы тиіс. Заманауи келін бесаспап болу керек, отбасын да, жұмысты да қатар ұстауға болады. Бастысы – ниет. Қазіргі заманда әйел адам бәріне үлгеруі тиіс, әйел өзінің шығармашылығына да көңіл бөліп, жан-жақты ізденісте жүргені жөн.

Басқа бәле – тілден

"Шапалақ екі қолдан бірге шығады". Туыстарыңыз сізге жағымсыз жағдай тудырғанда, отқа май құяр болсаңыз, үлкен жанжалдың арасында қаласыз. Сондықтан ашуға ерік бермей, сабырлықпен шешу керек. Кешірім деген ең жақсы нәрсе бар. Келіспей қалған жағдайда бірінші кешірім сұрауға тырысамын. "Кім бірінші кешірім сұраса, соған Алланың мейірімі түседі" дейді ғой, кішірейіп кешірім сұрағаннан жаманшылық көргем жоқ.

Ажырасу

Ажырасу – қазіргі замандағы ең өзекті әрі ауыр тақырыптардың бірі. Бәрі әйелге байланысты. Егер әйел адам бәрін сабырмен, ақылмен шешетін болса, ажырасу болмас еді. Қарапайым ене мен келіннің жанжалын алып қарайық, ене келінге дауыс көтерген жағдайда келін оны төркініне, күйеуіне айтып отырса, ана мен бала, құдағи мен құдағи арасына жік түседі. Сезімге берілмей, ақылға жеңдіру керек. Қаншалықты қиын жағдай болса да, қолымды бір сілтеп, төркініме баруды ешқашан ойлаған емеспін, өйткені ата-анадан көрген тәрбием сондай. Қыз балаға ата-анасы "тек қана жұбайыңмен кел" деп ақылын айтып отырса, қыз қайын жұртын сыйлап, басын иіп тұрады. Өзім қаланың қызы болсам да, ауыл тірлігін алып кеткенім –  ең алдымен ата-анамның тәрбиесі мен ата-енемнің қамқорлығының арқасы деп білемін. 

Сондықтан өмірлік ұстазым болған ата-анама да, ата-енеме де алғысым шексіз

Келіннің қандай болмағы осы кісілердің тәрбиесінен деп білемін. 

Менің арманымдағы отбасы

Негізінен ерлі-зайыпты арасында сезім де, сенім де болу керек. Есеппен емес, махаббатпен тұрмысқа шығу керек деп ойлаймын. Сонда ғана отбасының діңгегі мықты болады. Алла нәсіп етсе, әдемі қартайып, үлкен кісілердің, отағасының, балалардың арасында отырғым келеді. Болашақ келіндерім ананың ақ сүтін емген тәрбиелі жерден болса деп армандаймын.

Фото -

Айдана енесімен және ажынымен

Бала тәрбиесі

Бала тәрбиесінде ұстанатын басты қағидам – өзімді тәрбиелеу. Бала айтқаныңызды емес, көргенін істейді. Егер өзіңіз адал жолмен жүрсеңіз, баланы тәрбиелеудің қажеті жоқ, ол сізден көргенін қағып алады. Әзірге балаларым кішкентай, ең үлкені мектепке енді барады. Балаларыма қазақ ертегілерін оқып бергенді жақсы көремін. Оларды музыкаға баулығанды жаным сүйеді, балаларым өнерге, әдебиетке жақын болса екен деймін. Өзімді де үнемі дамытып, кітап оқып отырамын. Мырзагелді Кемелдің кітаптарын сүйіп оқимын.

Отбасында әке беделі де биік тұруы тиіс

Өзіміз әкеміздің қабағынан қаймығып өстік. Өз балаларым да әкелерін сыйлап тұрады. Бірақ көп ретте отбасындағы әке рөлі көлеңкеде қалып қойып жататынын аңғарамын. Қоғамда жайсыз жағдай болса, бар кінәні анаға артамыз. Әке де бала дүниеге келген соң, оның өміріне жауапты екенін ұмытпауы тиіс.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы "Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы" Жарлыққа қол қойды. Осы құжатты әрбір ата-ана ашып оқуы тиіс деп ойлаймын. Онда "Қазіргі заманғы жағдайда ата-ананың екеуі де бала тәрбиесі мен үй шаруашылығын жүргізуге бірдей жауапты болуға тиіс. Бұл ретте, этномәдени бірегейлікті де сипаттайтын отбасы дәстүрлері мен адамгершілік-рухани құндылықтарды сақтау өте маңызды" делінген. Расымен әке де, ана да өз жауапкершіліктерін тең білсе, бірде-бір отбасының іргесі сөгілмес еді.  

Ана ретінде алаңдаймын

Қоғамдағы көкек аналар мәселесі жаныма батады. Олар қайдан шығады? Аналар өз қыздарына тәрбие бермей, теріс жолға түсіп кетуіне себепкер болады. Қазір "жетімдер үйі", "аналар үйі" көбейіп кетті. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылына байланысты өткен жиында: "Қазақта ондай бәле (қарттар үйі, – ред.) болған жоқ. Кіші баласы отау иесі деп неге айтқан. Баласын жетімдер үйіне беру деген болған жоқ. Қазақстанда жетімдер үйі болмау керек, жетімдерді асырап алу керек. Ол адамға да, Аллаға да жағатын нәрсе. Қазір жассыңдар, өмір шексіз болып көрінеді. Менің жасыма келгенде ғұмырдың зу етіп өтіп кеткенін білмей қаласыңдар. Бір мамандықты алып, соны түбіне дейін жеткізіп, соның қызығын көру керек. Басқаға уақыт жетпейді. 

Қартайған кезде бәрімізге қамқорлық керек

Үйлерінде жалғыз отырған қариялар бар, ешкімі жоқ. Солардың тізімін алып, анда-санда бір барып, батасын алсаң, бәрімізге жақсы емес пе? Волонтерлардың істейтін істері сол болады", - деген еді. Елбасымыз айтса, айтқандай бұл мәселелер бұрын-соңды қазақтың арғы-бергі тарихында болмаған. Қыз етегін қымтап ұстаса, бұның бірін де естімейтін едік.

Әйел – қырық шырақты

Әйел адам төзімді болып жаратылғандықтан, оны "қырық шырақты" деп атайды. Біздің қоғамда үлгі-өнеге болатын әйелдер ат төбеліндей. Салауатты өмір салтын, қазақылықты насихаттап жүргеніме қуанамын, артымнан бір қыз ерсе де, бұл – мен үшін үлкен мәртебе. 

Редакциядан: Міне, бір әулеттің беткеұстар келініне айналған Айдана Ыбырай осылай дейді. Не десек те, отбасы – бір адамның еңбегі емес, жанұяның жылылығына ене де, келін де, ата да, бала да жауапты. Дегенмен өзі өзгеріп, әлемді өзгертуге қауқарлы әйел затының мойнындағы жүк ауыр. Ене мен келін бір-біріне дос, сырлас бола алған отбасының шаңырағы биік, босағасы берік болмақ. 

Загрузка...