503

Мұсылмандардың діни мерекелері туралы мәлімет

Today.kz оқырманға мұсылмандардың діни мерекелері мәлімет ұсынуды жөн көрді.
Фотография - Мұсылмандардың діни мерекелері туралы мәлімет Сурет: Kazislam.kz

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының мәліметінше, 2019 жылы Рамазан айы мамырдың 6-сы басталады. Қадір түні мамырдың 31-інен маусымның 1-іне қараған түні түседі. Ал Ораза айт маусымның 4-і басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді. 

Осы орайда Today.kz оқырманға мұсылмандардың діни мерекелері мәлімет ұсынуды жөн көрді. 

Фото -

Миғраж түні

Миғраж түні – ислам дінінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көкке көтерілген түні. Бұл түнде пайғамбарымыз (с.ғ.с)  дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі-аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Сондықтан бұл түн мұсылмандар үшін діни мереке болып есептеледі. 2019 жылы Миғраж сәуірдің 2-сінен 3-іне қараған түніне түсіп тұр. 

Бараат түні

Мұсылман дініндегі адамдар үшін Бараат түні Алла Тағала ғаламның аспанында рақымымен көрінеді. Бұұл түн кешірім тілеу түні және пайғамбарымызға (с.ғ.с.) толықтай шапағат ету құқы берілген уақыт болғандықтан, осы сәтте толықтай құлшылық қылу керек делінеді. 2019 жылы Бараат түні сәуірдің 19-ынан 20-сына қараған түнге түсіп тұр.

Рамазан айы

Рамазан айында мұсылмандар бір ай бойы Ораза тұтады. Осы айда ең басты орындалатын амал – Ораза ұстау. 

Қадір түні

Мұсылмандар үшін ең қасиетті түн болып есептеледі. 2019 жылы Қадір түні ай ауысқан уақытта мамырдың 31-інен маусымның 1-іне қараған түні түседі. Қазақ "қадір түні мың айдан да қадірлі" деп осы түнді ұйықтамай күтеді. Осы уақытта періштелер жер бетіне түседі деп сенеді. 

Қадір түнінде оқылатын дұға: "Уа, Раббым! Осы түннің құрметіне, пайғамбарымыз (с.ғ.с)-нің құрметіне, рахметіңнің құрметіне тәубемді қабыл ал. Мені кешіріп, нұрыңа бөлеген құлдарыңның арасына қос". 

Ораза айт

Исламның үшінші шарты – Ораза. Ораза – адамның ғибадат ниетімен сәресіден күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық жақындықтан тыйылуы. 

Оразаның парыздары:

1.Ниет ету.

2. Оразаның басталатын және аяқталатын уақыттарын білу.

3.Таңнан күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден ұзақ болу. Оразаның басталатын уақыты "имсақ", ал ауыз ашар "ифтар" деп аталады.

Оразаның екі түрі бар. Біріншісі кештен бастап ниет етілетін ораза. Олар рамазан оразасының қазасы, бұзылған нәпіл оразасының қазасы, күнбе-күн ұсталатын, кәффарат оразасы, уақыты белгісіз нәзір оразалары. Бұларға міндетті түрде кештен бастап ниет ету керек.

Екінші түрі кештен ниет етуді қажет етпейтін оразалар. Олар рамазан айында ұсталатын ораза, уақыты белгілі нәзір оразасы және нәпіл оразалар. Бұларға кештен бастап ниет ету шарт емес. Түске дейін ниет етсе де болады.

Рамазан айында ораза ұстаған адам мейлі жалпы ораза деп ниет етсін, бәрібір ұстаған оразасы рамазан оразасы болып есептеледі. 

Арапа

Арапа – Құрбан айттан бір күн бұрын келетін қасиетті күн. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) білдіруінше, арапа – артықшылығы мол күн. Ол артықшылығы жағынан жұма күніне ұқсас. Ол жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық. Дұғалардың ең жақсысы да арапа күні жасалған дұға (Байхақи).

Құрбан айт

Құрбан айт – барша мұсылман қауымға ортақ мереке. Құрбан айтта жағдайы бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет болып саналады.

Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) шалынады. Бір қошқар немесе қой бір кісі атынан шалынады. Ал қара мал немесе түйені жеті кісі бірігіп, құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малын айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалуға болады.

Құрбандық етін үшке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады.

Елбасы Құрбан айт сайын мұсылмандарды мерекемен құттықтап, өзі де мешітке барады. 

Ашура күні

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ашура күнінің қасиеті туралы былай деген: "Ашура күнi басқа күндерден де қасиеттi. Аллаһ Тағала көктi (жер жүзiн) ашура күнi жаратты. Тауларды, теңiздердi, әлемдi және Адам (ғ.с.) осы күнi жаратты. Адам (ғ.с.) ашура күнi жаннатқа кiргiзiлдi. Ибрахим (ғ.с.) осы күнi туылды және осы күнi оттан құтқарылды. Аюб (ғ.с.) осы күнi ауруынан жазылды. Адам (ғ.с.) тәубесiн осы күнi қабыл еттi. Иса (ғ.с.) осы күнi дүниеге келдi. Қиямет күнi – осы күнi болады".

Мәуліт (Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күні)

Мәуліт – араб сөзі, қазақша "туған күн" деген мағына береді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Адамның (ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбарға дейінгі Алла елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне ол айға осы атау берілген.

Діни мерекелерде не істеу керек?

Дін – әр адамды өз қалауымен бақытқа жетелейтін жүйе. Дені сау, ақыл-есі дұрыс адамның жүрегінде сенімі болады. Сол сенім жетегінде теріс жолға түспей, тура бағытқа бұрылуға бағдар алады. Діни мерекелерді жарияға жар салмай тыныш құлшылықпен, дұға оқып, мұқтаж жандарға садақа беріп өткізген жөн. Әсіресе діни сауаты жаңадан ашылып жатқан жастарды осындай мерекелерде байқап қалған теріс пиғылды адамдар өз мүдделеріне пайдаланғысы келуі мүмкін. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев имамдармен кездесуінде: "Қазақстанның аумағы ұлан-байтақ және табиғи қазба байлық пен ресурстарға бай екені баршаға белгілі. Осының бәріне қызғанышпен қарайтындар да бар. Олар – бізге қастық ойлап, қоғамымыздың ынтымағын бұзуға тырысушылар. Халқымыздың арасына теріс діни ағымдарды енгізу бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі болып саналады. Соңғы уақытта осындай үрдіс байқалып отыр. Біз мемлекеттігімізге қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресуге тиіспіз. Сондықтан сіздердің алдарыңызда зор міндеттер тұр", – деген болатын. 

Сондықтан дін туралы дұрыс мәліметті мемлекет бекіткен арнайы сайттардан (muftyat.kz) және мешіттен алған жөн.