2372

Қазақстан Республикасында ана мен бала құқығы қалай қорғалады

Жанұяда, қоғамда ана мен бала құқығы қорғалуы үшін не істемек керек? Біз бүгін осы туралы айтамыз.
Фотография - Қазақстан Республикасында ана мен бала құқығы қалай қорғалады Сурет: egemen.kz

Ана мен бала құқығы қай заманда да өзекті. Өйткені ана – ұлттың айнасы, бала –  болашағың. Болашағы жарқын, келешегі кемел елдің баласы бақытты, анасы мұңсыз. Ана мен бала – отбасының негізгі бөлігі, ырыс пен берекенің қайнар көзі. 

Жанұяда, қоғамда ана мен бала құқығы қорғалуы үшін не істемек керек? Біз бүгін осы туралы айтамыз.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында ана мен баланы қорғау тақырыбы да қозғалған. 

"Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе", – дейді Елбасы. "Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Олар банк карточкаларына ие болуға, көлік жүргізіп, қызмет жолын қалыптастыра алуға, заманға сай болуға, сәнденуге тиіс және біздерде ешқашан киілмеген, салтымызға жат киімдерге оранып-қымтанбауға тиіс. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар. Халқымыз "Қыздың жолы жіңішке" дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз", – делінген Жолдауда.

Маңызды құжатта бала құқығына да көңіл бөлінген. 

"Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес

Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын

Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс", – дейді Қазақстан Президенті.

Отбасының бүтіндігін мемлекет өз панасына алса да, басты міндетті әке мен шеше арқалайтыны ақиқат.  

Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі

Әрбір ата-ана өмірге сәби әкелген соң, оның өміріне, денсаулығына тікелей жауапты болуы тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27 бабында "Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында. Баланы күту және тәрбилеу – ата-ананың табиғи құқығы мен міндеті" делінген. Көптеген тұрмыстық факторлар негізінде кейбір аналар тоғыз сағат толғатып өмірге әкелген көзінің ағы мен қарасындай бауыр еті баласын далаға тастап кетіп жатады. Бұл тек біздің елде емес, бүкіл әлемде болатын, бола беретін жайсыз жағдай. Осынау әлеуметтік мәселенің тамыры тереңде болса да, басты жауапкершілік әке мен шешенің мойнында. Кез келген жұмыр басты пенде бала өмірге келмей тұрып ойлануы тиіс. 

Дегенмен тағдыр тауқыметін тартып тарыққан аналар үшін Қазақстанда "Ана үйі" жұмыс істейді

Бұл –  тығырыққа тірелген жас аналар паналайтын уақытша мекен. Мұнда кәмелетке толмағандардан бастап, 30 жасқа дейінгі аналар тұра алады. Қазақстан бойынша 19 қалада 25 ана үйі бар, әр үйді бір меценат қаржыландырып отырады. Алғашқы үй 2013 жылы Астана қаласында ашылған. Бұл жер Қазақстан бойынша барлық перзентханамен байланыс жасайды. Босанған әйел баласынан бас тартпақ болған жағдайда, оған осындай "Ана үйі" бар екені айтылады. Аналар үйінде ана баласының буыны бекіп, бір-бір жарым жасқа толғанша тегін тұруға мүмкіндік алады, оған моральдық және әлеуметтік құқық көрсетіледі, ананың құжаттары жөнделеді, оқып, мамандыққа ие болып шығады. 

Құндақталған сәбиімен қорғансыз қалған келіншек өз-өзіне келгенше пана табатын үйдің басты мақсаты – тірі жетімдердің көбеюіне жол бермеу. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақтың бұрын-соңды тарихында болмаған бұндай пана заман көшіне сай тұрмыстық қажеттілікке айналып отыр. Осының арқасында "баламды тастап кетем" деген әйелдердің жетпіс пайызы өз ойынан айныған.

Ана мен бала құқығын қорғайтын мекеме көп

Қазақстанда ана мен бала құқығын қорғайтын бірнеше мекеме бар. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанынан балалардың құқықтарын қорғау Комитеті құрылды. Министрліктің ведомствосы Астана қаласындағы Министрліктер үйінде азаматтарды қабылдайды. Сондай-ақ 111 нөмірі арқылы хабарласып, өз мәселеңізді айтып, көмек сұрай аласыз. Мекеме баланың балалық шағын уайымсыз өткізу үшін жұмыстанады. 2018-2019 оқу жылының басынан бері 10 және одан да көп күн себепсіз сабаққа  қатыспаған 236 оқушы анықталған. Балаларды сабаққа қайтару бойынша жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 11 оқушы мектепке қайтарылған.

"ҚР кризистік орталықтар одағы" – еліміздің 11 өңірінде 18 ұйымы бар мекеме. 

Одақтың міндеті – ана мен бала құқығын қорғау

150 нөмірі арқылы балаларға, 1415 нөмірі арқылы тұрмыстық зорлыққа тап болған әйелге көмек көрсетіледі. Сондай-ақ адам саудасының алдын алу үшін 11616 нөмірлі сенім телефоны жұмыс істейді.

2007 жылы еліміздің барлық өңірінде психологиялық, ақпараттық, заңды көмек беретін бала құқығын қорғайтын Департамент құрылды. Одан бөлек, ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл де ана мен балаға қызмет көрсетеді.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі омбудсмен – Асқар Шәкіров, ал балалар омбудсмені – Сәуле Айтпаева. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылық

2016 жылы атағы дүркіреген отандық продюсер Баян Мақсатқызының басында күтпеген жағдай болды. Сырт көзге бақытты көрінген отбасы ойрандалып, продюсерге өз күйеуі ауыр дене жарақатын салды. Нәтижесінде Баян Мақсатқызы ажал аузынан қалды, осы оқиғадан кейін елімізде отбасындағы әйел құқығы туралы пікірталас көбейді. Баян әйелдер құқығын қорғайтын қор құрмақ болып бекінді.

Бұндай оқиғалар аз емес...

Көп әйел күйеуінен күнделікті таяқ жесе де, азапқа төзіп, сол өміріне көндігіп отыра береді. ҚР кризистік орталықтар одағының мәліметінше, жыл сайын елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400-ге жуық әйел қайтыс болады. Таяқтың екінші ұшы сауатсыздыққа келіп тіреледі. Көп әйел қоғамда, отбасында өз құқығын жіті біле бермейді, заңды ашып оқымайды, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тегін көмектерге жүгінбейді, сенім телефондарына хабарласпайды. Ал әрекет жасаған әйел өзін де, балаларын да қауіптен арашалап, жарқын болашаққа қарай қадам басады. ҚР Қылмыстық Кодексіне сәйкес, әйеліне дене жарақатын салған ер адам кем дегенде 15 күнге абақтыға жабылады, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалайды.

Қазақстанда жетімдер үйі азайды

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, тоғыз жыл бұрын балалар үйінде 15 мың бала тәрбиеленсе, бүгінде олардың саны 6223 болып отыр. Көрсеткіш алпыс пайызға азайған. Яғни Қазақстанда балалар үйінің желісі қысқарып, жылдан-жылға ондағы тәрбиеленуші балалар саны азайып келеді. 2017 жылы республикалық жетім балалар мен ата-аналарының қамқорынсыз қалған балалар банкі жұмыс жасай бастады. Тек 2017 жылдың басынан бастап банк арқылы 394 бала асырап алынған, 2437 бала қорғаншылыққа, 219 бала патронаттық тәрбиеге берілген.

Жетімдер үйінің азаюы үздіксіз жүргізілген мемлекеттік саясаттың нәтижесі десек, артық емес.

Сөз орайында Қошқарбай ауылы тұрғындарының игілікті ісін айтпай кете алмаймыз. Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай ауылының тұрғындары бір уақытта 11 жетім баланы асырап алды

Қырықтан астам үйден құралған шағын ауыл осылайша 11 жәутең көзді бауырына басқан

Балаларды алты отбасы бағып-қағып отыр.

Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ

Отбасы – шағын мемлекет. Кез келген отбасының өз заңдылықтары болады. Жанұяның жылылығы әйелге байланысты десек те, ең басты жауапкершілік ер адамның мойнында екенін ұмытпауымыз керек. Әйел – еркектің қабырғасынан жаратылған нәзік жаратылыс. Еркек баласын қорғап, әйелін аяласа, бұндай отбасының іргесін долы дауыл да шайқалта алмайды. Бала тәрбиесіне ана да, әке де теңдей жауапты болуы тиіс.

Отбасы – ортақ құндылық. Мемлекет те кішігірім отбасылардан құралады. Отбасы құндылығы – ұлт айнасы. 2013 жылдың қыркүйегінен бастап елімізде қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні ретінде тойланады. Отбасы күнін Қазақстанда мерекелеу неке мен отбасы институтын нығайтуға  негізделген. 

"Әрбір шаңырақтағы береке түптеп келгенде тұтас елдің берекесі. Адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттер отбасы арқылы дариды", – дейді Елбасымыз. 

Елімізде отбасы, жанұя, ана мен бала ұғымдарына мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлініп келеді. Жыл сайын қоғам назарын отбасылық құндылықтарға аудару мақсатында "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы ұйымдастырылады. 

Сөз соңында... 

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің мәліметінше, елімізде күн сайын 1 мыңға, ал жылына 400 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артты. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде салмағы 500 граммнан жоғары, ерте туылған нәрестелердің өмірін сақтау мүмкін болды. Ана баласыз, бала анасыз қалмауы үшін мемлекет ұзақ мерзімді сындарлы саясатты тегеурінді түрде жүргізіп отыр. Ана да, бала да құқықтық, заңды түрде сауатты болуға ұмтылса, нұр үстіне нұр болмақ.