212

Студенттер жат ағымның ықпалына қалай түседі

Today.kz сайты кішкентай ауылдан жалғыз келген қарапайым студенттің оқиғасын оқырманға жария қылуды жөн көріп отыр.
Фотография - Студенттер жат ағымның ықпалына қалай түседі Көрнекі сурет

Ауылдан үкілі үміті мен аялы арманын арқалап келген кез келген студент үлкен қаланың қызығы мен шыжығына тап болады. Басында көзге сұлу болып көрінген дәулетті де сәулетті қала бара-бара тас жүрек қамалға айналуы мүмкін. Өйткені студенттің маңдайына қаланың қаталдығын да көру жазылған... 

Осы орайда Today.kz сайты кішкентай ауылдан жалғыз келген қарапайым студенттің оқиғасын оқырманға жария қылуды жөн көріп отыр. 

Әрі қарай бүгінде бір компанияда маман болып жұмыс істейтін бұрынғы студенттің оқиғасын өз аузынан естіңіздер. 

Мен Алматы қаласына ауылдан жалғыз келдім. Жоғары оқу орнына түскенімді естіген бойда әке-шешемнің қарсылығына қарамастан үлкен қалаға пойызбен аттанып кеттім. Сол кезде 18-ге де әлі толмаған сарыүрпек балапан болсам да, жүрегімдегі күштің мықтылығы ма, өмірі көрмеген үлкен қалаға жалғыз өзімді әлдебір құдірет жетелеп келді. Пойыздан түсе сала аңтарылып тұрып қалдым. Мұндай биік вокзалды, нөпір халықты бұрын-соңды көрмеппін. 

Қолымдағы құжаттарым мен бір жапырақ картаны қысып ұстап, жоғары оқу орнына тартып отырдым. Мұнда мен сияқты мектепті жаңадан бітірген жас түлектер толып жүр екен. Көбінің қасында әкесі, шешесі, ағасы, әпкесі бар. 

Құжаттарымды өткізіп шыққан соң, шешемнің туысқан әпкесінің үйіне бармақ болып аялдамаға қарай бет алып едім, жүзінен нұр төгіліп тұрған бейтаныс келіншек келіп: "сіңлім, қайда барасың?" деп сұрады. Күн сияқты күлімдеп тұр екен. Мен туысқанымның үйіне баратынымды айттым. "Егер баратын жерің болмаса, менімен бірге жүр, жалғыз тұрам, қасыма өзің сияқты көмекші сіңлі керек. Алла разылығы үшін саған көмектесейін", – деді. Бейтаныс келіншектің соңынан еріп кете алмадым. Туысқанның бары қандай жақсы, рақметімді айтып, автобусқа мініп кеттім. 

Әлгі келіншек соңымнан қарайлап қала берді. Қазір ойлап қарасам, жалғыз-жарым жүрген студентті торуылдап, тұзаққа түсірудің оңай жолы – осы екен. Алланың атын жамылып, жылы-жылы сөйлеген кез келген адамға сене бермеңіз дегім келеді. 

Группада 26 қыз, 4 ұл болды. Барлығы 30 адам. Жатақханада әр бөлмеде 4 қыздан тұрдық. Біздің группада 1 курсқа түскен кезде ешкім орамал тақпайтын. Орамал тағып, ұзын етек киген бірде-бір студент болмаған. 1 курстан бастап группамыздағы Ж. есімді қыз аяқ астынан орамал тағып, бізді үнемі дін жолына шақырумен болды. Маңайына ниеттес қыздар тез жиналды. Ж-ның үздіксіз үгіт-насихат жүргізуінің арқасында 2 курста тағы бірнеше қыз хиджаб киді. Кейбір мұғалімдер ол қыздарға "хиджаб қазақтың киімі емес екенін" айтып қалып жүрді. Хиджаб ешқайсысының оқу үлгеріміне, бағасына әсер еткен жоқ, бірақ студенттерге арналған көп шарадан қалып қоятын. 

Бес уақыт намазға жығылып, орамал киген қыздар топ болып бөлек жүретін. Сабақтан кейін "оқуға кеттік" деп топтасып кетіп қалатын. Діни сауатын жетілдіру үшін дұрыс жерге бара ма, әлде жат ағымның уағызын тыңдай ма, ол жағы бізге беймәлім күйде қалды. Хиджаб киіп кеткендер арасында менің жақын құрбым да бар еді. Ол өте сезімтал, қойдан жуас, көнбіс адам болатын. Оның ойын өзгертіп жіберу өте оңай. Сондай сенгіш, ақкөңіл, мысы бар адамның алдында төменшектеп қалатын ынжықтау еді. Сол қыз бір күні сабаққа хиджаб киіп келгенде, басқа-басқа, өз басым отырған орнымнан құлай жаздадым. Өйткені менің түсінігімде дін жолына толыққанды рухани жетіліп, діни сауатың кемелденген кезде түсуге болады. Ал атүсті діни біліммен бұндай батыл қадам жасау сондай жеңіл деп ойламаппын. Сол қыз әке-шешесі түбегейлі қарсы болған соң, демалыста ауылына барғанда хиджабын шешіп тастап, ауылдан келгенде қайтып киіп алып жүрді. Кімді алдап жүргені бір Құдайға мәлім... 

Тағы бір Е. есімді қыз бір күні сабаққа хиджаб тағып келді. Келесі күні хиджабын шешіп, қысқа көйлекпен келіпті. Бәріміз аң-таң болдық. Сосын тіпті оқудан шығып кеткенін естідік. 

Университет аумағында жүрген кезімде жанымнан өтіп бара жатқан екі жігіттің бірі мойнымдағы тұмарды көрсетіп: "Бұл – Аллаға серік қосу, дереу тұмарыңды алып таста" деп бұйырды. Тұмардың ішіне қасиетті Құран Кәрімнің кішірейтілген нұсқасын салып тағатынмын. Қорыққанымнан екі аяғым дірілдеп, тұмарымды шешім сөмкеме салып алдым. 

Жастарды сыртынан білдіртпей аңдитын адам жоғары оқу орны аумағында көп жүреді. Олар алдымен Алланың хақ жолында жүргенсіп, кейін сағым сияқты алдамшы бейнесін көрсетеді. Ол қалай десеңіз, алдымен сізді діни ақ жолға салған кейіп танытады, сосын өзінің белгілі бір мақсаттарына қару есебінде қолданады. Олардың аңдитыны – қасында әке-шешесі жоқ, көнбіс, материалдық жағдайы төмен жастар. 

Ислам діні мен экстремизм – көлдің екі жағасы секілді екі бөлек дүние

Алланың хақ жолынан адасқан адамның көзін шел басады. Жас адамның бұтақ секілді июге көне беретін миын бағындыру – оңай шаруа. Студенттік кезімізде бұндай оқиғаларға жиі куә болдық. Көшеде көбіне әйел адамдар басқа діннің де ақпараттық парақшаларын таратып жүретін. 

Экстремизм тек ислам дінінде бар деуге болмайды, кез келген дінде адамды теріс мақсатта қолданғысы келетіндер бар. Экстремизмнің шырқау шегі – терроризм. Ал терроризм мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін жүйе. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев имамдармен кездесуінде: "Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді", – деген болатын. 

Атам қазақ әу бастан мұсылман дінін қабылдаған. "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" деп Ұлы Абай айтып кеткен. Осынау бейбітшілікке шақыратын ақ дінді лайлауға тырысатын адамдар жат ағымды насихаттайды, айналасын соған шақырады. Оның түбінде – қолдың кірі саналатын ақша, байлық жатыр. Сондықтан үлкен қалаға аяқ басқанда діни, саяси топтардың қолшоқпары болып, адасып кетпеу үшін студент көп нәрсеге ыждаһаттылықпен қарауы тиіс. 

Бейбіт елімізде ешкім-ешкімді күштеп, экстремистік топқа қоспайды

Бәрі де үздіксіз үгіт-насихаттың нәтижесінде жүзеге асады. Сондықтан әке-шешеңізден ештеңені жасырып қалмай, үнемі басыңыздан не өтіп жатқанын ашық айтып жүріңіз деген кеңес бергім келеді. Дін туралы нақты ақпаратты мешіттен, мешітте отырған имамнан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен кітаптардан ғана алуға болады. Басқа оқулықтардағы мәліметтер жалған болып саналады. Кез келген адамның айтқанына көніп, айдағанына жүріп кете бермеңіз.