Пәтер жалдап бірге тұрған қыздар Сирияға аттанып кетті – Болған оқиға ізімен

Мақалалар
3713
Бұл оқиғаны біз Сирияға аттанып кеткен қыздармен жалдамалы пәтерде бірге тұрған Ж. есімді келіншектің аузынан жазып алдық.

Бұл оқиғаны біз Сирияға аттанып кеткен қыздармен жалдамалы пәтерде бірге тұрған Ж. есімді келіншектің аузынан жазып алдық. Бірнеше жыл бұрын оқу орнын бітіріп, жаңадан жұмыс істеп жүрген кезінде болған сол оқиға әлі күнге көз алдында. Пәтерде тұрған кезінде ол өзінің қасындағы қыздардың Сирияға кетуге дайындалып жүргенін сезбеген. Әрі қарай келіншектің өз аузынан естіңіз, оқырман.

Пәтерден-пәтерге көшіп жүрген бойдақ кезім. Кейде пәтер ақысын бөліп төлейтін адам таппай қаласың, сондай кездері мүлде бейтаныс адамдармен бір нанды бөліп жемесең де, бір пәтерді бөлісуге мәжбүр боласың. 

Жанымыздағы пәтерлес қыздардың әрқайсысы тағдырына бойұсынып, өмір ағысымен жан-жаққа тарап кетті. Жұмыстас қыз екеуміз жалғыз қалдық. Қаланың қақ ортасындағы жарқыраған жалдамалы пәтерде екеуміз ғана тұрайық десек, қалтамыз көтермейді. Амалсыз бірнеше адам болып, бірге тұратын жаңа пәтер іздедік. Сөйтіп жүргенде қаланың тағы бір жақсы жерінен жаңа пәтер табылды. Интернетке "бірге тұратын екі қыз керек" деген хабарлама іліпті. Барсақ, екі бөлмелі пәтерде төрт қыз тұрады екен, пәтер кірген бойда жарық әрі жайлы көрінді. Қыздардың да қабақтары ашық, өзіміз сияқты қарапайым адамдар деп топшыладық. Жұмыстас қыз екеуміз ойланбастан жүктерімізді тиеп әкеліп, бос бөлмеге жайғастық.

Сөйтіп екі бөлмелі пәтерді алты қыз жалдап тұра бастадық. Сол кезде мен болашақта алдымнан қандай оқиғалар күтіп тұрғанын білген жоқпын. Ашық-жарқын қыздармен сырлас болып кете алмасақ та, сәлеміміз түзу болды. Жұмысбасты адам ретінде кешке келіп, таңертең қайта жұмысқа кетіп жүрдім. Екі күндік демалыста көбіне ұйқымды қандыруға тырыстым. Мен үйде болған күндері бір нәрсені байқайтынмын. Төрт қыз көбіне үйден шықпайтын, сосын оларға бір жігіт келіп жүретін. Төрт қыз да бес уақыт намаз оқыды. Оларға келіп жүретін жігіт те намазхан болып шықты, қасына үнемі бір кішкентай баланы "ұлым" деп ертіп жүретін. Кейінірек әңгіме арасында баланың өз ұлы емес, басқа біреудікі екенін білдім. Не үшін ертіп жүретіні маған әлі күнге жұмбақ.

Гүлім, Сенім, Айжан, Жұлдыз (есімін ұмытып қалуыма байланысты аттары өзгертілді) есімді төрт қыз да жоғары білімді, беделді оқу орындарын бітірген көзі ашық адамдар еді. Әке-шешелері де өзіміздің қазақтар, қарапайым шаруа адамдары. Олардың ешқайсысын көрмесем де, бір-біріміздің әке-шешеміз туралы білетінбіз. Қалталарында күректей дипломдарының болғанына қарамастан, төртеуі де тұрақты жұмысқа тұра алмады. Қайдан екені белгісіз, әйтеуір күнделікті ішіп-жемге жететін нәпақа тауып келетін. Соған қарамастан ай сайын пәтер ақысын кешіктірмей төлеп жүрді.

Гүлім төрт қыздың ішіндегі ең ашық-жарқыны еді. Аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл қыз болатын. Оларға келіп жүретін Жандар есімді жігіт Гүлімге ғашықтық көңілін білдірген күні жалдамалы пәтерімізде кішігірім мереке болды. Гүлім гүлдей жайнап шыға келді. Сүю, сүйікті болу кез келген қыздың арманы емес пе? Бірақ келісімін әзірге бермегенін, өйткені Жандар әкеден де, шешеден де айырылған жетім жігіт екенін, ата-анасы бұндай жігітпен кездесуіне қарсы болатынын айтып қалды. Жандар өте бауырмал әрі өте білімді, діни сауаты мол адам болып көрінетін. Гүлім болашақта текті жерден шыққан жақсы жігітке тұрмысқа шығудан үміттенетін.

Апта сайын Жандар келген күні қыздар дастарханды жайнатып қойып, көрші бөлмедегі жұмыстас қыз екеумізді шайға шақыратын. Жұмыстан келіп, жатып қалсақ та, көлдей көңілдерін қимай дастархан басына бірге отыратынбыз. Қарын тойған соң Жандар ұзыннан-ұзақ уағыз айтатын. Әсіресе менің орамалсыз жүргенім, намаз оқымайтыным үлкен күнә екенін, намазға жығылуым керектігін баса айтатын. Сондай кездері өзімді олардың алдында кінәлі сезініп, терең ой түбіне батып кететінмін. Бірақ кездесіп жүрген жігітім (қазіргі күйеуім) мені ол пәтерден көшуге үгіттеді. Өйткені "намазхан қыздардан ұялатынын, емін-еркін келіп, кете алмайтынын" айтатын.

Сенім орамалды ашық тақпаса да, бес уақыт намаз үйреніп, қыздарға ілесіп, намаз оқып жүрді. Өзіне қатты ұқсайтын інісі пәтерге келіп-кетіп жүретін. Естуімше ол да жақын маңда балалармен бірге пәтер жалдап тұрады. Сенім көшеге шыққан кезде оның намаз оқитыны, дін жолында жүргені киім киісінен аса байқалмайтын. Бойдақ бойжеткен ретінде жігіттермен кездесіп, гүл шоғын алып келетін. Арманы асқақ еді.

Айжан үй шаруасына өте шебер болды, дастархан жайғанда жайнатып жіберетін. Оған қарап «Айжанды әйел етіп алған адам бақытты болатын шығар» деп ойлайтынмын, өте еңбекқор, таза адам еді.

Жұлдыз туралы көп нәрсе білмеймін, тұйық, бұйығы жан болды. Көбіне сыртта жүретін. Естуімше, біреудің баласын бағатын.

Бір күні Гүлім үйге тағы да қуанып кірді. Бұл жолы жаңа киімдер алыпты. Қасындағы қыздарға су жаңа киімдерін мақтанышпен көрсетіп жатты. "О, жалақың түскен екен ғой" деп қалдым. "Жоқ, бұл киімдерді маған бір намазхан кісі сыйлады" деп жауап берді. "Намазхан адамдар қандай бауырмал, бір-біріне қандай жанашыр" деп ойладым.

Төртеуі бос уақыттарында үнемі діни кітаптар оқыды, діни уағыздар тыңдады. Әсіресе Жандар келген күні уағыз, үгіт-насихат көп айтылатын. Егер менің тұрақты жұмысым болмағанда, бәлкім дәл қазір осы жолдарды жазып отырмас па едім. Өйткені үздіксіз жүргізіліп отыратын уағызға сенбеу, насихатқа ермеу мүмкін еместей еді. Төрт қыздың ішіндегі Сенім де уақыт өте қыздарға ілесіп, хиджаб киіп кетті.

Бара-бара қыздар менің жігітпен ашық кездесуіме қасаң қабақпен қарай бастады. Мен тәуелсіз адам ретінде өз еркім өзімде болса да, бұндай психологиялық қысымға шыдай алмай, басқа пәтерге көшуге шешім қабылдадым. Жұмыстас қыз екеуміз тағы да басқа пәтер іздеп, жүктерімізді жинай бастадық. Қыздармен арада әлі де жылы қарым-қатынас сақталып тұрған уақытта "сіз-біз" десіп, әдемі қоштастық.

Содан кейін мен оларды еш жерден көрген емеспін.

Тұрмысқа шығып, баламды өмірге әкеліп, үйде отырған кезімде телефоным шырылдады. Қасымда оқушы қайынсіңлім бар. Белгісіз нөмір аты-жөнімді айтып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен хабарласып тұрғанын жеткізді. Мен ойымда ештеңе жоқ, жұмыстағы күйеуімнің қалжыңы шығар деп ойлап, қылжақтап, дұрыс сөйлеспедім. Тұтқаны оқушы қайынсіңлім алып: "Ей, кімсің сен?" деп дүрсе қоя берді. Қайынсіңлім екеуміз әбден күліп, тұтқаны қойдық. Күйеуімнің қалжыңдасып тұрғаны шүбәсіз еді. Бірақ белгісіз нөмір қайта қоңырау шалып, бұл жолы қатаң дауыспен сөйледі. Адресті айтып, сол жерге дереу келіп, түсініктеме беруімді талап етті.  

Түні бойы дөңбекшіп шықтық, келесі күні күйеуім екеуміз жасқа толмаған баламызды көтеріп, айтылған адреске келдік. Расымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты екен. Сол кезде барып жүрек шіркін аттай тулап сала берді. "Не бүлдірдім? Неге шақырды?" деген сан сауал миымды шырмап алды. Күйеуіме қарасам, ол да боп-боз болып бозарып кетіпті.

Омыраудағы баламды күйеуіме табыстап, сұп-суық ғимаратқа кірдім. Ғимарат ішіндегі күзетшінің қолындағы қаруды көріп, зәре-құтым қалмады. Әрбір есік құдды құпия мекен секілді темір тормен қапталыпты.

Мені сұрақ астына алған жас жігіт бірнеше жыл бұрын пәтерде бірге тұрған сол бір төрт қыз жайлы не білетінімді сұрады. Сонда барып әңгіме ауанының қай жақтан соғып тұрғанын түсіндім. "Оларға не болды?" дедім. "Сирияға соғысқа асып кетті" деді тергеуші. Жандар төрт қызды өзімен бірге соғыстың ортасына алып өтіпті. Он екіде гүлдері ашылмаған өрімдей жас төрт қыз жат ағымның жетегінде жүрген екен-ау. "Бір көрген таныс, екі көрген біліс". Мен оларды қиянатқа қимадым. Өзіміз сияқты қарапайым отбасынан шыққан қыздар еді. Арттарында үлкен қалаға оқу оқиды, жұмыс істейді деп жіберіп, тірідей айырылған ата-аналары боздап қалды-ау деп ойладым.

Айжан тұрмысқа шығуға дайындалып жүрген еді. Әлі де ана болатын, саналы ұрпақ тәрбиелейтін жігері бар еді. Әттең...

Гүлім де, Сенім де, Айжан да, Жұлдыз да, Жандар да тірі ме, өлі ме, ол жағы маған беймәлім. Бәлкім ғажайыптың күшімен атыс-шабыстың ортасында шыбын жандары аман қалған шығар. Бәлкім... Ойлаудың өзі қорқынышты...

Осы оқиғадан кейін интернет желісінен олар туралы ақпарат іздедім. Әлеуметтік желілерде олардың бірде-бір парақшасы жоқ екен. Құдды өмір сүрмеген адам секілді ізім-ғайым жоғалыпты. Бесеуін жіті танымасам да, біртүрлі ішім ашыды. Олар да қазақтың қаракөздері ғой...

Мен сол кезде олардың үгіт-насихаты Сирияға апаратын жол екенін сезген жоқпын. Енді ойланып қарасам, тегін киім беріп, пәтер ақысын да төлеп жүрген "бауырлар" оларды Сирияға қару есебінде құрбан етіп жіберу үшін дайындапты. Төрт қыз да қайда бара жатқандарын білген жоқ деп үміттенем, жас өмірлерін құрбан ететіндей ақымақ адамдар емес еді. Бұл бір алдамшы сағым секілді, бәлкім алдап әкетті ме, бәлкім қорқытып әкетті ме деп ойланам. Экстремистік топтардың материалдық қиындық көріп жүрген, ешкімі жоқ жетім-жесірге ауыз салатыны, сондай мұқтаж жандарды торуылдайтыны ащы ақиқат қой. Жетімдік көрген Жандар да сол тұзаққа ілініп кеткен болуы мүмкін. "Ұлым" деп жанынан бір елі тастамайтын кішкентай баланың тағдыры не болғаны ойлантады.

Экстермистік топтар ұзақ жоспар құрып, мен куә болғандай ешкімге зияны жоқ, дін жолына түскісі келетін жастардың санасын улап, оларға көмек көрсеткенсіп, соңында Сирия сияқты елдерге құнсыз зат секілді алып кетіп жатады. Мен сол бір төрт қызбен әрі кетсе екі-үш ай тұрған уақытымда Сирия туралы бір ауыз сөз естіген емеспін. Соған қарағанда олар насихатты астарлы түрде, сырт көзге байқатпай жүргізсе керек. Жандардың үнемі әлдебір нәрсеге алаңдап жүретінін, көңілі тыныш емес екенін байқап қалатынмын. Бәлкім Жандар экстермистік топтың бір мүшесі болып төрт қызға үгіт айту мақсатында арнайы жіберілді ме екен? Не де болса, бұндай экстермистік топтардың құрығы ұзын екені рас...

Сөз орайында ата-аналарға да айтарым бар. Ұл-қызын өзінен жыраққа жіберген ата-ана олардың ортасын, араласатын адамын жіті қадағалауға алса, жастарымыз жат ағымның жетегінде кетпес пе еді. Өйткені беті жылтырағанның бәрі алтын емес, жылы-жылы сөйлегеннің бәрі жанашыр емес. Жастарды қару есебінде пайдаланып, террорист адамға айналдыру үшін көп нәрсе де талап етілмейді. Қиналып жүрген жанға ақша берсе, киімі жоқ адамға киім берсе, өзі де намазға жығылған жан ондай уағызға оңай ілесіп кетеді. Мен куә болған оқиға – жарқын мысал. Көбіне жұмыста жүргендіктен, олар туралы көп нәрсе де есімде қалмапты. Егер сезіктенген болсам, көзі ашық, көкірегі ояу азаматша ретінде бәлкім Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарласып, мән-жайды алдын ала айтар ма едім, кім білсін? Күні кеше ойнап-күліп жүрген өрімдей жастар Сирияға кетті деп естігенде, төбемнен жай түскендей күйде болдым. Сену қиын, бірақ амал нешік...  

Олар жас өмірлерін жат елдің соғысы үшін құрбан етуге дайын болып кетті. Ол жақта еліміздегідей бейбіт өмірдің салтанат құрып жатуы екіталай. 

Сұм соғыстың беті аулақ... Еліміздің Тәуелсіздігі, тұрақтылығы ұзағынан болғай дегім келеді. 

Согласны ли вы с тем, что в Алматы нужно ввести платный въезд?
34 %

Да. Это улучшит ситуацию с пробками в центре

13 %

Нет. Это только лишний повод содрать деньги с людей

5 %

Да. Но если только въезд будет бесплатным для тех, кто живет вне города, а работает в нем

20 %

Нет. Это нарушение моего права на свободу передвижения

28 %

Оставлю свой вариант в комментариях

Комментарии

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить

{{ bodies[news_open].title }}

{{ bodies[news_open].rubric }}
{{ bodies[news_open].views_count }}
{{ bodies[news_open].preview }}
Согласны ли вы с тем, что в Алматы нужно ввести платный въезд?
34 %

Да. Это улучшит ситуацию с пробками в центре

13 %

Нет. Это только лишний повод содрать деньги с людей

5 %

Да. Но если только въезд будет бесплатным для тех, кто живет вне города, а работает в нем

20 %

Нет. Это нарушение моего права на свободу передвижения

28 %

Оставлю свой вариант в комментариях

Комментарии

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить