Мұхамеджан Естеміров – Салт-дәстүрін білген адам өзге ағымның жетегінде кетпейді

Мақалалар
5645
Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасары Мұхамеджан Естеміровпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бойынша халық арасында оң көзқарастар жүйесін қалыптастыруы өте маңызды. Бұл тұрғыда еліміздегі діни бірлестіктер, мешіттер қандай жұмыстар атқаруда? Жергілікті халық діннің қоғамдағы ролін қалай түсінуде, салт-дәстүріміз бен діни басқарма рұқсат еткен заң аясында қандай іс-шаралар атқарылуда?

Осы  және басқа да сауалдармен біз Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасары Мұхамеджан Естеміровпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Шымкент қаласындағы Орталық мешіттің тарихы, қалыптасу жолын айта кетсеңіз. Қай жылы салынды, құрылысын кімдер қаржыландырды?

– Орталық мешіт 2013 жылы 30 мамыр күні ашылды. "Ақмешіт" мешіті бұған дейін бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық мешіті мәртебесінде болған. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының бас мешіті қызметін атқаруда. Мешіттің құрылыс аумағы 6355 шаршы метр, сыйымдылығы 7000 адам. 

Қазақстан бойынша бүгінгі таңда екінші орындағы мешіттің бірі болып саналады

Қазақстан Республикасы, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің келісімі мен Біріккен Араб Әмірлігіндегі "Шейх Халифа бин Зәйд Әль-Нахайан" қайырымдылық қорының демеушілігімен 2007 жылы құрылысы басталған. Мешіт Шымкент қаласындағы тоғыз жолдың торабы, Алматы-Ташкент тас жолы мен Темірлан тас жолы қиылысында бой көтерген.

Сәні мен сәулеті жарасқан ғимарат қазіргі таңда тек намаз оқушылардың ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келген туристер мен меймандар да келетін көрікті әрі мәдени орындардың біріне айналып келе жатыр. Осыған байланысты мешітті әрлендіру, жарықтандыру, безендіру жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Алдағы уақытта бұл мешіт көз тартатын, адамдар келіп тамашалайтын орынға айналатынына сеніміміз бар. Қазірдің өзінде әсіресе жас жұбайлар той алдындағы серуен кезінде мешіттің жанындағы гүлзардың айналасында суретке түсіп, ішке кіріп құран оқытатын жақсы бір үрдіс қалыптасып келеді. Бұл ары қарай да жалғаса береді деген ойдамыз. Ал мешіт өзін өзі қаржыландырады, мемлекет тарапынан, басқа да бір ұйымдардан қаржы келмейді, тек қана мешіттің өзінің түсімімен қаржыландырылуда.

– Мешіттің сайты, әлеуметтік желі беттерінде парақшасы бар ма? Қоғаммен байланыс орнату жағы сіздерде қалай?

– Мешіттің арнайы "Шариғат.кз" сайты мен Фейсбук әлеуметтік желісінде парақшамыз бар. Сонымен қатар, Ютуб желісінде де мешітіміздің каналы бойынша 112 мың жазылушысы бар. Оның ішінде тек қана дін емес дәстүріміз бен тарихымыз, күнделікті тәлім-тәрбие беретін  рухани іс-шаралар насихатталған.

Біздің жергілікті мәдениет Ислам дінімен сіңісіп кеткелі қаншама ғасырлар өтті. Алайда елімізге неше түрлі жат ағымдар, деструктивті көзқарастағы сенімдер пайда болып, адамдар әлеуметтік топ-топқа бөліне бастады. Бұған Қазақстан діни мұсылмандар басқармасының жергілікті өкілі ретінде қандай  ағарту жұмыстарын жүргізе алдыңыздар?

– Ресми орындардың айтуы бойынша Қазақстанда халықтың 75 пайыздан астамы мұсылмандар болып есептеледі. Қалғандары католик, православ, т.б. Түркістан облысы мен Шымкентке келсек, халықтың 85 пайызын мұсылман жолындағы адамдар деп айтуға болады. Облыста діни мәселені саралап айтсақ, тұрақты деп айтуға болады, ешқандай қақтығыстар жоқ. 

Мұның барлығы да елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың жемісі

 Бізде бірлік бар. Қазіргі таңда түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Кереғар ағым  мүшелеріне тек уағыз айта бермейсің ғой. Оларды дастархан басында тамаққа шақыру, спорттық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы түсіндіру  қажет деп санаймыз.

Шымкент қаласында 105 мешіт бар, соның 80 мешітінде жамағат арасында  футбол ойыны ұйымдастырылып, командалар құрылды. Наурыз айының басында басталған ойын сәуірде аяқталады. Өз арамызда арнайы сый-сыяпаттар беріліп жатыр, осылайша  олардың түсінбеген нәрселерін түсіндірейік, бауырмал болайық деген мақсатты көздедік. Бұл тұңғыш рет пилоттық жоба ретінде өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ, өткен жылы өзге діни конфессиялар арасында қазан айында да футболдан арнайы турнир өткізген болатын. Біздің "Ақмешіт" командасы былтыр да, алдыңғы жылдары да 1 орын алып келе жатыр, ол жағынан мақтана аламыз. Қысқасы, өзге дін өкілдерімен дұрыс қарым-қатынаста толерантты жұмыс істеп келеміз. Ешқайсысын алаламай, заң аясында не көрсетілген, сол бойынша дін істері басқармасы, жергілікті әкімшілік пен ішкі саясатбөліміжұмыстар жүргізіп жатыр.

Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда 22-ден астам түрлі керағар бағыттағы ағымдарға тыйым салынған. Олардың барлығы Қазақстан аумағында жұмыстарын тоқтатқан, жүргізуге жол берілмейді. Осы бағытта жергілікті әкімшілік, дін істері басқармасы және құзырлы мекемелермен бірлесіп ЖАНТ (Жергілікті ақпараттық насихат тобы) ашылған. Осы ақпараттық топтың құрамында 33 мүше бар, соның бірі өзім. Өкіл имамының бастамасымен түрлі жат ағымдарға ерушілермен кездесудер өткізілді. Түзеу мекемесіндегілермен де жұмыс жүргіземіз. Жыл сайын қаншама азаматтар өзіміздің ата дінімізге оралып жатыр. Былтыр керағар ағымға өтіп кеткен 200-ге жуық азамат өзіміздің ата дінге оралып жатқан жағдай бар. Былтырғы статистика бойынша Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы 900-ге жуық азаматтың жат ағымнан ата дінге оралғанын жариялады. 

Фото -

– Айтыңызшы, өңірде ислам және христиан діні ғана бар, басқа ешқандай діни бірлестік, ұйымдар жоқ делік. Елде алауыздық болмай, тыныштық орнауы мүмкін бе? Ислам діні – тыныштық пен бейбітшіліктің кепілі ме?

– Елімізде 100-ден астам ұлт өкілі тұрады, ондай жерде әр ұлттың өзінің ұстанатын діні болары сөзсіз. Бәрі  де "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң аясында жасалады.  Ислам сөзі – бейбітшілік, амандық, саулық деген мағынаны білдіреді. Біздің облыста тек ислам болған күннің өзінде ешқандай қақтығысқа орын болмайды. Өйткені, исламның жүрген жері –бейбітшілік. Көп конфессияның арасында да исламның айтары – тек қана бірлік. Ислам дінін терроризмнен, басқа да "измдерден" аулақ, дұрыс түсіну керек. 

Ислам діні бірлікке шақырады, жұмыс істеуге, бауырмал болуға, кім болса да адам баласы болғандықтан жақсы қарым-қатынас жасауға үндейді

Оны басқалары да дұрыс түсінеді деп ойлаймын.

– Өзін мұсылманмын деп санайтын адам тек намаз оқумен шектелсе сол жетеді ме әлде міндетті түрде білім ізденіп, діни сауатын тереңдетуі тиіс пе?

– Жалпы мұсылман адам намаз оқумен шектелмей жүріс-тұрыс, әдет-ғұрыптарымыз бен тарихымыз бар, осы нәрселерді білуі керек деп ойлаймын. Мұсылман адам ізденісте болу керек, әсіресе ілім жөнінде. Өзін мұсылманмын деген адам ақиқатты біліп, мүмкіндігіне қарай тура жолда жүргенін ұғынған абзал. Әрине ғалым болу парыз емес, бірақ білім алу парыз ғой. Сондықтан, адам күнделікті өмірлік тіршілігіне жетерліктей білім алғаны дұрыс. Айталық, ислам діні, пайғамбарларымыз кім,  кітабы қандай, қай жолда жүрміз, қай мәзхабты ұстанамыз деген сияқты өзіне қажетті дүниелерді біліп алуы міндетті деп есептейміз.

Қазақстан – зайырлы мемлекет, азаматтардың діни сенімі мен бостандығына құрметпен қарайды. "Жаман айтпай, жақсы жоқ" деген, діни алауыздық неден туындайды жалпы?

– Зайырлы деген ол діннен алшақ кетіп қалды деген сөз емес. Дінге деген мемлекеттің қамқорлығы бар, арнайы заң қабылданды, христиан дінінде православ және Ханафи мазхабындағы ислам дініне басымдық берілген.  Барлық уақытта толеранттылықты сақтап отырғандықтан, бұл мәселе туындатады деп ойламаймын, оған жол берілмейді. Өйткені, жат ағымдардың дұрыс-бұрысын анықтайтын тек біз ғана емес, әлемдегі мұсылман елдерінде де кейбір ағымдардың дұрыс емес екеніне пәтуа беріп қойған. Сондықтан, саралап, ақ-қарасын ажырататын ұйымдар бар, дін істері басқармасы жанындағы діни мәселелерді зерттеу орталығы мен діни басқармада арнайы пәтуа бөлімі ашылған. Олар мысалы осындай ағымдардың алдын алып отырады. Мынадай ағым келе жатыр, қауіпті, ұстанымдары осындай деген секілді тиісті орындарға айтылып отырады. "Ауырып емделгенше, ауырмайтын жол ізде" дейді ғой, соның жолын іздейтін амалдарды қарастырады, солай істеп те келе жатыр.

Көңіліңізге келмесін, менің түсінігімде мешітте жүрген имамдар, т.б. дін өкілдері тек құлшылық пен ғибадат қылып жүрген, өлім-жітімде құран оқып, бет сипап бата берушілер ретінде ғана елестейді. Дінді талдап, ғылыми өресі мен білімін көрсетіп жатқан имамдар бар ма біздің облыста?

– Бұл жерде дін өкілі дінмен жұмыс жасау керек. Мысалы мешіт  имамы, наибы, молдасы азаншысы болғаннан кейін мешіттегі өзінің негізгі функциясын атқаруы міндетті. Бес уақыт намаз, жаназа намазы, неке қию күнделікті істейтін нәрсе ғой, оны молда істемегенде кім істейді деген сауал туындайды. Десе де, соңғы уақытта осы азаматтарымызға талаптар қойдық. Заман өзгеріп, технология дамып жатыр, компьютерді меңгеру, белгілі бір ғылымға жету деген сияқты. Қанша имамдарымыз ғылым докторы, магистрант атанды, ЖОО-да оқып жатқандары бар, кезінде 2-3 айлық курсты оқып бітіріп имам болғандар қазір түсініп, қайтадан оқуын жалғастырып жатыр. 

Тіпті кейбірін діни басқарманың келісімімен Мысырға, Түркиядағы оқу орындарына жолдамамен жіберіп жатырмыз

 Өйткені, имамдарымыздың білімін жетілдіру, заман талабына сәйкестендіру керекпіз. Ғылым дамыған сайын, ислам да дамиды. Құранның "Ясин" сүресінің 79 аятында электр жарығының болатыны, "Хадид" деген сүреде металлургия яғни темірдің қанша градуста балқитыны айтылады. Ислам – тұнып тұрған ғылым. Имамдардың жан жақты болуын қадағалаймыз. Елімізде арнайы Нұр- Мүбәрак университеті, 9 медресе колледжі, 2 құран жаттау орталығы бар. Шымкент қаласында 1 медресе бар, ол медресе колледж деңгейіне көтерілді. Екінші, 1 қарилар дайындау орталығы мен 56 діни сауат ашу курсы бар. Бұрынғыдай емес, имамдарымыз Интернет, электрон пошта дегендермен жұмыс істей бастады.

Адамдар мешітке көбіне қандай проблемамен келеді? Әлде тек намаз оқып, садақасын беріп, дұға немесе бата оқытып кетуге келе ме? Мешіттің көптігі иманның көбеюіне кепіл ме?

– Жалпы, мешітке адамдардың 80 пайызы намаз оқу үшін келсе, 20 пайызы түрлі проблемасымен келеді. Мысалы, жағдайы жоқ, науқастанған кісілер болуы мүмкін, көмек сұрап жатады. Оған біз тиісті көмек беріп келеміз. Осы бағытта арнайы жәрмеңкелер, акциялар ұйымдастырамыз. Соның бір көрінісі, "Баспанаға жол" акциясын ұйымдастырдық. Яғни пәтері жоқ, пәтерге жете алмай жүрген көпбалалы аналардың пәтерақыларын төлеп, азық-түлігін, көмірін алып бердік. Ол әлі де жалғасып жатыр. Жуырда облыста үшем дүниеге келген болатын, сол әйелдің күйеуі тастап кеткен, Өзбекстан азаматы екен. Біз соны дер кезінде қолға алып, алты айға пәтерақысын төлеп бердік. Ол әйелдің құжаттары да жоқ екен, әкімшілік құжаттарын реттеп, тізімге қойды. Пәтерақыдан бөлек, ол отбасының жейтін тамақ, киім-кешекпен қамтыдық. Қайырымдылық шарасына кәсіпкер азаматтарды да тарттық. Бұл тек бір мысал ғана, тізімде 6500 отбасы бар. Жыл бойы көмектесіп келе жатырмыз. Жергілікті әкімшілік бар, "Нұр Отан" партиясы бар, бізге тізімді береді, кейде мешітке тікелей келетіндері де бар. Біз  тізімді алып қарап, шынымен мұқтаж ба тексеріп барып, береміз. Әсіресе Рамазан айында ақшалай, заттай, құрбан айтта ет өнімдерін береміз. Одан кейін жаз айында "Мектепке жол" акциясын ұйымдастырамыз. 2000-нан астам мектеп оқушысына  көмек берілді. Бұл қайырымдылық бағыттағы жұмыстарымыз.

Жалпы 4 бағытта жұмыс істейміз. Біріншісі, діни сауат ашу курстары яғни ағарту саласы, қайырымдылық шаралары, оқу-ағарту саласы, төртіншісі керағар ағымдардың алдын алу мәселелері.

Қалада 105 мешіттің өзінің қайырымдылық шаралары, жоспарлары бар. Өткен жылы қайырымдылық бағытта ОҚО кезінде 8 отбасыға баспана соғып бердік, биыл да жалғасын тауып келеді. Ұйымдастырушысы біз, шараға түрлі кәсіпкерлер тартылды.

Фото -

Мені бір таң қалдыратыны, Сирияға кетушілердің әлі де бар екендігі. Дамыған ғасырда өмір сүріп отырмыз, Интернет арқылы ол жақтағы жағдайды қалай көрмей, білмей отыр. Адам деген қайда, неге бара жатқанын, неге тәуекел еткенін білуі керек қой? Онымен қоймай балаларымен кететін отбасыларды көргенде айтарға сөзім қалмайды. Сонда басқа ағымның өкілдері насихатты жақсы жүргізгенінің нәтижесі ме әлде біз білмейтін басқалай себептері бар ма?

– Өте қиын да маңызды сұрақ, мұны енді тиісті орындар жауап бергені дұрыс деп ойлаймын. Қазір кетушілер саны жоқ, тоқтатылған, керісінше ол жақтан әкелініп жатыр. 

Жуырда "Жусан" операциясы қаншама отбасыны, баланы кері қайтарды

Тиісті орындар алдағы уақытта да жалғасады деп жатыр. Қазір оларды алып келу мәселесі өзекті болып отыр. Алданып кетіп қалғандар ғой, сондықтан Алла хидаят берсін. 

– Жиһад деген не, түсіндіріп беріңізші? Оның Ислам дінінде үкімі қандай?

– Жиһад деген бұл мағынасы күресу деген сөз. Жиһад деген қолға қару алып күресу емес, оның мағынасы кең. Алдымен өзінің нәпсісімен күресу. Мысалы өзіңнің отбасыңды асырау да күрес, білім алсаң ол да күрес, себебі білім алу оңай емес, инемен құдық қазғандай. Сөзді тура мағынасында түсінбеу керек. Екінші мәселе, жиһадты мемлекет басшысы ғана жариялау керек. "Бізге, елге қауіп төнді, Отанды қорғаңыздар!" деп шақырса ғана сол жиһад болып есептеледі. Мысалы Сирия мемлекетінің басшысы, Қазақстан мемлекетінің басшысы ешқандай жиһад жариялаған жоқ, сондықтан бұл ешқандай қисынға келмейді. Ол адасу ғана. Сирияға кеткендердің ішінде өкініп, опық жеп жатқандар бар. Соғысып, бірін-бірі атып жатқандар – мұсылмандар. Мұны арандату деп түсіну керек.

Адамдардың діни ұстанымы мығым, өзге ағымға еріп кетпей, дәстүрлі ханафи мәзхабымен жүруі үшін нені біліп, нені ескеруі қажет, неден сақтанғаны жөн? Қандай нұсқаулықтар ұсынасыз? Өзге ағымның ықпалына ермейтіндей, арбалмайтындай қандай дүниелер бар?

– Өзге дінге, жат ағымға еріп кетпеу үшін өз дініңді қажетті деңгейге дейін білу керек, өз ата дінін, мәзхабын, дәстүрін білу керек. Өзінің салт-дәстүрін білген адам өзге ағымның жетегінде кетпейді. Түркияға барған кезде сол  кездегі түріктің бас мүфтиі бізді қабылдаған болатын. "Біздің елде де осындай теріс бағыттағы уахаббизм т.б. ағымдар қаптады. Мешіттің жанынан діни сауат ашу курстарын дамыттық, екінші біз салт-дәстүрді насихаттадық" деген болатын.  Сол айтпақшы, адам өзінің діни сауаты мен салт-дәстүріне бекем болса кері ағымға кетпейді. Кері ағымға ана тілін шала сөйлейтін, өзге тілде ойланатын азаматтар, сосын материалдық жағдайы нашар болғандықтан кеткен азаматтар болды.

Осы мүмкіндікті пайдаланып айтарым, жастарға дәстүріне берік болу керек

Діні мен өз ата-баба дәстүрін қадірлеп жүру керек. Ол үшін бірінші Құранға қараймыз, екінші пайғамбардың хадисіне, ижма, қияс, бесінші әдет-ғұрыпқа қараймыз. Халыққа ыңғайлы, көпшілік қолдайтын әдет болатын болса оны Ислам дінінің өзі де қолдайды. Мысалы, мәні мен маңызы бар беташар салты. Келіннің сәлем салуы қандай керемет! Ата-енесінің немесе қайынағаларының қолын алғаннан гөрі, оның иіліп сәлем бергені дұрыс, үшіншіден нәпсісін сындырады. Қайқайып тұрғаннан гөрі иілгені – адамгершіліктің, кішіпейілдіктің белгісі. Көрдіңіз бе, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Осындай озық тұстарын әр адам білу керек.

Кешегі өткен наурыз мерекесі де діни сипатқа жақын мереке. Яғни ішінде амандасу, көрісу, ағаш егу, бір-біріне тамақ беру бар. Айта берсек көп, жақсы нәрсе болғандықтан Діни басқарманың пәтуа бөлімі де оны дұрыс деп бағалайды.

– Қазір әлеуметтік желі беттерінде мешіттер салынғанша мектеп салынсын, мүгедек балаларды емдейтін оңалту орталығы немесе мұқтаждарға арнап баспана т.б. пайдалы қажеттіліктер салынсын деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұған дін өкілі ретінде не айтасыз? Қоғамда бұл ой жайдан жай туындамаған болар?

– Түркістан облысы бойынша 824 мешіт бар, бірақ Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінгендіктен қазір облыста 724 мешіт, қалада 105 мешіт бар. Десек те бүгінгі таңда облыс бойынша 20-дан астам елді мекенге 20 мешіт қажет. Өйткені, демеушілер табылмады ма, әлі мешіт салынбаған ауылдар бар. Дегенмен де мешіт саламын деушілерге балабақша салыңдар, жол, көпір салыңыздар, артылып жатса баланың оқуына грант құйыңыздар деп үндеп жатырмыз. Мысалы, былтыр Нұр Мүбәрак университетінде оқып жатқан 35 баланың бір жылдық ақшасын акция ұйымдастырып, төлеп бердік. Бір жылдық төлемақысы 400 мың теңгеден астам. Мешіт қай кезде қажет болады? Ішіне адамдар сыймай сыртқа шығып, тасып жатса керек болады. 

Ал бір ауылда мешіт болса, екінші мешіт қажет емес

Мешіт салғысы келетіндердің меселін қайтармауымыз керек. Оларға медресе, жатақхана, үй соғып беріңіздер деп айтып жатырмыз. 

Екінші, үйі жоқ имамдарға мешіттің ауласынан немесе сол ауылдың бір жеріне қызметтік үй салып беру мәселесін көтердік. Бір ғана мысал айтайын, Мақтаарал ауданы Жамбыл деген елді мекенде бір кәсіпкер мешіт салған,  келесі жылы тағы сауапты амал жасамақ болғанында біз ақылдаса келе оған ауылға медпункт салып  беруін ұсынысын жасадық. Ол кісі заман талабына сай, ішінде бүкіл қажетті құрал-жабдықтары бар медорталық салып берді. Себебі, ауылда жас келіншектер аяғы ауыр, қалаға, ауданға барып сабылмайды. Міне осы секілді мысалдар өте көп, үндеуіміз шүкір нәтижелі болып жатыр.

– Жергілікті халық ата дәстүрге жақын ба әлде ислам дініне жақын ба? Айталық, жерлеу рәсімі, қайтыс болған адамды шығарып салу, т.б. дәстүрлерге дін тарапынан қандай өзгерістер, жаңашылдықтар енгізілді?

– Иә, тағы бір көтеріп жатқан мәселеміз, осы құдай асы. Өлім-жітім, қайтыс болған кезде тойдың дастарханындай болмасын деп үндеу қабылдап жатырмыз. Әсіресе, жетісі, қырқы, жылдық асы дегендер бар. Адам қайтыс болған жағдайда үш күнге дейін тамақ бермеу немесе құда-жекжаттары келсе, көршілердің үйінен әкеліп ұйымдастыру жағын қарастырудамыз. Исламда жетісі, қырқы деген жоқ, бірақ ата-баба дәстүрімізде бар. Оны ата-бабаларымыз не үшін қойған? Қайтыс болған кезде адамдар барып үлгере алмай қалып жатады, сондықтан не істейді, топтасып жетісіне барады, оған келе алмағандар қырқына келеді. Бұл негізі көңіл айтып келушілерге арналып жасалған нәрсе ғой. Көңіл айтып келушілерге күніге мал сойып, дастархан жаю оңай емес. Мәселен, бір құдаңыз келсе құр қол қайтармай, мал соясыз. Соны ата-бабаларымыз адамдарды күтіп алу үшін жүйелеген. Негізгі функциясы сол. Ал оны қазіргілер бізде сәнге айналдырып жіберген, шын мәнінде түбірі келіп-кетушілерге ыңғайлы болсын деп жасалған. Біз осыны тойдікіндей болып кетпесін деп мөлшерін бекіттік, нәтижесі жаман емес. 9 аудан қолдаған болатын, қазір басқа да ауылдар қосылып жатыр. Шымкент қаласындағы 4 ауданымызда да осы үрдіс жүріп жатыр.

Қысқасы, қайтыс болып жатқан үйдің туыстары ақша, мал, дүние іздеп кетпеу керек. Кейбір кісілерді көреміз, несие алады да соны бәлен айға төлеп жатады. 

Садақаны адам жағдайына, мүмкіндігіне қарап жасау керек

 Біз мұны халыққа пайдалы болсын, адам өлімі кезінде қиналмасын, ұтымды жағдай болсын деп жасадық. Ал тойды өздері біледі, бірақ оның өзінде де ысырапқа жол берілмеуі керек. Той жасағанша екі жасқа қажетті пәтер, көлігін алып бергені жөн деп санаймын. 

– Дін өкілі болу сізге нені ұқтырды? Сізді дін жолына не алып келді? Неге басқа кәсіп, басқа жолды таңдамадыңыз?

– Дін өкілі болу сауапты һәм жауапты жұмыс. Бізге ұстаздар айтатын: "Имам болу – көпір болу деген сөз". Көпірден жақсы да, жаман да адам өтеді. Сондықтан, мықты, сабырлы, ұстамды болсаң, сол көпір шыдас береді деген секілді ғой. Елдің жұмысын істеу оңай емес. 

Десек те, дін өкілі болу арқылы өзіміздің ата дінімізді, салт-дәстүрімізді насихаттасақ, жастарымызды Тәуелсіз мемлекетімізге титімдей болса да үлес қосуға шақырсақ дейміз, басты ниетіміз де осы. Екіншіден, Алланың ризалығын табу.

Имам болып жүріп те басқа кәсіп істеуге болады. Біреулер баспаханада, біреуінің жеке кәсіпкерлігі бар. Пайғамбарлардың да кәсібі болған. Иса пайғамбар дәрігер, Мұхаммед пайғамбар саудагер, Ибраһим пайғамбар ағаш ұстасы, Мұса пайғамбар тігінші, Дәуіт пайғамбар темір ұстасы болған. Сол секілді имам бір жақты болмай жан-жақты болғаны дұрыс. Егер өзіне, жан-дүниесіне ыңғайлы болса адал кәсіппен айналысуына дінде ешқандай кедергі мен шектеу жоқ.  

Согласны ли вы с тем, что в Алматы нужно ввести платный въезд?
34 %

Да. Это улучшит ситуацию с пробками в центре

13 %

Нет. Это только лишний повод содрать деньги с людей

5 %

Да. Но если только въезд будет бесплатным для тех, кто живет вне города, а работает в нем

20 %

Нет. Это нарушение моего права на свободу передвижения

28 %

Оставлю свой вариант в комментариях

Комментарии

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить

{{ bodies[news_open].title }}

{{ bodies[news_open].rubric }}
{{ bodies[news_open].views_count }}
{{ bodies[news_open].preview }}
Согласны ли вы с тем, что в Алматы нужно ввести платный въезд?
34 %

Да. Это улучшит ситуацию с пробками в центре

13 %

Нет. Это только лишний повод содрать деньги с людей

5 %

Да. Но если только въезд будет бесплатным для тех, кто живет вне города, а работает в нем

20 %

Нет. Это нарушение моего права на свободу передвижения

28 %

Оставлю свой вариант в комментариях

Комментарии

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить