711

Экс-вице-министр Эльмира Суханбердиева қамауда отырып кітап жазған

Кітап жақында жарыққа шығуы мүмкін.
Фотография - Экс-вице-министр Эльмира Суханбердиева қамауда отырып кітап жазған Сурет ашық дереккөзден алынды

Экс-вице-министр Эльмира Суханбердиеваға қамауда отырған кезінде кітап жазғанын айтты, деп хабарлайды Today.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

"Осы өткен 34 күнде кітап жаздым, "Түрме вице-министрдің көзімен" атты кітап жақын арада жарыққа шығады. Онда әйелдердің абақтыдағы жағдайы баяндалады. Кітапта көптеген пікірлер қамтылады, оқырман қауымға қызықты болады деп ойлаймын. Онда тек өзім жайлы автобиография ғана емес, сонымен қатар жалпы мәселелер жазылады", - деді бұрынғы вице-министр. 

Оның сөзіне қарағанда, аталған кітап толығымен жазылып шықты, енді шамалы түзетулер енгізу қажет. Осы орайда кітапты жарыққа шығаруға ниетті баспалар байланысқа шыққан. 

"Бұл тұрғыда кейінірек баспасөз мәслихатын өткіземін. Сіздерге бұл кітапты сыйға тартамын", - деді Э. Суханбердиева тілшілерге қарата айтқан сөзінде. 

Айта кетейік, бүгін елордада ҚР Білім және ғылым вице-министрі болған Эльмира Суханбердиеваға қатысты сот үкімі шықты. Оған 2500 АЕК көлемінде айыппұл тағайындау шешімі шығарылды. Жалпы, ол 5 948 900 теңгені төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекет үлесі 50% асатын өзге де мемлекеттік органдарда - ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылды.