«Өкініш» - Қайрат Нұртастың беделін түсіруге бағытталған сәтсіз жоба

Фотография - «Өкініш» - Қайрат Нұртастың беделін түсіруге бағытталған сәтсіз жоба

Өнер айдынында өз орны бар жас әнші Қайрат Нұртас жайында жақсы бір мақала жазу көптен ойда жүрген-ді

502 0

Өнер айдынында өз орны бар жас әнші Қайрат Нұртас жайында жақсы бір мақала жазу көптен ойда жүрген-ді.  «Жұлдыздар жарығы» атты жаңа айдарымызға сұранып тұрған кейіпкердің дәп өзі, 23 жасында тоғыз бірдей альбом шығарып, 18 жасында жеке концертін беріп үлгерген. Бұл жігіттің таланты мен табандылығы талайларға үлгі болғандай-ақ еді.

Әдемі әндерімен тыңдарманның жүрегін жаулап үлгерген әнші жайлы әңгіме жас оқырмандарымыз үшін қызықты болуы тиіс еді. Өкінішке орай, Қайрат Нұртастың өзі түсірген, өзі басты рөлде ойнаған, өзі жайлы «Өкініш» фильмінен кейін, оған дейін жарық көрген «Қайрат Нұртас» атты журнал тұсаукесерінен кейін-ақ бұл ойымыздан айнып қалғанымыз.


Биыл өзі шоу-бизнесте жүрген жұл­дымыз өнерін өрлетуге, атағын мәңгілікке қалдырып, атын тарихта өшпестей етіп жазуға бел шешіп кіріскен сыңайлы. Алдымен ақпан айының аяғында әнші «Қайрат Нұртас» деп аталатын жылтыр журналды жарыққа шығарып, туған күнінде тұсауын кесті. Оның айналасындағылар аталмыш журналда әншінің эксклюзивті сұхбаттары жарияланатынын айтып, ендігі жерде оны өзге басылымдар көшіріп басуға болмайды деп бөсті.

Музыканттың жанашырлары «Жұл­дыз» деген атауы бар журналдар бүгінде жыртылып-айырылатындықтан, өздері айрықша жобаны қолға алғандарын осылайша мәлімдеген-ді. Сөйтіп, Бибі­гүл Төлегеновалардың басына келмеген, Роза Рымбаевалар ойламаған, тіпті Ескендір Хасанғалиевтардың ескермей жүрген мұндай журнал ақпарат айдынына ойқастап шыға келгенде, бұл да болса, Қайраттың жастығы мен азды-көпті тыңдармандарының қошеметіне бөленген мастығы болар деп ойлаған едік.

Өзі аттас журналдың жарық көруі ғаламторда қым-қиғаш пікірталастар туғызып, біреулер поп әншіні жерден алып, жерге салса, енді біреулер «Қайрат, Қайрат дегенге, сақалын бояғаны несі?!» деп қынжылыстарын үйіп-төкті. Қазір аты-жөні жоқ «интернет-троллдар» ешкімді аямайды. Әлеуметтік желілерде желдей ескен осындай пікірлер әншімізді тәубесіне түсіріп, ойлантып, сол кезде өзі туралы түсіріледі деп мәлімденген «Өкініш» фильмнен бас тартқызар деп ойлаған едік. Жаңылмайтын жақ жоқ қой. Оның үстіне, Қайрат жас, әлі «мас» болғанымен, айналасында ақыл тоқтатқан адамдары, қала берді продюсері болып жүрген анасы бар, өрескелдікке бармауға кеңес беретініне бек сенімді болғанбыз. Ол аз болса, әншінің талай тыңдарманы бүгін ашылып, ертең жабылып қалатын өз атындағы журнал шығарып, әбестік пен әуреге түскенше, әншіге музыкалық білімін көтеріп, талантын шыңдауға талай ақылды қосудай қосты. Себебі жалғыз, өйткені, Қайрат Нұртасты жақсы көретін тыңдармандар жеткілікті.

«Бауырым-ау, қайда барасың, жерге түс, әлі де кеш емес» десті енді біреулер.

Өкінішке орай, «Өкініш» түсірілді. «Нуртас Production» киностудиясынан толық метражды фильм прокатқа шықты. «Е-е, Қайраттың керемет бір идеясы мен өз замандастарына беретін тағылымы өліп бара жатқан соң, «Өкініш» деген картинаны түсірмей қоюға болмаған шығар» деп жаңа фильмді  көріп шықтық.

Әкетіп бара жатқан дауысы болмаса да, кейбір сөзі мағынасыз, сазы солғын әндерді орындап жүргендерге қарағанда жүрекке жылы тиетін әндерімен жанымызды баурайтын Қайрат Нұртастан көңіліміз қалған тұс та осы.

Кинематография өнеріне ауыз сал­ған әншінің  амбициясына барынша түсіністікпен қарап, түсініп көруге тырыс­­сақ та, болмады. Кино деп айтуға келмейтін, ұялы телефонға әншінің өмірінің әр тұсынан, отбасында түсірілген үзіктер секілді дүние басқа жұлдыздарға жұғысты болмаса екен дейік те, сөзімізді дәйектейік.

Көзі тірісінде өзінің өмірі туралы кино түсірткен кім бар десек, біраз мысал табуға болады-ақ екен. Францияның экс-президенті Николя Саркози мен Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаған Марк Цукерберг сынды әлемге әйгілі жандардың  жеке өмірі туралы фильмдер бар. Ал Алла Пугачева ойнайтын «Женщина, которая поет» фильмі әнші Стрельцованың өмірінен алынған ғой.

Көбінесе, өзінің туысқандары ойнай­тын, анасы Гүлзира Айдарбекова про­дюсерлік ететін «Өкініште» (көр­кем фильм деп айтуға келмейді) Қай­раттың махаббаты мәнсіз, артынан шұбырып жүрген өнеріне табынушыларына түкіргені бар, досын адам деп есептемейді. Ал анасы ба­ла­­­­­сының тойда өнер көрсетуін ашықтан-ашық саудалайды. Қала берді, шала ғашық болып жүрген әнші ақшасы алдын ала алынып қойған тойға бармай да қоя салады.

Осыған дейін де бұқаралық ақпа­рат құралдарының электрондық нұсқа­ларында Қайрат өзінің өңірлерде белгі­ленген концерттерін билеті сатылып қойылғанына қарамастан, өткізбей қоя салатыны жайлы жағымсыз хабарлар жүретін. Осыны өзі туралы фильмде өзі айғақтайды. Өкінішті.

«Өкініш» Қайраттың тамаққа салып, қырылдап, қиналып, күшеніп айтатын әнімен басталмақ. Концерттен кейін соңынан шұбырған қыздардан «әрең құтылған» Қайрат досы Ринатпен Алматы көшелерінде қымбат көлікпен жөңкіліп барады. Айтқандай, картина бастан-аяқ Қайраттың және оның туысқандары мінген қымбат көліктердің «крутой» нөмірлерінен тұратынын байқамай қалу мүмкін емес.

– Қошемет ұнайды, иә?

– Әрине, ұнамайды деші, ұнайды.

– Ол бәле есірткі сияқты, – деген ақыл­мен басталатын кинода есі дұ­рыс, жібі түзу жалғыз адам болса, ол – Ринат (Ринат Баситов) қана. Ал операторлық жұмысты ауызға алу әбестеу, тіпті. Фильмнің сценарийі мен режиссурасының жоқтығы өз алдына.

Дегенмен, алдын ала өз атындағы киім үлгілерін шығаруға да бел байлап отырған әншіміз өзі туралы фильмге Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұловтар түсетіндігін жария еткен болатын. Сон­дықтан да, абыройы дардай өнер майталмандары мына фильмнің қай тұсынан көрінуі мүмкін деген қызығушылық бізді соңына дейін жетеледі.

Өмірін әншінің жолына құрбан етуге бар бір қыз анасына келіп, жылап-еңіреп, жасқа малынып отырғанда Қайратымыз оның ар жағында диванда ұялы телефонын шұқылап, ойнап отыр… Жалпы, мұндай картина, өзі туралы фильм өнер адамына не үшін керек деген сұрақты әнші өзіне қойып көрді ме екен?

Өмірдің мағынасыз үзіктері сықылды картинада сенімді шыққан, сезімді селк еткізер тұсты атымен жоқ десек, артық ғайбат емес.

Мұнда өнердің өрелі жолы бар ма, сахнаның киесі қайда? Егер лента әншінің өмірі туралы болса, жары мен үш баласы қайда? Қатқан нөмірлері бар көліктер мен бассейні бар екенін, талғамсыз жиһаздарға толы үйін көрсету үшін көркем фильм түсіріп, оған 500 мың АҚШ долларын шашу – екінің бірінің қолынан келмейтін «ерлік».

Кинематографияның қай жанрына жатқызарымызды білмеген фильм­де Қай­раттың сүйген қызы  жүрген бір алаяқ, жеңіл жүрісті адам. Әнші ұйықтап жатқанда қалтасындағы ақшасын қым­қырып кетуден де ұялмайды. Би кешін­де қылмыңдаған қызын өзі қорғап, қырын­даған жігітті жұдырықпен бір қойып қалатын батылдық Қайратта жоқ. Қызын біреу қорғап береді, өзі қарадай шетте ентігіп тұр. Ақыры, көркем фильм емес пе, әншінің өзі көлденең адамды өзі бір персе жігіттігіне жарасар-ақ еді.

Сонымен не керек, әншіміз Асанәлі Әшімовтен бата сұрайтын тұсқа әрең жеттік. Тақпақты дұрыс жаттамаған балаға ұқсап, айтатын мәтінін әрең айтып шыққан Қайраттың өмірінің бұл тұсы да жасандылық пен пафосқа толы. Өкінішті.

Әділдік үшін, картинада көңілге қонатын бір ғана сәтті айтпай кетпеуге болмас. Арбаға таңылған науқас баланы Ақтауға іздеп барып, ән айтып беріп, көңілін жұбатуы жұлдызға жарасып тұрды. Дәп осы арада Қайраттың  әнші болғалы бері әрекетінің кілті табылғандай.

Егер әншіміз атын шығарғысы келсе, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетіп, сыймай бара жатқан қаржысын сауапты істерге жұмсап, соны «пиар» жасай берсе де абыройы арта түсе бергендей екен. Халықтан жиылған дүниені халықтың өзіне қайтарып беріп жатқан жігітті сонда кім жек көрер еді?!

Әйтпесе, қайдағы бір құдай сүйер бір қылығы жоқ Сәния дейтін (ол да кальян шегеді) қыз үшін анасын ренжітіп, досын тәрк етіп, темекі будақтатып, казиноға қашып кететін, айналып келгенде ақымақтығымен досын мүгедек етіп тынатын әншінің қылықтары (картинаның 30 пайызы ойдан құрастырылған)  Қайрат Нұртастың саналы түрде абыройын түсірмесе, имиджін жақсартпайды. Мұның бәрі әншінің беделін түсіруге мақсатты түрде бағытталған сәтсіз жоба деп білу керек. Продюсерліктің қыр-сырын әбден меңгеріп келе жатқан Қайраттың анасының осыны ескермеуі өкінішті. Әйтпесе, бұл кісінің алымдылығы мен шалымдылығына тәнті болып жүргенбіз.

Бақандай 5 мың доллар алып, баратын тойына бармай қойған әншіні шешесі аяқ астынан қатты ауырып, қызуы көтеріліп қалды деп қорғаштаса, әкесі: «Шешеңнің жүрісі мынау, қайтсем сені өнердің шыңына шығарамын деп…», жерден алып, жерге салады. Қайрат Нұртас жайлы фильмнің ең шынайы тұсы мен шындығы осы ғана. Ал мұны жарты миллион ақша шашып, жарты әлемге жаюдың қаншалықты қажеті бар еді? Кино да қасиетті өнер. Қолжаулық ете бергенді қаламайды.

Өкініштісі сол, қазір өнердің барлық саласына қатысты өнертанушылар мен сыншылардың жұмған аузын ашпай отыруы, жаңа жұлдыздардың орындаушылық шеберліктері жайлы орнықты пікірлердің болмауы Қайрат сияқты әншілеріміздің өрескел тірліктерімен өрнектелуде. Әйт­песе, Қайрат Нұртас аспаннан аяғы салбырап түскен адам емес, өз әншіміз.

Қалай десек те, бұл жолдар әншіде кеткен кегімізді, Қайратта қалған өші­мізді алу үшін жазылып отырған жоқ. Дауысында өзіндік драма, жүректі баурайтын діріл бар дарын иесі өнердің шыңына мұндай төте жолмен шығуға болмайтындығын түсінсе болғаны. 

Шоу-бизнесте жүрген басқа жас­тарымыз да өнердің басқа шауып, төске өрлегенді қаламайтындығын білуі тиіс.


Тегтер:

музыка

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!