Асқар Жұмаділдаев: Біздегі өнертабыс деп жүргеніміздің 90 пайызы – бос сөз

Фотография - Асқар Жұмаділдаев: Біздегі өнертабыс деп жүргеніміздің 90 пайызы – бос сөз

Асқар аға, сіз математик, ғалым, ұстаз ретінде әлем мойындаған, қазақ­тың маңдайына біткен біртуар тұлғаның бірісіз.

399 0

Асқар аға, сіз математик, ғалым, ұстаз ретінде әлем мойындаған, қазақ­тың маңдайына біткен біртуар тұлғаның бірісіз. Нақтылықты қажет ететін осы математика бойынша әлемдік сайыс­тарда талай дамыған елді шаң қап­тырған, өзіңіздің ізіңізді басар қара­домалақтар да жетерлік. Жалпы, қазақ баласының бұл қарым-қабілетінің құпиясы неде деп ойлайсыз?


– Мен қазақтың айрықша құпиясы бар деп айта алмаймын. Қазақтың өзге халықтан асып кетіп бара жатқан ештеңесі жоқ, бірақ кеміп бара жатқан да ештеңесі жоқ. Бұл ара­дағы әңгіме бапта. Біз «қазақ көшпенді бол­ған, ат құлағында ойнаған, батырмыз, өрміз» деп көп мақтанамыз. Бұл – жай бөспелік. Әйтпесе қазір әлемдік ат жарыстан неге қазақ баласы чемпион атанбайды?


Қазақ жастары арасынан математиктер­дің көптеп шығуы, тағы қайталап айтамын, баптың күшейгендігінде. Қазір матема­тикада мықты бап та, бапкер де, шабандоз да, мақ­сат та бар. Осының барлығы жұмыр жұдырық құсап жұмылып тұр. Сондықтан мықтымыз. Барлық құпия осында ғана. Басқа түк те емес. Мәселен, сол ат жары­сынан алға амбициялық мақсат қойып, бүкіл потенциалды соған жұмылдырсақ, одан да чемпион жасай аламыз. Бұл арада да солай...


– Соңғы кездері О.Жәутіков атын­дағы Республикалық физика-матема­тика мектебімен тізгін қағыстыратын арнайы мектептердің қатары біртіндеп артып келеді. Осындай қасиетті білім ордасынан түлеп шыққан дарынды балалардың потенциалын мемлекетіміз игілігіне жаратып отыр деп айта аласыз ба?


– Қазақстанда ең мықты мектеп қайсы десеңіз, екеуін атар едім: О.Жәутіков атын­дағы Республикалық физика-математика мектебі және қазақ-түрік лицейлері. Қалғаны олардан кейін бой көрсетеді. Әрине, бұл құ­былыс ұдайы сақталып тұрады деп кесіп ай­туға болмайды. Әрдайым кіл мықты өзін-өзі дәлелдеп отырады. Мүмкін, алдағы жылдары Назарбаев зияткерлік мектептері суырылып алға шығар, бұған уақыт төреші. Қалай дегенмен де бұл – кәсіби бапқа бай­ланысты нәрсе. Мәселен, Республикалық физика-математика мекте­бі­нің директоры, өзімнің шәкіртім, менен төртінші болып кандидат­тығын қорғаған Қайрош Мақышев білім беруге кәсіби тұрғыда қарап отыр. Ешқандай халтурасыз, боямасыз, жаса­мыссыз. Қазақта сондай бір көпсөзділік бар. Бұл арада оның керегі жоқ. Анау-мынауға бас ауыртпай, балаға мықты есеп беріп, соны халықаралық, өзіндік өлшеммен талдап, талапты кемітіп-үдетпей бірқалыпты етіп шығаруға барлық күш-жігерді жұмсау қажет. Спортта адамды күнде қалай дайындайды, сол секілді мұнда да есеп шығарудың күнделікті режимі мықтап түзілген. Сондықтан нәтиже бар. Бұл – бір.


Бастысы, Республикалық физика-мате­матика мектебіндегі оқыту әдісі – баяғы Ке­ңес Одағынан келе жатқаны, мұнда еш­қандай өзгеріс болған жоқ. Өкінішке қарай, соңғы кездері біз анда-мұнда көп еліктеп кеттік. Мұндай далақтау бұл жерде жүр­мейді. Халықаралық білім додаларында оза­тындар кімдер десеңіз, баяғы Кеңестің, орыстың әдісімен дайындалғандар. Бар өмірімнің барысында бұдан басқа керемет әдісті кез­дестірген де, көрген де емеспін. Түріктердің де ешкімге жол бермеуінің құпиясы да  осы тәсілде.


Енді осы мектептің түлектеріне келетін бол­сақ, оның ішінде ығай да, сығай да бар. Көбіне біреулер мақтанып, басшылық қызметте жүргендердің атын атап, түрін түстеп жатады. Мен үшін олар нөмірі бірінші адамдар емес. Әрине, бапкерлері жақсы, бастық болғаны да жақсы. Алайда бұл ретте Абайдың былай айтқаны бар, мен соған жүгінемін:


Түбінде баянды еңбек егін салған,


Жасынан оқу оқып, білім алған.


Би болған, болыс болған өнер емес,


Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.


Жалпы, билік ету, бастық болу аса білімді қажет етпейді. Оған осы мектептің «троеч­никтері» де жарай береді. Бұл арада мықты­лары – ғалымдары. Мәселен, олардың ара­сын­да ғылыми тұрғыда мықты жаңалық ашқандары бар. Уалбай Өмірбаев деген жігіт сияқты. Не болмаса Яндекс жүйесінің негізін қалаушы Аркадий Волож бен Илья Сегалович. Бүкіл дүниежүзінен шыққан тұңғыш хакер – қазақ, аты-жөні Мұрат Өр­тембаев. Екеуіміз құрдаспыз, бірге оқы­ғанбыз. Өкінішке қарай, ол дүниеден озып кетті. Міне, бұлардың барлығы Респуб­ликалық физика-математика мек­тебінің түлектері. Бұл тізімді осылайша жаңылмай жалғастыра беруге болады. Бүгіндері бет-әлпеті айшық, шын мәнінде ғылым үшін еңбек етіп, із қалдырып жатқандар кімдер десеңіз, тағы да осы мектептің түлектері дер едім. Сондықтан олар өз потенциалын бар­лық қабілетімен көрсетіп жатыр деп айта аламын. Елде болсын, жырақта болсын. Ал оны мемлекет игілігіне дұрыс пайдалана алып отыр ма, ол жағын білмеймін. Нақтысы – олар еңбекке, ғылымға мықтап шың­дал­ғандар.


– Қазір сапалы адам капиталы үшін әлемде күрес қызып тұр. Дарынды оқушыларды шетелдіктердің түрлі ұсыныспен қызықтырып, сыртқа іліп әкетпеуі үшін қандай да бір шара қолдану керек деп ойлайсыз ба?


– Меніңше, бұл арада бір нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Мәселен, Қазақстанда отыз шақты әл-Фараби болған десеміз. Бірақ тарихта әл-Фараби деген бір-ақ ғұлама кісінің аты қалды. Неге? Өйткені ол дер уақытында шетелге кетіп қалған. Ал ол осында қалса не болар еді? Батыр болып, бай болып, қымыз ішіп, қазы-қарта жеп, бір жерде сайран салып жүрер еді. Басқа ештеңе болмас еді.


Ғылымның өсіп-өнуі үшін ғылыми орта керек. Ғылыми ортаның пайдасы – бойыңызға қанат бітіреді, ойыңызға шабыт береді, дұрыс бағыт-бағдарды көрсетеді. Менде мынандай өлең жолы бар:


Тәуірлермен жүздескендер,


Тәуір-тәуір түс көреді.


Білетінмен із кескендер,


Қан сонарлы іс көреді.


Демек, тәуір адаммен сөйлессеңіз, сізге тәуір-тәуір ой келеді, қисық адаммен жүздессеңіз, қисық-қисық ой келеді. Сол себепті біздің балалар шетелге кетіп жатса, мен оған қатты қынжылмаймын. Ол жақта ғылым, ғылыми орта, қоры мол кітапхана-зертхана, мықты-мықты мамандар бар. Олардың арасында қазақ баласы жүрсе, бұл кемшілік емес.


Сол секілді біреулер жоқ жерден әңгіме туғызып, «қазақша білмейді» деп сөз таластырып жатады. Мұның бұл араға еш қатысы жоқ. Әлия Молдағұлова деген батыр қызымыз болды. Ол жетімдер үйінде өскен. Егер Әлия Молдағұлова батыр атағын алмаса, оны қазақ деп біреу іздер ме еді? Ертең біреу шетелде жүріп мықты жаңалық ашса, оны біздікі деп меншіктеп шыға келеміз. Ол кезде оның қазақша білетін-білмейтіндігінде шатағымыз болмайды. Оны ана тілін білуге, ұлттық болмысын сезуге бағыттап, қолпаш көрсеткеніміз дұрыс болады. Артыңда қалың қазақ елің бар, осы жердің ауасын жұттың, осы жердің суын іштің, туған еліңе құрмет қыл деп. Міне, солай етсек артық болмайды.


– Еліміздегі техникалық жоғары оқу орындары бойынша былтыр жүргізілген сауалнаманың қорытындысына сүйен­сек, олардан маман атанып шыққан­дардың тек 32 пайызы өз кәсібінің иесі екен. Ал қалған 68 пайызы бұл маман­дықты текке меңгерген болып тұр ғой. Бұл жоғары оқу орындарының білім беру сапасының нашарлығынан ба, әлде оның басқа да себебі болуы мүмкін бе?


– Бұл арада бізге қатысты білім беру жүйесінің сапасыздығы дегенді мүлдем қолданбас едім. Өкінішке қарай, соңғы кездері бізде осы сөз көп айтылып кетті. Оған негіз жоқ деп айта алмаймын.


Кеңестік дәуірде біздің білім беру жүйеміз мықты болды. Ғылымның екі түрі бар: гуманитарлық және табиғи ғылым. Соңғысына математика, физика, биология деген секілді ғылымдар жатады. Осындағы физика-математиканы оқыту жүйесі өте жоғары болды. Ал тарих, философия сияқты ғылымдар партия идеологиясымен түзілді. Сондықтан оларды түзеу керек, ол рас. Ал жаратылыстану ғылымдарының оқыту әдісін жөндеудің керегі жоқ.


Соңғы кездері жаратылыстану ғылымын оқыту саласында кішкене артқа кеттік, өйткені батысқа қатты еліктедік. Балаға ұрыспау керек, баланы мақтауымыз қажет деген әңгіме көп айтылады. Дұрыс. Бірақ, кешіріңіз, баланың басын істету үшін күшті, қиын есеп беруіміз керек. Одан бала ұтылмайды. Баланың жүйкесіне тиіп кетпейік, үнемі қуанып жүрсін, балалық шағы мәңгі болсын деген бос сөз. Ол қашанғы мәңгі бола береді?!.


Кеңестік жүйенің артықшылығы неде? Ол бала қабілетін жетілдіретін дұрыс есеп беретін. Осы жағынан алғанда, біздің жүйеміз мықты болатын. Иә, еліктейміз деп керіге кетіп қалдық. Бірақ мен мұны уақытша дүние деп ойлаймын.


Жұрттың бәріне бірдей жағыну мүмкін емес. Константин Кинчевтің «Я не червонец, чтобы нравится всем» деп аяқталатын өлең жолы бар. Сондықтан жұрттың барлығына жағамын дегенді қою керек. Бірақ ғылымда мықтылар бар ма, жоқ па? Мықтылар таусылып қалмай ма? Міне, әңгімені осылай қозғау керек. Егер мықтылар жоғалып кетсе, мен өкінер едім. Бірақ әзірше мықтылар жоғалған жоқ, мықтылар бар, бірлі-жарым болсын жаңадан шығып келе жатқандары тағы да бар. Қалғанында шатағымыз бол­мауы тиіс.


– Зиялы қауым өкілдері білім берудің қазіргі қолданыстағысының тиімсіздігін талай мәрте дәлелдеп, бұрынғы кеңес­тік жүйені қалыпқа келтіруді биліктен, салалық ведомстводан үнемі сұрап келеді. Бірақ олардың бұл мәселеге бет бұрар түрі жоқ. Қалай ойлайсыз, неге?


– Оны білмеймін...


– Таяуда білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов еліміздегі жоғары оқу орындарын қысқарту керектігін айтты. Бұл ойға қалай қарайсыз?


– Бұл – дұрыс, қолдайтын нәрсе. Мысалы, Ұлыбританияның әрбір дерев­нясында бір-бірден университет бар. Өйткені әлемде ағылшын тілін меңгергісі келетіндер көп. Ағылшындар ақша беретін адамдар табы­лып жатса, олар ондай мүмкіндікті қалай қалт жіберсін? Бізден барғандардың көбісі бажайлай бермейді. Мәселен, Оксфордтың екі түрі бар. Біреуі – тарихы 600 жылдық Оксфорд, екіншісі – кеше ғана ашылған техникум. Тек атына жай әшейін Оксфорд деген сөзді қосып қойған. Сол секілді Кембридждің де екі түрі бар: біреуі – 800 жылғы Кембридж, екіншісі – педагогикалық училище. Бізден барғандар соны ажырата бермейді, екіншісіне барады. Содан мұнда келіп Кембриджде оқып жатырмын деп шалқаяды. Ал ол университеттің деңгейі, мысалы, біздің Қостанайдағы университеттен алып бара жатқаны шамалы. Біреулер кеше аттандап «Нобель медалін алыпты» деп ұлардай шуласып жатыр. Бұл да сол секілді. Нобель сыйлығы бар. Ол – бір төбе. Ал Нобель медалі, грамотасы, дипломы дегендер толып жатыр. Нобель премиясы мен Нобель медалінің арасы миллион шақырым. Өкінішке қарай, біз осындай парықсыз нәрселерге әуес боп кеттік. Өңкей бір жылтыраққа: өтірік диплом алғандар, өтірік академик-докторлар толып кетті. Жалған академия да қаптап алған. Өйткені бізде ақшасы бар, осындай жасамыс дүниелерге құмарлар көп. Олар­дың ақшасын неге пайдаланбасқа? Біреулер оны жақсылап пайдаланып та жүр.


Университет неге көбейіп кетті? Өйткені бұл – нан табудың ең оңай жолы. Министр­дің өзі олардың кейбірінің артында шенді-шекпенді тұрғанын айтты. Қазір дала кезіп қой баққаннан университет ашып алған әлдеқайда тиімді. Мәселен, оқу ақысы бір мың доллар делік, алдыңызда мың студентіңіз болса, жылына 1 миллион дол­лар табысыңыз дайын тұр. Оның жартысы қызметкерлері, қызмет түрлері шығынына кетсе, қалған жартысы қалтасына түседі. Міне, осындай таза табысты қуалап, білім сапасынан шатағы жоқтарды жабу керек. Қазақстанда 150 университет бар екен. Бұл тым көп. Іскер басшы болғаннан кейін, бұлайша икемге келтірейін дегені, бір жағынан, дұрыс. Бірақ бұл жерде әкімшілік жолмен қысқарту келіңкіремейтін секілді. Бірден белден басуға болмайды.


Кейбіреулер жекеменшікте білім жоқ, бәленбай-түгенбай деп жатады. Бұл – қате пікір. Мемлекеттік университеттердің қаты­рып жатқанын байқамадым. Рас, олардың аты бар, тарихы бар. Басқа несі бар?


Мемлекеттік университеттер мемлекеттік деген аты болмаса, онда да үлкен ком­мерциялық бөлімдер бар. Мысалы, эко­номика, құқықтану салаларында грант мүлде жоқ деуге болады. Бұларға барлығы коммерциялық негізде түседі. Сол секілді мұнда замана талабына икемделу деген жоқ.


– Кеден одағын құрдық, Дүние­жүзілік сауда ұйымына енейік деп жатырмыз. Бірақ отандық кәсіпкерлік әлі шыңдалған жоқ, бәсекеге дайын емес. Мемлекет арнайы бағдарлама қабылдап, барлық жағдайды қарас­тыруға тырысып-ақ жатыр. Бірақ әлі тығырықтан шығар түріміз жоқ. Сіздіңше, бұл арада ұтымды жол қандай болуы мүмкін?


– Мен ешқашан бизнеспен шұғылданған емеспін. Бірақ бір бизнесмендерге кеңес берген кезім болды. Біреулер орайы келгенде маған көлік сыйлап жатады, ұялы телефон ұстатады, тағысын тағы. «Неге?» деп сұрасам, «Аға, маған кезінде дұрыс ақыл айтқансыз, сіз сілтеген бағытпен, сіз көр­сеткен амалмен оның барлығы орындалды» деп ризашы­лығын білдіреді. Мен жұртқа ақыл айтуға «шеберлік таныт­тым». Бірақ оны өзім орын­дай алмадым. Бизнес – өз алдына бөлек жатқан бір өнер. Оған ма­шықтану керек, жүрек қалауы болуы қажет. Менде ондай жоқ.


Негізінен, менің ойымша, біздің бизнес­мендердің көбі алып-сатуға әбден дағды­ланып алған. Алдауға, алып­сатар­лыққа. Біздегі бай деп жүргендердің 99 пайызы – кезіндегі обкомның І-хатшылары, колхоз­дың басшылары, мекеме бастықтары. Сол басшылар жекешелендіру кезінде қолда бар зауыт-фабрикаларды меншігіне басып қалды, бірақ біреуі сол нысанның жұмысын жалғастырмады. Оның бәрін мейрамханаға, қонақүйге, сауда дүкендеріне айналдырды. Сатып-бұтып, құртты. Осылайша олар ақша табудың оңай жолына үйреніп алды.


Америкада 15 пайыз табыс түссе жұмыс істейді. Ал бізде 100 пайыз пайда болмаса, ешкім саусағын қимылдатқысы келмейді. Өйткені дайынды, мұнайды, газды сату секілді жеңіл жұмысқа әбден үйреніп алған. Өзі бір нәрсе ойлап тауып, содан табыс жасауға машықтанбады. Бұл – бір жағы. Бүгінгі күнге дейін Үкімет те оған жағдай жасамады.


Мысалы, Алматының «Первомайка­сында» бір жігіт тұрады, шелек пен күрек шығаратын шағын зауыты бар. Кезінде ақылдасып, сызбасын есептеп, біраз бас қатырғанбыз. Мәселен, күректі жасап шығару үшін 18 технологиялық цикл жүзеге асырылады екен. Темірді кесесің, балқытып құясың, бұран­дасын орнатасың – талай операция. Оңай жұмыс емес. Бізге шелек пен күрек шетелден импорт болып келеді: Қытайдан, Украинадан, Ресейден, тағысын тағы. Елімізде жылына кем дегенде 2 млн күрек, 3 млн шелек сатылады екен. «Осыны шығара алмауымыз менің намысыма тиді. Содан осындай зауыт жасадым, қаншама қиын­шылықтан өттім, бірақ барлығына шыдадым» дейді әлгі бауырым. Қазір шығынын жауып, табысқа шыға бастапты. Алып-сатумен айналы­сатындарға кәдімгі­дей бәсеке туғызып, олардың кейбірін нарықтан ығыстырған да жайы бар. Табысы жақсы, жұмысы өнімді. Бізде, міне, осындай әңгіме болуы керек. «Бауырым, өмір бойы жұртты алдауменен өмір сүремін деген болмайды, одан да шелек жаса, күрек жаса, ең құрығанда бәтеңкенің бауын жаса, жұмысың өнімді болады» деген секілді. Кәсіпкерлердің психологиясы осылайша өзгеруі керек. Президент таяудағы кәсіп­керлермен кездесуінде: «Сендерді тыңдап, барлық жағдайларыңды жасауға тырысып келеміз, ал өздерің мемлекет үшін не істедіңдер?» деп ортаға дұрыс сауал тастады.Қарап тұрсаңыз, біздің мемлекеттің салық жүйесінде мін жоқ. ТМД ішінде қосымша құн салығының ең азы бізде екен. Бірақ осы жеңілдіктердің барлығын пайдаланып жатқандар отандық тауар өндірушілер емес, сырттан келетіндер. Германияға барсаңыз, бизнес жасауға бір орын таба алмайсыз, бәсекелестік қатты. Нарыққа шықсаңыз, бірден ұтыласыз. Оның жанында бізде жұмыс істейтін бағыт өте көп. Бірақ осылай қарай біздің бизнесмендер мойын бұрмай жатыр. Барлығы дайын асқа тік қасық боп үйреніп алғандар. Алдында айттым ғой, біздегі іскер дегендердің 99 пайызының байлығы ұрлықпен келген. Ол біткен соң, мүмкін, бастарын кішкене істете бастайтын шығар. Белгілісі, сол байлығы таусылмай бастарын істеткісі жоқ.


Бізге сүтті Қаскелеңнен гөрі Минскіден әкеліп сатқан әлдеқайда тиімді екен. Неге олай? Өйткені белорустар барлығын баспен істеді. Онда бұрынғы колхоз, зауыттар сақталып қалған, тиімді технологиялар жұмыс істеп тұр. Ал біздікілер немен істей­тінін білмеймін. Әйтпесе логикалық тұр­ғыда сүтті Қаскелеңнен әкелген тиімді болуы керек қой. Сүт шығаратын кәсіпорын дамуы тиіс еді. Ал бізде барлығы керісінше болып жатыр.


Тағы бір мысал. Алматының тең жар­тысын АДК салған. Қазір оны сыпырып тас­тады да, орнына ғаламат бір сауда дүкенін салды. Бұл не? Біздегі жеңіл өнеркәсіптің ірі нысаны – АХБК. Ондай мақта-мата ком­бинатының жақын елде теңдесі жоқ болатын. Бәленбай техноло­гиялық циклді қамтитын жекелей көп цехы бар-тын. Оны да сыпырып тастады, орнынан мебель дүкені бой көрсетті. Бұл – мүлде дұрыс емес саясат. Осыған дейін Шымкенттің костюмін киіп келдім. Жетісу аяқкиім фабрикасының да көзін жойдық. «Егер сол фабрика қайта іске қосылыпты десе, бірінші маған айты­ңыздар, мұндай хабарды жеткізген адамның иығына шапан жабамын» деп әлдеқашан хабарлағанмын. Әлі күнге менен сүйінші сұраған адам болмады. Оны тағы да қайта­лап айтамын. Бұлайша біз алға дами алмай­мыз. Өйткені біздің тірлігіміздің барлығы көзбояушылық, ебін тауып, алып-сату болып кетті. Мінекей, біздің артта қалып отырғандығымыздың себебі осы. Сондықтан бұл жерде Үкімет те, кәсіпкер де екі жақтап бір мүддеге жұмыс істеуі керек. Алып-сатуға емес, баспен істейтін іске.


– Бас демекші, Қазақстан ТМД елдері ішінде өнертапқыштығымен үшінші орыннан көрінеді екен. Алайда, өкінішке қарай, сол ойда бар идеяны өндіріске енгізу жағына келгенде, қатты қағажу көрудеміз...


– Біздегі өнертабыс деп жүргеніміздің 90 пайызы – бос сөз. Өнертабысты патентпен өлшейміз. Біздің алып жатқан патент­тері­міздің 90 пайызы ауыл-аймақтың дең­гейіндегісі, яғни Қазақстаннан басқа ешқай жерге жарамайтын патенттер. Егер өнер­табы­сыңызды әлемдік деңгейге шығарамын десеңіз, әлемдік деңгейден патент алу керек. Ол үшін ақшаңыз болуы тиіс, кә­дімгідей шығындалуыңыз қажет. Бұл – заңдылық. Бірақ мен білетін біздегі өнер­тапқыштың барлығы алақанын жайып, Үкіметке қарайлайды. Олай болмайды. Бұл арада сіз өзіңіз тәуекелге бас тігуіңіз керек. Шын мәнінде мықты бір нәрсе ойлап тап­саңыз, қаржы тауып, оны әлемдік деңгейге шығарыңыз. Әлем оны қолданып жатса, әлгі шығыныңыз мың есе боп өтелер еді. Бірақ жұрт бұған неге бармай отыр? Өйткені патенттеріміз ауыл-аймақ ара­сындағы ғана.


Есіңізде болса, он жыл бұрын бізде 200-300 долларлық компьютер шығарылады деген әңгіме болған. Сол секілді он жыл бұрын кремний зауытын саламыз, чип жасай­мыз деген сөз қозғалған. Соның бар­лығы қайда? Біреуі де жоқ. Демек, біздегінің барлығы – жай науқаншылдық, ұран­шылдық. Оған арасында журналистер де үлес қосып қояды. «Бәленбай қазақ әлемде теңдесі жоқ түгенбай дүние жасап шығарыпты» деп далитып айғайлатады келіп. Керемет болса қайда соның бар­лығы? «Айдағаным – бес ешкі, ыс­қырығым жер жарады» дегенге саяды біз­дегілер.


– Бірақ ғылымға бетбұрыс қажет қой...


– Кейде маған «сен Президентті көп мақтап жіберіпсің» деп айтады. Кешіріңіз, мен біреу туралы айтсам, оны мақтаймын немесе жамандаймын деп айтпаймын. Мен білгенімді, көргенімді айтамын. Білмесем немді айтамын. Егер Назарбаевтың істеген жұмысы дұрыс болса, оны неге мен мақтамаймын? Соңғы кездері ғылымға ақша бөлініп жатыр. Бұрын бір грантқа зар болғанбыз, биыл үш грантты еншіледік. Демек, Үкімет ғылымға бет бұра бастады. Ғылымға қаражат бөлінуі бөлініп жатыр, бірақ мәселе – соны жүзеге асыратын адам жоқ. Мысалы, грантты жеңіп алған менің үш жобам бар. Соны жүзеге асырайын десем, жұмыс істейтін адам жоқ. Ебін тауып, өзімізде болмаған соң еріксіз өзбектен маман шақырайын деп жатырмын...


– Құпия болмаса, ғылыми грантқа ие бұл жобаларыңызбен танысуға бола ма...


– Бұл – есеп, формула. Оны қара­пайым адамдар түсіне бермейді. Мәселен, соңғы қолыма алып жатқан жобам эволю­циялық алгебра деп аталады. Бұл био­логияға қатысты. Жан-жануардың неше түрі болады. Мысалы, бір жасушалы жануар болады, оны амеба дейді, ол еркек те, ұрға­шы да бола береді, солай өзінен-өзі бөлініп отырады. Мұндай жануардың құрылысын зерттеу терең ғылымды талап етеді. Гене­тиканың өзі – керемет ғылым. Соңғы кезде осыған математиканы қол­данып жүр. Біз сол математика мен алгеб­раны қолданып, жануардың қасиетін зерт­темекшіміз. Бір ай бұрын сол ұсынған жобамыздың нәтижесі келді. Біздің жобамыз конкурстағы бәсекеде 54-тің 50 балына ие болыпты. Ең жоғары ұпайды еншілеппіз. Өзіңіз білесіз, бізде ғылыми жобаны шетелдік сарапшылардың талдауына жібереді. Конкурсқа 1500 адам қатысты, одан өткендері 300-дейі ғана. Қалғаны далада қалды. Бұл шын мәнінде сапаның, талаптың жоғарылағанын көрсетеді. Бұрын пікірдің барлығы өзімізден болатын. Беке, Сәке деп ол өз арамызда қазақбайшылықпен шешілетін. Қазір ондайға жол жоқ. Осы конкурсқа қатысқан бір әріптесім өз жобасына 50 млн теңге сұрапты, сөйтсе оған зорға деп 5 млн теңге бөліпті. Өйткені рецензент былай деп жазады: «Ол қулық қылып отыр, 45 миллионның аспабын 45 мыңға алуға болады. Ол орыстың ескі-құсқысын алғысы келіп отыр, сондықтан бұл жұмыстың бағасы 50 миллион емес, 5 миллион десек те артық болады». Ал мен 5 млн теңге сұрағанмын. Олар, керісінше, маған 6 млн теңге беріпті. «Мынау керек идея екен, біз оны білмеппіз, оған 5 млн теңге аз болады, тағы қаржы қосу қажет» деп ескерту айтыпты, яғни ақшаны аз жазғанымыз үшін біздің балымызды кеміткен.


– Жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Алайда сол грантқа бөлінген ақша қолға жетемін дегенше азайып қалатын көрінеді ғой...


– Ондай бар, рас. Бірақ бұл – тек бізде ғана емес, барлық жерде кездесетін жайт. Қолдан қолға өткенше бөлінген ақшаңыз шынымен де азайып қалады. Сонда қолыңызға түсетіні, баяғы сол жалақыңыз. Бірақ біз осыған дейін соның өзіне зар болдық қой. Біз неге ырза болуды білмей­міз? Адамда қанағат деген болуы керек. Біреу еңбегіңізді ескеріп жатса, рақметіңізді айтып, ризашылығыңызды білдіруіңіз тиіс қой. Үкімет ғылымды қарық қып, сұмдық қатырып жатыр деп айт­паймын. Жалпы, адамгершілік тұрғысынан келейік. Шыны­мен де бізде ғылымға деген көз­қарастың өзгергенін, бетбұрыстың барын мойын­дауымыз қажет.


– Тұшымды әңгімеңізге рақмет, ісіңізге сәттілік тілейміз!




Сөз сарасы


Жұрттың барлығына жағамын деу – бос сөз. Жазған соң салиқалы мәселені қозғаған дұрыс. Мәселен, бір шұңқырға сиыр түсіп кетсе, барлық телевидения шулап сол арада жүреді. Дабыра қып оны барша жұртқа сенсация қып жариялайды. Ал сол шұңқырды біреу бітеп, жөндеп қойса, ол туралы ешкім тіс жармайды. Түк болмаған секілді. Негізі, журналистер сол шұңқырды жөндеген адам туралы жазуы керек. Ал сиыр құлаған екен, онда тұрған не бар? Қазіргі насихат гуманды, позитив түрінде болуы тиіс. Қазаққа жетпей тұрғаны да – осы.


Тегтер:

мәдениет

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!