Қазақтың қазіргі әншілері мағынасыз әндер ғана айтуда

Фотография - Қазақтың қазіргі әншілері мағынасыз әндер ғана айтуда

Ал қазір бүгін естісең, ертең ұмытып қалатын әндер көбейді

387 0

Ән өнері – киелі өнер. Қазақ әнімен асқақтаған халық. Бірақ «әннің де естісі бар, есері бар» деп оны бағалай да білген. Есті ән ұйықтап жатқан жүректі оятады, жүрек қылын тербеп, адамға түрлі ой салады. Адамды қанаттандырады, жүрегін ізгілікке бөлейді.

Ал қазір бүгін естісең, ертең ұмытып қалатын әндер көбейді. «Әу демейтін қазақ жоқ» деп бүгінгі таңда сахнаға шығып ән айтып,  тіпті бір айда бірнеше бейнебаянның тұсауын кесіп, әнші атанып жүрген жандар жетерлік. Сондықтан болар саны көп, сапасы аз қазақ әндері көбейіп барады.Адамның жан сарайына үңілер  бір құдірет болса, ол – поэзия, ол – ән. Күндіз-түні  шетелдің даңғаза музыкасынан  әбден шаршаған  тыңдарман ұлттық эстраданың ұсақталып кетуінен қауіптенеді. Қазіргі заманның сазгерлері  музыка өнерін бизнеске айналдырды. Бәрі жасанды, бәрі асығыс, бәрі шала бейнеклип, ұлтқа қызмет етпейтін кинолар қара шыбындай қаптады.Оның үстіне өнерпаздарымыз бесаспап болып алды ма,  өзі жазады, өзі айтады. Қазіргі таңда «тыңдаушының құлағын тескен» есер дауысты әншісімен бірге, талғам-талаптан жұрдай, мағынасыз, дені дұрыс емес, дүмбілез,  мәнсіз мәтіндер қаптап кетті.Сыры терең, ұлттық бояуы қанық әндерді табу қиындап барады.

Мысалы, Айқын Төлепбергеннің орындауындағы:

«Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс,

Шат-шат-шат қиялыма ілес.

Қандай ыстық жүрегімнен сүйіс,

Сызылған кірпігімнен күй ұш», – деп орындалатын әннен не айтып тұрғанын әншінің өзі де түсінбейтін шығар. Және  мынандай да сөздер бар: «Сәнің, тәнің, талғамың өзіңде, Және мендей жігіттің қарсы емессің етуіне» дейді. Масқара.

«Мен сені сүйеді екем,

Атыңды жаттай алмай,

Мен сені сүйеді екем,

Жыласам тоқтай алмай», – деп әндетеді жас әнші Сырым Исабаев. Не мән бар осы мәтінде… Атын жаттай алмай, жыласа тоқтай алмаса, бұл қандай махаббат?

Кешью«Kешью»  тобының жаңартылған құрамындағы алғашқы «Асықпа» әні тыңдармандарын «асықпай-ақ» баурап алды десек, қателеспейміз. «Сабырлы жетер мұратқа» дей ме, ол әннің мағынасы да асығып құрылған сыңайлы:

«Асықпа!

Егер іздегенің сезім,

Аңсағаның да махаббат болса,

Жүрегіңмен мені сезіп,

Ғашық көздерің от боп жанса.

Сенің маған махаббатың бара-бара, жана-жана жалған болмай ма?

Сенің маған берген сертің соңында жауапсыз қалмай ма?» деп ән мәтіні сұрақпен ұйқасқа ғана құрылған.

ордаЖастардың сүйікті әуеніне айналып ғашық қылған  «Орда» тобының  ұйқас қуған «Ғашықсың ба» әнінің мәніне зер салайықшы:

«Жанарымнан көзіңді алмай

Бір үмітпен қарадың-ай.

Айтшы маған,

Мен саған ұнадым ба?

Қарай бермей,

Ұнатсаң, кел жаныма,

Баурап мен алдым ба?!

Ғашық болып қалдың ба?

Сүзіліп қараған,

Жігітің тұр алдыңда,

Айт енді сырыңды,

Жасырған қулығыңды,

Тәтті қылығыңды айт енді құлағыма».

Сонда бүгінгі жігіттер қызға бірінші болып сөз айта алмайтындай жігерсіз бе еді? «Мен саған ұнадым ба?» деген сауал тастаған жігітке не дейміз?

бейбітОның үстіне Бейбіт Қорған:

«Ойлашы, ойлашы,

Мені бір сәт ойлашы,

Ойлашы, жаным-ау,

Оны ойлап қоймашы» деп қызға жалынады…

Иә, қаншалықты сынасақта, дәл осы әндер уақытында «хит» болды, бола да береді… Өйткені,  бұл әндер бүгінгі тыңдарманның  талғамы.  Әлде, біз сөз бен әннің жүйесін, киесін түсінбейтін жағдайға душар болдық па?

Мұндай мағынасыз  сұраққа толы мысалдарды тізіп тауысу мүмкін емес те шығар… Ән – көптің күш қосып бірігуінен туатын жалпылама өнер емес, жеке тұлғалардың ілуде біреуіне ғана қонатын жалқы өнер, дара қасиет. Сондықтан ән қасиетін ұға білген арғы ата-бабаларымыз әншілерді жеке-жеке бағалап, әр әншінің дарынын жеке-жеке тани білген. Әр әншінің өз биігі, өзіндік ән айту ерекшелігі болатынын таныған. Аспанға өрлетіп, асқақтата салуына қарап Біржанның, бабымен қалықтатып, сыңғырлай шыққан сұлу сазбен сылқым айтылуына қарай Ақан серінің, күмбірлей төгілетін кең тынысына орай Үкілі Ыбырайдың туындысын немесе кекке толы ашулы үнмен естілуіне сәйкес Жаяу Мұсаның туындысы екенін халық ешкім нұсқап айтпаса да біліп отырады. Сондықтан танымы кең, талғамы биік бабалар салған өнерді қадірлеп, жандандырып сол жолдан жаңылмасақ екен…

Айдана ҚУАНЫШЕВА


Тегтер:

музыка

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!